«Қостанайда бұрын-соңды осындай той болмаған!»

Өткен демалыс күні Қостанай ауданының Жуков селосында ерекше думан өтті. Тұрғындар «Ауылдың қайта түлеуі» деген атаумен елді мекен күнін ерекше мерекеледі. Әрине, мереке ауылда бірінше рет өтіп тұрған жоқ. Бұған дейін Наурыз, Жаңа жылмен қатар, ел халқы масленица, айт, өзге де діни-ғұрыптық мейрамдармен қатар, тасаттық беру үрдісін енгізіп алған. Ал осы жолғы той бұрынғыдан тіптен өзге – этно стильде ұйымдастырылған думанды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Ендеше басынан бастайық.

Валерий Розумовичтің Жуков ауылын қамқорлығына алып, осында шаруашылығын жүргізгеніне бірнеше жылдың ғана жүзі болды. Егін, жем-шөп әзірлеумен қатар, астық сақтау-өңдеу қырманы, құс фермасы, мал өсіру, техника жаңалау қатарлы шаруаларды дөңгелентіп жіберген. Тек биылдың өзінде ауылға кіреберіс жолды асфальттап, елді мекен ішіне тас жол төсеп, абаттандырып, ескі үйлерді жаңартып, жаңадан көппәтерлі баспаналар салғанын үлкен ерлік деуге болады. Өткен жылы Валерий Розумович бастаған ауыл жұрты Жуков атауын «Бірлік» деп өзгерту туралы бастаманы өздері көтерген болатын. Әрине, бірлігі жарасқан елдің атауы да Бірлік болғанға не жетсін!
Ал енді тойға келсек. Бұл мерекені ұйымдастыруға ерте көктемнен әзірлік басталды. Аймағымыздағы өнер саласында жүрген белгілі азаматтарды жұмылдырды. Арнайы бағдарлама әзірленді. Той қазақ халқының мәдени мұрасын, әдет-ғұрпын дәріптеу, көнеден келе жатқан спорттық, танымдық ойындарын паш ету мақсатында ұйымдастырылды.
Ауыл іші этно қалашыққа айналған – ақ шаңқан киіз үйлер қаз-қатар тігіліпті. Айнала оюға енген. Бер жағынан асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту, ұлттық күрестен басталып жатса, әріректе көкпар тартысы, ат үстінде жігіттердің өнер көрсетуіне ұласып кеткен. Айтпақшы, көкпар аттары мен шабандоздардың бәрі елордадан келген сайыпқырандар, талай додаларға қатысып жүрген көкжалдар. Ал сыртта бірнеше киіз үй келген қонақтарға ыстық ас-сусын беріп қызмет көрсетіп жатыр.
16 киіз үй бой көтерген орын – ауыл мәдениет үйінің аумағы. Ақбоз отауларға қарама-қарсы шаңырақ үлгісінде безендірілген сахна. Түлкі тымақ,  қасқыр ішік, бүрмелі көйлек киген қыз-жігіттер тойдың сәнін келтірді. Жалпы, қонақтар да бұл күні ұлттық киімнен киіп, ерекше көңіл-күйде жүр.
Алдымен жиналған меймандарға жергілікті өнерпаздар ән-биден шашу шашты. Айталық, Жуков елді мекенінде өнер үйренемін дегендердің барлығына жағдай жасалған – жаңартылған клубтың ішінде музыкалық аспаптар, замануи аппаратура тұр.
Сахна алды толған адам. Меймандар арасында қаладан, басқа аймақтардан, тіпті, шет елдерден келгендер бар. Бір сағаттық жергілікті концерттен кейін нағыз думан басталды. Сөйтсек, «Бірлік» тойы жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлардың үйлену тойына ұласып кетті. Ел-жұртты қуантып некесін қиып жатқан жастардың есімі – Жолдыбек пен Әмина.
Қазақтың салтымен алдымен кішкентай бала ортаға жүгіріп шығып, дүйім жұрттан сүйінші сұрады: «Сүйінші! Сүйінші! Жолдыбек ағам, келін әкелді!» деп алыстан атой салып айғайлап кірді. Қазақтың ата салтымен келін келгенді сүйіншілеген балаға асықтай алтын не күміс беретін болған. Бүгінгі той иесі Аман Елеусізұлы да аянып қалған жоқ – қуаныштың жаршысына кішкене дорбаға салынған кәдесін тарту етті.
Жиналғандар екіге жарылып тұра қалды да, күйеу жігіт пен қалыңдықты қарсы алды. Жігітті бір топ нөкерлері домбыра, сырнай, дабылмен әндетіп алып келді, ал келін әсем әуеннің ырғағымен құрбларымен бірге ортаға кірді. Осы жерде беташар басталып кетті. Шатыр іспеттес шымылдық ішінде тұрған келіннің бетін екі жақтан жыршылар термелетіп ашып берді. Қалыңдықтың беті ашылды, ел-жұртына сәлемін салды, ал үлкендер батасын берді.
Дәл осыдан кейін әнші-жыршылар бастаған дүйім ел бір қауым болып келген құдалар ауылын қарсы алып, этно ауылды айнала қоршаған ұлттық ойындарды көруге ертіп жүрді. Алдымен асық атты, мергендігін сынап адырна тартты, күрес пен көкпарды тамашалады. Көкпар Жуков ауылында бірінші рет өткізіліп тұр. Серкені тақымға қысып қарсылас қазандығына атқан оқтай алып ұшқан көкпаршылар кім-кімнің болмасын делебесін қоздырады. Ат тұяқтан сүрінбесе, балуан межеден жаңылмайды мұндайда. Бірі ауылдық болса, екінші құдалардың командасы болып, бөлінді. Көкпаршылардың жеңіске деген құлшынысы ерекше. Тойтөбенің басында дала қызықтары дамылсыз дүмбірлеп, жұрттың бәрі сол қызықты тамашалаумен күнді орталатты.
Осылай бірер сағат көрікті ауылдың таза ауасында бір серпілген жұрт ақшаңқан отауларға қонақасы ішуге кірді. Әр киіз үйде ду-ду әңгіме, құрдас-достардың қалжыңы, ән-күй. Өнерпаздар әр шаңыраққа кіріп, халық әуендерінен шашу шашып жатыр.
Тағы бір ерекшелігі – той иелері меймандарға Розумович сауда маркасы бар мың бауырсақтан ауыз тигізді. Шешен-ингуш халқының атынан арнайы киіз үйлер тігіліп, палау таратылды.
Көшенің келесі жағында балаларға арнап шоу ұйымдастырылды. Арнайы аниматорлар балалардың көңілін көтерді.
Мерекенің қызығы кешке басталды. Алдымен республикалық айтыстардың жүлдегерлері Марғұлан Оспанов пен Салтанат Өтелбаеваның айтысы той тақырыбын аша түсіп, Бірлік ауылында да қаладағыдай өмір сүруге болатынын жырға қосты. Ал, этно-эстрадалық бағыттағы «Алаш» триосы, Асылан Кенжетайдың әндері меймандардың мейманасын асырып жібергендей.
Бұл күні жұртшылыққа жасалған үлкен тосынсый – аты аңызға айналған эстрада жұлдызы, ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның Жуков еліне арнайы келіп, әннен шашу шашуы. Халық әртісі өнерге құштар көрерменнің мерекелік көңіл-күйін одан бетер арттырып жіберді. Жиналғандардың барлығы осыншама жоғары деңгейде ұйымдастырылған мейрамнан зор әсермен тарқасты.
«Әлсін-әлсін жауған сірке жауын да мерекемізге еш кедергі келтірген жоқ. Аталған бағдарлама жыл сайын түрленіп келеді. Үш айға жуық дайындалдық. 16 киіз үй тігілді», – дейді бағдарлама үйлестірушісі Әсия Юсупова.
Айта кету  керек, шағын ғана ауыл жыл сайын жаңарып, жасаруда. Мұнда көшіп келушілер қатары да артып отыр. Жылдың аяғына дейін тағы 12 отбасы көшіп келеді деп жоспарланған. Олардың барлығы да жаңа пәтер иесі атанбақ.
Шұға Қоңқабай, суретті түсірген Татьяна Файль
Редактор

Недавние новости

Журналиста Максима Сушко признали невиновным по делу о клевете в адрес акима п. Октябрьский

Дело прекращено за отсутствием состава правонарушения, сообщает "ТоболИнфо" (далее…)

2 дня назад

Наурзумцы получили долгожданный автомобиль скорой помощи

Новым санитарным автотранспортом с 2019 года оснащены уже 5 медицинских участков района. (далее…)

2 дня назад

Класс памяти о погибшем герое, который спас ребенка, открыли в Аулиекольском районе

Этот кабинет станет символом памяти и уважения к героическому поступку выпускника школы Салимбека Альденова, который…

2 дня назад

По какой причине перенесли зажжение главной елки в Костанае?

Изначально оно должно было пройти 21 декабря, затем его перенесли на 20 декабря, а вчера…

2 дня назад

Қамыстылықтар жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық үстінде

Жаңа жыл қарсаңында жұрт туыстары мен достарына ерекше сыйлықтар жасауға тырысады. (далее…)

2 дня назад

This website uses cookies.