Сарыкөлдік Лаура Әлмағанбетова Азия біріншілігінде үшінші орынға ие болды

 Қырғыз елінің астанасы Бішкекте күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында 57 келіде сынға түскен Лаура Әлмағанбетова қола жүлде үшін күресте жеңіске жетті.

Ол бұл белдесуде қырғыз спортшысы Сезім Жұманазаровамен күресіп, 5:0 есебімен басым түсті. Лаура іріктеу кезеңдерінде оңтүстік кореялық спортшыдан 8:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Алайда финалға шығар сында жапон балуаны Цугуми Сакурайдан 10:0 есебімен ұтылды. Себебі, ол қарсыласы 3 дүркін Әлем Чемпионы болатын. Бірақ, соған қарамастан біздің 25 жасар жерлесіміз  ересектер арасында алғаш рет Азия чемпионатының жүлдегері атанып отыр.

 

– Азия Чемпионаты мен үшін жақсы өтті. Алған әсерім өте керемет! Бұл менің ересектер арасындағы қатысқан бірінші Азия Чемптонатым, және де осындай жақсы нәтиже көрсеттім. Жарысқа келетін болсақ, бірінші кездесуде кореялық спортшыны 8:0 таза жеңіспен жеңдім, жартылай финалға жолдамада япониялық спортшы қызға жеңілдім, ол спортшы 3 дүркін Әлем Чемпионы болатын. Ал, қола медаль үшін Қырғыз елінің қызымен белдесіп, 56 секундта таза жеңіске қол жеткіздім. Бірақ, бұл белдесуге шыққан кезде психологиялық жағынан қиындық болды. Неге десеңіз, жарыс Қырғыз елінде  өткен соң және қарсылас сол жақтан болған соң, сондай-ақ,  трибунадан оған жанкүйерлердің қолдауы өте жақсы болды. Бірақ, маған бапкерлерім оған назар аудармай жақсылап күрес деді. Міне, намысты қолдан бермей, Қазақстан үшін,  еліме осы медальді алып келемін деп барымды салып, нәтжесінде жеңіске жеттім, – дейді жүлдегер жерлесіміз.

Лаура Сарыкөл ауданында туып-өскен. Орта білімді осы жерден алды, еңбек жолын да осы жерден бастады. Спортпен он жасынан бері айналысып келе жатыр. Сарыкөлдегі агробизнес және құқық колледжінің заң мамандығында, Қостанайдағы Ахаң атындағы университеттің дене шынықтыру факультетінде дәріс алған. Жастар арасында халықаралық жарыстарда да ел қоржынына талай мәрте жүлде салған өрендердің бірегейі. Бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сәндібек Сәрсеновтің қол астында жаттығады. Ал,  алғашқы жаттықтырушысы Урожайное ауылының тумасы  Азамат Туманов болса, одан кейін сарыкөлдік Марат Жұмабаевтан тәлім алды.  Осы орайда ата-анасының да үлесі зор. Қыздары жарысқа қатысқан сайын үйде отырып тақымын қысып, тілеулес болады.

– Лаура  кішкентай кезінен (4 сыныптын) бастап күреспен айналысады. Ол үйдегі екінші бала. Бала кезінен  нәтижелері жақсы болды. ҚР, Азия, Әлем Чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп жүрді, арасында жарақат алған кездеріде болды. Бірақ, соған қарамастан жарысты тастамай, өзін дамытып келеді. Қазір ересектер арасына ауысты. 2022 жылы 23 жасқа дейін жастар арасында Азия Чемпионы атанды. Ал, бүгінгі жүлде Лаураның ересектер арасындағы бірінші Азия Чемпионатыдағы жеңісі. Ана ретінде менің де алған әсерім өте керемет. Себебі, қызымның намысты қолдан  бермей, Қазақ елі үшін алып келген жеңісіне өте қуанамын, – дейді анасы Индира Әлмағанбетова.

 

Жалпы, спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата- бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» немесе «бірінші байлық – денсаулық», – деп бекер айтпаған. Соңғы жылдары Сарыкөл ауданынан белгілі спортшылар шығып, республикалық, халықаралық, әлемдік ареналарда ел үмітін ақтап, жоғары биіктерден көрініп жүр. Олардың бәрінің де мақсаты бала кездегі армандарына жетіп, белестерді бағындырып, спорттың шыңына шығу. Алдына осындай мақсат қойған   Лаура Әлмағанбетованы бүгінгі жүлдесімен құттықтап, алдағы уақытта да тек қана жеңіс тұғырынан көріне беруін тілейміз!

Айтпақшы, Лаура Әлмағанбетованы 17 сәуір күні әріптестері мен жанкүйерлері Қостанай темір жол вокзалынан қарсы алып, жүлдегер атануымен құттықтады.

Жарайсың, Лаура!
Жүлдең құтты болсын!

Руслан ӘЛКЕЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 9