Тәуелсіздік құрдасы Қуаныш Тоқмырзин Қамыстыда мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етуде

 Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы дүниеге келген ұл мен қыздар бүгінде отыздан асып барады.Олар сан алуан мамандықты игеріп, болашақтың кілтін қолына ұстаған егемен елдің еркін азаматтары болды. Тәуелсіздіктің төл құрдастарының бірі – Қамыстыдағы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Тоқмырзин өңіріміздің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Жақында мемлекеттік қызметкерді Тәуел¬сіздіктің құрдасы болудың қандай екенін сұрап, әңгімеге тартқан едік.


– Тәуелсіздік таңымен бірге тү¬леген ұрпақпын. 1991 жылы 18 маусымда Жітіқара ауданының Приречное селосында дүние есігін ашып¬пын. Осы ауылда 11 сыныты бітіріп, 2009 жылы З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетіне оқуға түстім. Алғаш еңбек жолымды 2013 жылы Қостанай ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы болып бастадым. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын таңдадым. Ата-анам мені әрқашан мемлекеттік қызметкер ретінде көргісі келетін. Одан кейін ата-анамның қалауымен жағдайыма қарап, өзімнің туған ауылыма ауылдық әкімдікте әдіскер болып жұмысқа тұрдым. Сөйтім менің мемлекеттік қызметші ретіндегі қызметім басталды. Приречное, Степное ауылдық округ әкімдіктерінде біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін, 2020 жылы шаңырақ көтердім. Сол жылы Қамысты аудандық әкімдігі аппаратына ауысып, өмірімнің жаңа белестері басталды, – дейді тәуелсіздік құрдасы.

Бүгінде ол Қамысты елінде өсіп-өніп жатыр. Жас болса да, қызметте де жемісті еңбек етіп, табыстарға жеткен. Бүгінде отбасылы.

– Киелі Қамысты жерінде тұрып жатқаныма төрт жыл өтті. Өзімнің отбасым және жұмыстағы жетістіктерім жетерлік. Екі қыз балам өмірге келді. Жаңа достар, әріптестер және таныстар таптым. Мұнда жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін. Қазіргі уақытта Қамысты ауданы әкімдігінің экономика бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет етемін. Әрқашан өз ісімнің маманы болуды, адамдарға пайдамды тигізуді, кез-келген жағдайда адам болып қалуды, ата-анамның маған берген тәрбиесін ұстандым. Қызметтің сыртында спорттық іс-шараларға белсенді қатысамын, тіпті бір кездері өзімді шығармашылық бағытқа бұрмақшы болған кездерім де болды, – дейді ол.

Кейіпкеріміз спорт десе ішкен асын жерге қояды. Әлі күнге дейін спорт пен қызметті бірге ұштастырып, белсенділік танытып жүр. Ата-анасының мақтанышы.

-Қазіргі уақытта ұлттық спорт түрімен шұғылдана бастадым. Көкпар тартқанды жаным қалайды. Әр демалыс сайын туған ауылыма асығамын. (Красноармейск ескі атауы, біз оны осы күнге дейін осылай атаймыз) Атқа үстінде жаттығамын. Болашақта біздің ауданда осы спорт түрін дамытамыз деп үміттеміз. Мен еліміз тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгендіктен, бұл мереке менің балалық шағыммен байланысты. Жыл сайын бізге Тәуелсіздіктің мерейтойлық күнін мерекелеу үшін бізге сыйлықтар беретін. Сөйтіп санамда Тәуелсіздік мерекесіне деген көзқарасым мүлдем өзгерді. Мен үшін ерекше мереке. 1991 жыл 16 желтоқсан – елімнің тәуелсіздік алған жылы. Ата-бабамыз талай жылдар армандаған еркіндік, егемендік ал¬ған күн.

Қамысты және Жітіқара аудандарының барлық тұрғындарын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен, жаңа жылмен құттықтаймын! Тәуел¬сіздігіміздің ғұмыры ұзақ, тұғыры берік болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Тәуелсіздік жылдары алған еліміздің бедел-биігі асқақтай берсін. Біз тәуелсіздіктің құрдастары осы бағыттағы қайнаған өмірдің қақ ортасында жүруге әзірміз.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 9