Жангелдин ауданы орталығынан ойын-сауық кешені ашылды

Жеке кәсіпкер, көп балалы ана Ұлболсын Сатанова «Қостанай облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Жангелдин ауданының Мансап орталығы» филиалына өзінің «KINOROOM» жобасын ұсынып, қайтарымсыз несие алуға ниет білдірген

Жеке кәсіпкердің жүйелі жобасы қолдау тауып, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мақұлдап, қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз несие алды. Отағасы Медет Ақшығанақұлы жұбайына қолдау білдіріп, іргетасы 1954 жылы қаланған үйді сатып алып, жаңа кейіпке енуіне күш салды. Әзірге сыртқы келбетіне өзгеріс жасаған жоқ. Себебі, құрылыс заттарының қымбаттап кетуіне байланысты қаражат мәселесі жеткіліксіз болып тұр екен. Жоба аясында алған азғантай қаржыға өз есебінен қосымша қаржы қосып, ішкі келбетін талапқа сай сәйкестендірген. 70 жыл тарихы бар үйдің бөлмелеріне өзгерістер енгізіп, сапалы құрылыс жұмыстарын жасаған. Аудан жастары мен жас отбасылардың бос уақыттары тиімді өтуіне ықпал жасаған жеке кәсіпкер арнайы караоке бөлмесін ашып, әсем безендіріп қойған. Оның сыртында балаларға да жағдай жасалған. Ата-анасымен еріп келген балалар оңаша бөлмеде ойыншықтармен ойнап, көңіл көтерулеріне әбден болады. Кез-келген адам тапсырыс беріп, «KINOROOM» кинотеатрынан көңілі қалаған киноларды көруге мүмкіндігі бар. Келесі бір бөлмеге кіріп, өзіңізге лайықты қарсылас тауып алып, бильярд ойнап бағыңызды сынауға да болады.

– Біз аудан орталығына 2021 жылы көшіп келдік. Жолдасым осы елдің тумасы. Өзара кеңесіп, киелі Торғай жеріне қоныс аудардық. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығын ұстанған жолдасым елге келіп, қызмет жасауды жөн санады. Менде қуана келістім. Қазір жастар, жас отбасылар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Біз керсінше қаладан ауылға көшіп келдік. Елге келгеннен кейін қол қусырып отыруды жат қылық көріп, кәсіппен айналысуға бел будық. Алғашында 15-20 минутта пісетін тағамдар дайындап, тапсырыс қабылдадық. Қаражат қоры толыққасын кәсібіміздің шеңберін кеңейттік. Елде отырыпта табыс табуға болатын сездік. Қазір Аллаға шүкір. Ел қатарлы күнделікті тірлікпен айналысып жатырмыз. Кәсіп ашуға қолдау көрсетіп, демеу болған ата-енеме және жолдасыма алғыс айтамын. Келесі жылы қаражат көлеміне қарай ойын-сауық кешенінің сыртқы келбетін жаңа кейіпке енгізіп, қолдан келген барлық жағдайларды жасаймыз. Біздің ендігі міндетіміз Торғай халқына қалтқысыз қызмет жасау, – дейді жеке кәсіпкер Ұлболсын Нартбайқызы.

Газет-журналды емес, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «Торғайдың болашағы жоқ. Халқы үдере көшіп жатыр. Жергілікті билік дұрыс жұмыс істеп отырған жоқ. Шаруа қожалықтарының шаруашылықтары шатқаятап, жеке кәсіпкерлердің кәсіптері кері кетіп жатыр. Жастар мен жас отбасыларға ешқандай қолдау жоқ» деген қаңқу сөздерді көп оқимыз. Осылайша, тырнақ астынан кір іздеген сын таққыштар елде ел игілігі үшін істелген игілікті істерді көрмей, қамышыны айдалаға сілтеп, кейбір дәйексіз деректермен елжаныры болып жүр. Әйтпесе, аудан көлемінде, ауыл, ауылдық округтерде азды көпті жұмыстар істелуде. Жастар мәселесіне келер болсақ, мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес. Оларды жұмыспен қамту күн тәртібіндегі басты мәселе. Оның сыртында кәсіп ашам десе, ешкім кедергі бола алмайды. Қайтарымсыз несиені алып, мақсатты жұмсасаңыз болғаны. Ол үшін іскерлік пен жауапкершілік керек.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 5