Торғай жұртшылығын қысқы мал азығы мәселесі толғандырып отыр

Биыл көктем айында су тасып, шабындыққа жайылды. Қысқы мал азығы көп болады деп бөркімізді аспан лақтырып қуандық

Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Күннің аптаған ыстығы жерді лезде кептіріп, шөптің бәрін сарғайтып жіберді. Жаз бойы бір тамшы жауын жаумай елді ығыр қылды. Қысқасы, Торғай жерін қуаншылық жайлады. Ол аздай тілсіз жау шабындықтың бәрін жалмап, көк шалғынды ақ шаңдаққа айналдырды. Шаруашылығы жоқ қарапайым тұрғындар тіс шұқуға шөп таппай сенделіп жүр. Әлемді жайлаған індет қос бүйірден қысып жатқанда буынсыз жерден пышақ салғандай шөп мәселесі де уайым болып отыр. Қолдарындағы азын – аулақ малдарын қыстан қалай аман алып шығамыз деп «шақшадай бастары шарадай» болған адамдар дала кезіп, төрт түлікке күйіс қайтарар жем – шөп іздеп жүр. Аудан орталығын былай қойғанда ауыл жерлердегі ағайындардың да жағдайлары мәз емес. Олардың да уайымдары қысқы мал азығы. Жергілікті билік өкілдері ауыл, ауылдық окргутердің әкімдеріне шөп бағасын 20 000 теңгеден асырмау жөнінде нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, Бидайық ауылының тұрғыны, «Еркебұлан» шаруа қожалығының басшысы Серікбай Әбілхайыровпен келіссөз жүргізіп, бір бума шөпті 3000 теңгеден сатуға көндірді. Жолдың шалғайлығына қарамай амалсыздан алыстан әкеліп жатқандар да бар. Тіркемесі бар камаз автокөлігіне 35 дана бума шөп тиеледі екен. Оның сыртында жалдағаның үшін 50 000 теңге қосымша ақы төлейсіз. Сонда барлығы 155 000 теңге шығын шығарасыз. Ал, аудан орталығында сатып жатқан бір бума шөптің бағасы 6000 теңге. Егер 35 дана бума шөпті алатын болсаңыз 210 000 теңге болады. Қызбел ауылдық округіне қарасты сегізінші ауылдан сатып алсаңыз 55 000 теңге үнемдейсіз. Әрине, ондағы буылған шөп аудан тұрғындарын толық қамтыса ғана. Шаруа қожалығының басшысы артылған шөпті жеткілікті түрде сатуға міндетті емес. Сондықтан босқа қарап, боздаладан шөп іздемей қарекет жасаудың қамына көшу керек. Өзен бойын жағаласаңыз жап – жасыл құрақтар жайқалып тұр. Майда әрі қысқа өскен бәшке құрақтар ірі қара малының оңалуына өте пайдалы. Өткен аптада аудан әкімінің тапсырмасымен ауылшаруашылық бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Ернұр Иманғалиевпен бірге «Тоқтабай» жеріне барып, құрақ шауып жатқан адамдармен тілдестік. Таза еңбектің куәсі болдық. Аптаған ыстықта нар қамыстың ортасында қол орақпен құрақ шауып, маңдай терлерін жеңдерңімен сүртіп, бір сәт демалуға уақыт таппай жүрген науқаншылардың еңбекқорлығына тәнті болдық. Ағаштағы алмаға қарап, армандап отырғаннан еш пайда жоғын түсінген құрақшылар білек сыбана кіріскен. Жыл сайын қайталанып отыратын күйбентірлікке де көндіккен. Ең бастысы тырнақтап жисада қысқы мал азығын молынан жинап алуды көздеп отыр.

Мұрат Мырзаханов:

– Қос қолды сілтеп, құр сенделіп жүргенше құрақ шауып алуды жөн көрдім. Себебі, биыл елді жайлаған қуаншылық кім – кімді болса да тығырыққа тіреді. Шөп бағасы жыл сайын шарықтап келеді. Бір тіркеме шөп 25 – 30 мың теңге деп шалқайып отырғандар бар. Тым болмаса қарапайым халықпен санасу керек қой. «Адам күні – адаммен» екенін ұмытпауымыз керек. Теңгенің соңынан тентіреп қуғанша, елмен бірге таразының басын тең ұстаған абзал. Бір елде тұрып, бір құдықтан су ішіп отырғандықтан жәрдемдесіп, жұдырықтай жұмылғанға не жетеді. Құрақ шауып жүргеніме бір апта болды. Қазіргі таңда 100 бума құрақты буып, жинастырып алдым. Енді 100 бау құрақ шауып алсам, сатып алған екі – үш тіркеме шөбіме себесін болады. Қаражаттың реті келіп жатса, 15 -20 қапшық кебек сатып аламын. Сонымен лаждап қыстан қысылмай шығамын деп отырмын. Аудан тұрғындарына айтарым, қымбат бағаға селкілдеген бір тіркеме шөпті сатып алғанша, боздалада өскен тегін құрақты шауып алыңыздар. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді дана халқымыз. Ақ адал еңбекпен келген дүниенің берекесі мол болады.

Расында, Мұрат Ожанұлының сөзінің жаны бар. Қазіргі тракторлар төрт немесе бес тіркеме шөпті селкілдетіп тиеп, құстай ұшып келеді. Оны түсірудің өзі көп уақыт алмайды. Үш адам жеткілікті. Ал, бұрынғы тракторлар екі тіркеме шөпті әрең сүйреп, түтіні бұрқырап, өрге шыға алмай әбігерге түсетін. Соңында бір тіркеме шөпті межелі жерге жеткізе алмай жол бойына ағытып кететін еді. Сол уақытта жалғыз тіркеме шөпті түсіру үшін 8 адам жиналып, бір күн кешке дейін жұмыс қылатын. Ол кезең келместің кемесіне мініп кеткеніне де қаншама жыл өтті. Барды қанағат тұтқанмен, жоққа жұдырық түйе алмаймыз.

Бұл азамат Сәбит Құлмағанбет. Аудан орталығындағы “Мусин” көшесінің тұрғыны. Еңбек сүйгіш. Жоқтан – барды құрай біледі. Техниканың тілін жатық меңгерген. Кішігірім механизаторлардың білімі кем емес. Құрылыс саласынанда хабары бар. Үй үстінен үй салып, өнер тапқыштығымен танылған Сәбиттен үйренеріміз көп. Жақында Қостанай қаласынан мотоблок «РЕСАНТА» МБ – 7000-10 маркалы екі дөңгелекті шағын техника сатып алды. Бағасы 300 мың теңге. Яғни бір ірі қара малының құнымен тең. Он бас сиырды қытымыр қыстан аман алып қалу үшін бір бас малын шығыстап, аталған техникасымен құрақ шауып, пайдаға молынан кенеліп отыр. Қазірдің өзінде жобамен трактордың екі тіркемесі болатын құрақты үйіне тасып алған. Бұл шағын техниканың үнемділігі керемет. 3 литр жанар – жағармай құйсаңыз болды. 12 сағатқа еркін жетіп шығады екен. Сіз ол аралықта 2-3 гектар жердің көлеміндегі құрақты орып аласыз. Алға да артқа да жүреді. Тіпті жылдамдығын көбейтетін құрылғысы да бар.

– Бар рахатты осы шағын техникадан көрдім. Бар болғаны екі қолмен бағыттап, соңынан еріп отырсаңыз болды. Шабылған құрақ рет – ретімен жерге түсіп отырады. Күн ыстық. Жасыл құрақ тез арада сарғайып кетеді. Сол себепті 5 сағаттан кейін буып тастаймын. Былтырғы жылға қарағанда шабындықтағы шөптің түсімі аз. Қарап отыруға болмайды. Мүмкін барда қимылдап қалу керек. Ертеректе ата – бабаларымыз табынды сиырлар мен отар – отар қойларды осы құрақпен асырап баққан. Қорада жиналып тұрған құрақтың үстіне қара тұз сеуіп тастасаңыз бойына сіңіріп, жасыл қалпын сақтап тұрады. Бір жағынан малдардың ащылауына да жақсы. Құрақты қажетті мөлшерде шауып алсам жеткілікті. Қасымызда жүрген адамдар келіп, техникама қатты қызығады. «Мынаның соңынан еріп жүргенде, қос өкпеңді қолыңа ұстап жүгіру керек қой, – дейді кейбір әзілкештер. Қолдағы бар малымды аман сақтап қалу үшін әлемді шарлап жүгіруге бармын», – деп сәл жымиды да жұмысына кірісіп кетті.

Осындай қысыл таяңда күлуге де мұрша жоқтығы да белгілі. «Біреуге жан қайғы, ал біреуге мал қайғы» деген шаққа қадам басқан сияқтымыз. Күнделікті тірліктерін құрақ шабуға арнаған адамдарды іздесеңіз Тоқтабайға барыңыз. Бес саусақтай бірігіп, бір үйдің баласындай апарған бір тілім нандарын бөлісіп жеген достықтарын көріп, таң тамаша қаласыз.

Бөлісіп шапсаңыз бір ауылға жететін құрақ бар. Серік Хамзинді, Нұрлан Саржақовты, Серәлі мен Ерсұлтан Мырзағұловты іздесеңіздер «Тоқтабай» жерінен табасыздар. Осыдан бір ай бұрын Жасқыран Құлжанов бастаған «Ақмырза» көшесінің тұрғындары құрақ шабу науқанын аяқтады. Көңілдері де көтеріңкі. Ұйымшылдығы үлгі болған осы көшенің тұрғындарының бастамасын басқалары да жалғастырса еш сөкеттігі болмайды. Керсінше, бәсекелестік артар еді.

Сыртынан қарап сүйсінгенмен қаншама адам осы бума шөпке қол жеткізе алмай отыр. «Ел құлағы елу» деген. Делдалдыққа ден қойған кейбір жерлестеріміз «Аққора» елді – мекенінен бума шөпті арзан бағада алып, Әулиекөл ауданына үстемеақы қосып сатып жүр дегенді жиі естейміз. Өз елінің адамдары шөптен тарығып отырғанда өзге елді жарылқағаны қалай. Пұлдың құлы емес елдің ұлы болған анағұрлым жақсырақ. 3000 теңгеден алып, аудан орталығына әкеліп 5000 теңгеге сатсада ұтылмас еді. Бас бірлігіміз тарқамай басқаға үлгі болайық.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0