Көкалат ауылының тумасы Әмірхамзин Амандық Қорғанұлын торғайлықтардың бірі білсе, бірі біле бермейді
Қазіргі технология дамыған заманда әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз Амандық Қорғанұлының көңілге қонымды жазбаларын сүйсініп оқи аласыз. Ол Қазақстанның және шет елдердің көптеген киелі жерлерін аралап, тарихи орындарына саяхаттап жүрген біздің елдің жаһангері. «TOBYL – TORGAI» сайтының блогері. Жаһан жаңалықтарының жаршысы. «Тылсым Торғайға тур» жобасының үйлестірушісі. Сөздің емес істің адамы. Жоспарлаған жобасын жүзеге асырмай тыным таппайды. Туристік сапармен келген саяхатшыларға қасиетті Торғай жерінің киелі орындарын көрсетіп, талайының таңдайын қақтырып, басын шайқатты. Оларға қазба байлығы мол жерімізді таныта отырып, еліміздің мәртігі мен дархандығын ұқтырды. Ендігі мақсаты, Торғай жеріндегі туризм саласын дамыту. Елге келген туристерге тисінше қызмет жасап, аудан экономикасының ілгерлеуіне атсалысу перзенттік борышым деп санайды. Құба – құп іске сәт.
Күні кеше жұмыс бабымен Жартоғай елді – мекеніне бардық. Күнде естігенше көзбен көрейік деп этноауылға ат басын тіредік. Өзен бойындағы қазақы киіз үйлер алыстан көздің жауын алады. Жер ошақта қара қазан, самаурында су бұрқырап қайнап жатқан көрністі көріп, ата қонысымызға оралғандай күйге ендік.
Жылжымалы киіз үй глэмпингінің ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімі Шота Оспанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Серік Нұрғазин және Амандық Әмірхамзин лентасын қиды. Жергілікті билік өкілдері «жақсы бастаманың қуанышы ұзағынан болсын» – деп, тілектестіктерін білдірді. Амангелді ауданына қарасты Айтбай ауылының тұрғыны, жерлесіміз Зәкен Опанов Алладан амандық тілеп, ақ батасын берді. Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сәуле Дүйсенова ауылда береке, елде молшылық болсын деп қазақи дәстүр бойынша шашу шашты. Ал, енді киіз үйлер жайында аздап әңгіме өрбітейін. Қазақтың ою – өрнектерімен әспеттелген бұл үйлерді Қырғызстан елінен тапсырыспен алдырған. Керегелерінің сырт жағын тоқыма шимен жапсарластырып қаптаған. Айтпақшы, жауын – шашыннан қорғап су өткізбейтін қосымша қаптамасы тағы бар. Киіз үйлердің іші дәстүрімізге сай жабдықталады деп күтілуде. Босағасындағы шашақтар жылқының қылынан жасалған. Тура қарағанда сол жағында тұрған киіз үй ұлттық тағамдар дайындайтын (асхана) орын. Екіншісі ерлі – зайыптыларға арналған. Үшіншісі қонақ бөлме. Төртіншісі әйелдер қауымының жатын бөлмесі. Ағаштан жасалған кереуеттерге тапсырыс беріп қойған. Бұл жәй ғана демалыс орыны емес. Мұнда қазақтың ұлттық ойындары, озық салт – дәстүрлері дәріптелетін болады. Мәселен, нысананы көздеп садақ тартасыз.
Атқа мініп теңге аласыз. Асық атып мергендігіңізді сынайсыз. Балық аулап, ұлттық тағамдардан дәм татуға әбден болады.
– Мен өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болуды қалаймын. Жастайымнан қалада көп жүрдім. Ауылға арасында демалыс алған уақыттарда ғана келіп кетемін. Туған жердің топырағын басып, таза ауасын жұтқанға не жетсін. Осыдан екі – үш жыл бұрын әлеуметтік желіден «Жүрегімнің дүрсілі, Торғай» жастар жобасының авторы, марқұм Арайлым Тойшыбектің «Сен Торғайлықсың» деген өлеңі елге оралуыма себепкер болды. Осыдан кейін туған жерге деген патриоттық сезімім оянып, елге баруды ұйғардым. Қазақстанның түпкір – түпкір жерін аралап, туристтік сапармен жүргендіктен Торғай жеріне келген туристерге қолымнан келгенше қызмет жасаймын деп шештім. Бауырларымен ақылдасып, Жартоғай елді – мекеніне келдім. Келешекте Торғай өңірінің табиғатымен және тұрмысымен танысу қызметтері ұсынылады. Жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» аясында жүзеге асырылады. Менің басты арманым қасиетті Торғай жеріндегі туризм саласын дамыту, – дейді Амандық Қорғанұлы.
«Сабақты ине сәтімен» жүйелі жоспары жүзеге асып жатса, мемлекеттік гранттарға қатысып, жаңа жобаның аумағын кеңейтуді ойластырып қойған. Оның сыртында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығымен айналысуды да ойға алған. Жартоғай жеріне Көкалат ауылы арқылы баруға болады. Бірақ, жол қиындығы туындауы мүмкін. Сондықтан Торғай – Арқалық тасжолымен жүріп отырып, Айтбай ауылының тұсынан бұрылсаңыз аржағында 16 шақырымде жерде ғана. Мен сөзбен айтып жеткізе алмауым ықтимал. Ең тиімдісі барып көзбен көріп, этноауылдың тыныс – тіршілігімен танысып қайтқанға не жетсін…
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Орталық алаңға мұз қалашықтар салынады (далее…)
Машықты маман еңбегі бағаланды (далее…)
Дело прекращено за отсутствием состава правонарушения, сообщает "ТоболИнфо" (далее…)
Обе стороны представляют именитые адвокаты (далее…)
Новым санитарным автотранспортом с 2019 года оснащены уже 5 медицинских участков района. (далее…)
Этот кабинет станет символом памяти и уважения к героическому поступку выпускника школы Салимбека Альденова, который…
This website uses cookies.