Қостанайда домбырашылар челленджі басталды

Еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамын атап өтуге арналған республикалық челлендж өтті. Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту, мәдени мұраны сақтау және балалар арасында домбыра тарту өнерін насихаттау.

Қаламызда челлендж №24 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылып, оған 7-10 жас аралығындағы 30-ға жуық бала қатысты. Олардың қатарында 1-сынып оқушысы Нұргүл Иман да бар. Ол мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап домбыра үйірмесіне қатысып, бүгінде бірнеше күйді еркін орындай алады.

— Домбыра – менің досым, маған оны ойнау ұнайды. Үйде бос уақытымда да домбыра тартып отырамын, саусақтарым ауырмайды. Біздің ұстазымыз өте жақсы адам, бәрін түсінікті етіп үйретеді. Тіпті қате жіберсек те ұрыспайды, керісінше, қалай дұрыс ойнау керектігін көрсетіп, көмектеседі, — дейді Нұргүл.

Домбырашылар челленджі – балаларға, жастарға, ұстаздар мен ата-аналарға өз өнерін көрсетіп, ұлттық музыканы дәріптеуге мүмкіндік беретін ерекше шара. Оған кез келген адам қатыса алады.

— Бүгін біз демалыс алдында соңғы күнді дүбірлетіп өткізейін деп жатырмыз. «Наурызнама» аясында күн сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – домбыра челленджі. Біздің мектебімізде домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары бүгінде әдемі күйлерді шебер орындай бастады, — дейді №24 мектеп-гимназиясының директоры Нұргүл Қасенова.

Челлендждің жоғары деңгейде өтуіне “Балдәурен” ансамблінің жетекшісі Алмагүл Тоқмағамбетова зор үлес қосты. Ол жыл сайын оқушыларын түрлі сайыстарға қатыстырып, жүлделі орын алуға баулиды. Балалар өз жетекшісін ерекше құрмет тұтып, оның үйреткен әрбір сабағын ықыласпен қабылдайды.

2023 жылдан бері бұл челлендж еліміздің барлық білім беру ұйымдарында өткізіліп, маңызды мәдени дәстүрге айналды. Біртұтас тәрбие бағдарламасы мен «Наурызнама» іс-шаралар жоспары аясында челлендж кезінде бүкіл елде бір мезетте домбыра үні шырқалып, халықты бірлік пен ұлттық мақтаныш рухында біріктіреді.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 14