Талдыкөлге құстар қайта оралды

 Қамысты өңірі өзен-көлге бай, аң-құстың әрі-бері кедергісіз өтетін үлкен дәлізі.

Бұл өңірдегі Талдыкөл-Қулыкөл айдындары арқылы көктем уақытында солтүстікке, солтүстік-шығыс пен солтүстік-батысқа және күзде кері қарай миллиондаған құстар ағылып жатады. Биылғы көктемнің келісі мен су тасқыны олардың ұшып-қонуына да әсер етіп жатқан секілді. Ахуал аудандағы Қулыкөл аң шаруашылығының қорықшыларының ұдайы назарында.

 

Жоғары-төмен үйрек-қаз

Шиқылдақ қаз, сұр қаз, қызылжемсаулы қарашақаз, ақмаңдай қаз, сыбырлақ аққу, ақбас үйрек, даурықпа шүрегей… Ауданымызға келіп дамылдап өтетін осылардың барлығы бай табиғатымыздың баға жетпес жауһарлары.

Биыл құстар жылдағыдан кеш келді, қанаттылар миграциясы екі аптаға созылып кетті. 1 сәуірден бастап Талдыкөл, Қулыкөл айдындарына дамылдап жатыр. Әр көктем сайын бұл өңірден 300 мыңға дейін қаз бен осыншама үйрек ұшып өтеді. Ал күзде керісінше, Талдыкөл-Қулыкөл үсті жабайы қанаттылардан көрінбей, жыртылып-айырылып жатады. Ол кезде құстар саны бір миллионға дейін жетеді екен.
Айталық, наурызда Ақтөбенің Шалқары мен Ресейдің Светлинск өңіріне келген құстар екіге жарылып, оң бөлігі Науырзым көлдеріне, сол жағы біздің ауданымызды басып өтіп, солтүстікке кетуде. Құстардың келуі әлі күнге тоқтаған жоқ.

«Негізінен біздің өңірді ақбас қаз бен үйректер, «Қызыл кітапқа» енген қызылжемсаулы қарашақаз, жоғары биіктікте ұшатын шиқылдақ қаз басып өтеді. Кейбір жылдары құстар бірнеше күнге қонақтайтын, биыл түнде келсе, таң бозара ұшып кетіп жатыр. Тағы бір айтатыным, осы жылы біздің өлкеде қардың қалың жатып, сөгілмеуінен қанаттылар көбіне бізге дейінгі мұздықтары еріген көлдерге қонақтады да, Талдыкөл жерінде аялдаған жоқ. Әйтпесе, соңғы 15 жылдан бері кеш қарая созыла келіп қонақтаған құстар, келесі күні таңертең әрі қарай ұшып кете беретін болды», – дейді «Айдам-2012» ЖШС Қулыкөл аң шаруашылығының аға қорықшысы Иван Сиротенко.

3-5 миллонға дейін құс басып өтеді

Биыл Талдыкөл ернеуіне дейін толды, Қулыкөлдің суы ортан беліне жетті. Бірақ қорықшының сөзінше, даладағы еріген су оның айдынына әлі де құйылып жатыр. Яғни, судың қоры биыл жеткілікті, әзірге көлдердің тартылып қалу қаупі жоқ.

«Тағы бір ерекше жайт, екі мыңыншы жылдарға дейін Қулыкөлдің суы мол болатын, аумағы да кең еді. Ол кезде біздің өңірді 3-5 миллионға дейін құс басып өтетін. Жиырма жылдың үстінде олардың көп бөлігі Арқалық жағындағы Жаркөл айдынына ауып кетті. Ғалымдар мұны құстардың қыстайтын орындарын ауыстыруымен байланыстырады. Айталық, бұрын Үндістан, Иран, Каспийдің оң жағалауын қыстап келсе, қазір олар Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік батысы, Өзбекстан, Тәжікстан өңірлерін мекендеп жүр», – дейді Иван Сиротенко.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ, Суреттер интернеттен алынды,

Талдыкөлге қонатын құстардың легі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3