Жанкелдин ауданында қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды

 Шөп көк, бәріне жетеді көп

Биыл су тасқынының пайдасы да зияны да болды. Пайдасына келер болсақ, шабындық пен жайылым бітік шықты. Күні бүгінге дейін шөп әлі сарғайған жоқ. Қысқа түсетін малдардыңда қоны жақсы. Көктем айында шаруа қожалықтары мен жеке адамдар шөп шабу науқанына білек сыбана кірісті. Олар техникаларын сайлап, орақтарын қайрап, ерте қамданды. Қазіргі кезде қажетті жем шөпті дайындап болды. Өздерінен артылғанын сатып жатыр. Бір орама шөптің бағасы бас кезінде 7 мың теңге болған. Ал, қазір бәсекелестік артып, баға құны 5-6 мың теңгеге төмендеді. Бұл қарапайым халық үшін өте тиімді баға.

“Биыл облыстық басқарманың тапсырмасы бойынша біздің аудан 105 мың тонна қысықы мал азығын дайындау керек. Яғни, жеке адамдарға 65 мың тонна болса, шаруа қожалықтары 45 мың тонна шөп дайындады. Былтырғы жылға қарағанда шөп түсімі жақсы. Әрі көк. Тұрғындардың малдары қыстан қысылмай шығады. Облыс берген тапсырманы толығымен орындадық. Алдағы жылы да осы межеге тоқтаймыз”,-дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев.

Қырдың да ойдың да шөбінің құнары жақсы. Қытымыр қыстың қалай боларын болжау қиын. Бірақ, биыл кез келген адамның төрт түлігі жем шөптен еш қысым көрмейтініне сенім мол.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 7