Отбасының өнегесі – Отан өнегесі

Сондай үлгілі, өнегелі отбасылардың бірі, бүгінгі біздіңкейіпкерлеріміз Шакиевтар отбасы

Темірболат пен Күләш Шакиевтар «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің алтыншы қатысушылары.

Отбасы дегеніміз – ол адамның жылылық пен мейірімге толы киелі бесігі, қасиетті қара шаңырағы. Біздің Меңдіқара жерінде ғасырлар бойы ұрпақ сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып келеді. Ел ішінде құрметке бөленген, ардақты, өнегелі отбасылар баршылық.

Шаңырақ иесі Темірболат Шакиев пен Күләш Шакиева 1991 жылы шаңырақ көтеріп, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатқандарына 33 жыл.

-Мен  осы Меңдіқара өңіріне қарасты, Қаратал ауылдық округінде дүниеге келіп, осы өңірде өсіп-өніп жатырмыз.  Жеңгелерің негізі Әулиекөл ауданының тумасы, Қараталға құрбысына қонаққа келгенде танысып, қыз-жігіт болып достасып, көп ұзамай шаңырақ көтердік. Бүгінгі таңда 2 баламыз, 2 немереміз бар. «Ерін құрметтеген ел озады» демекші, ер азаматты көкке көтеріп, мойынсұну біздің отбасының басты қағидасы. Азаматын құрметтеу арқылы әйел өзіне  деген құрмет сезімін оятады. Айрандай ұйып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беру жолында ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы мен татулығы үлкен рөл атқарады, – дейді шаңырақ иесі Темірболат Шакиев

Шакиевтар отбасы ауданымызға қарасты Қаратал ауылдық округінің  тұрғындары. Отағасы мен отанасы жастайынан мемлекеттік қызметте. Темірболат ағайымыз Қаратал ауылдық әкімшілігінде талай жылдар бойы бас маман болып қызмет атқарса, Күләш апайымыз ауруханада жұмыс жасайды.

-Жолдасым екеуміз шаңырақ көтерген жылдары арамызда өзара түсініспеушіліктердің болғаны рас. Сондай уақыттарда барлығын ақыл мен ой елегіне салып, сабырлық танытқанымыздың арқасында бүгінгі таңда берекелі әрі үлгілі отбасылардың біріне айналдық. Әйел адамының мойнына жүктелетін міндеті өте ауыр ғой. Сол себепті, жас келіншектерге айтар ақылым, еріңді көкке көтеріп, сыйлап, құрметтесең өзінде сый-сыяпатқа бөленіп, шаңырағыңды қуаныш пен бақытқа айналдырасың. Біз балаларымыздың кішкентай кездерінен демалыс пен атаулы күндерді отбасымызбен атап өтуді бойларына дарыттық. Бала кездерінен ұлым әкесінің, қызым менің жанымда жүріп еңбекке, үй шаруасына ерте араласты. Соның арқасында балаларымыз бүгінгі таңда еңбекке өте ширақ, – дейді отанасы Күләш Абылайханқызы.

Отбасының тұңғыш қызы  Гүлзияш тұрмыста. Үлкен ұлдары Нұрбол өз шаңырағының иесі, 2 баланың әкесі.

Шакиевтар отбасы мал шаруашылығы, бау-бақша шаруашылығының хас шеберлеріне айналған десек, артық айтпаған болармыз.

 -Жаздың күні, таң атқаннан, күн батқанша қызу тірлікпен біз де жанталасып қыс қамына кірісеміз. Таң сәріден бау-бақшамызға білек сыбана кіріссек, кешке таман мал-қойларымызды күтеміз. «Талпынбаған адам аш қалады» демекші, еңбек еткенді жөн санаймын. Бақшамдағы жемістер мен көкөністерден түрлі тосап пен салаттар, ал сүт тағамдарынан ірімшік, құрт-майымды дайындаймын.  Дүкен сөрелеріндегі жылтырағанның бәрі дәмді бола бермейді ғой. Өзіміз отбасымызбен тек табиғи азық-түлікті тұтынғанды жақсы көреміз. Соның бір дәлелі міне, қазір қолдан «сыр» дейді ғой, біз өзіміз ірімшік деп атаймыз, соны жасап жатырмын. Еш қиындығы жоқ, кәдімгі дүкендегідей ірімшік болып шығады, есесіне табиғи өнім әрі өте дәмді, – дейді Күләш Шакиева

Өнегесі мен берекесі, татулығы мен сыйластығы жарасқан Шәкиевтер отбасы барша отбасыларға үлгі болары анық.  Кейіпкерлеріміздің отбасына амандық, дендеріне саулық тілей отыра, алдағы жоба барысына сәттілік тілейміз.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы «Отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасы шеңберінде «Меңдіқара ауданының ішкі саясат бөлімінің» ММ тапсырысы бойынша іске асты.

 

Ақжан
БАЙТҰРСЫНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 4