Орқаштың балдай тәтті қарбызы

Қамыстының Орқашы кезінде тәтті қарбыздарымен жақсы таныс.

Шөбі шүйгін, айналасы көлге толы өңір мал шаруашылығына өте қолайлы. Қазір Орқашта медициналық пункттен басқа ештеңе жоқ. Бірақ атамекенді тастап кетуге қимай отырған орқаштықтар бар. Әлі күнге дейін Мейрімхан, Талғатбек, Жалғасбек, Болатбек есімді ағайынды жігіттер мал шаруашылығынан басқа қарбыз өсірумен де айналысады.


-Орқашта туғалы тұрып жатырмыз. Кезінде Орқаш совхозының үшінші бөлімшесінде Ұлсары деген ауылда тұрдық. Ата-анамыз ес білгелі сонда мал шаруашылығымен айналысты. Малға жақын болып өстік. Өзім он ағайындымын. Үш қыз, жеті ұл. Сол он баланың төртеуі осында тұрып жатырмыз. Үш қыз қалада, тұрмыста. Бір ағамыз Алматыда. Ең кенже ініміз қасымыздағы Алтынсары деген ауылда тұрады. Мейрімхан, Талғатбек, Жалғасбек, Болатбек. Кенжесі Болатбек – қара шаңырақ иесі. Әке-шешеміздің орында. Қолында анамыз бар. Болатбек мал ұстайды, қой өсіреді, ат баптайды. Әке-шешеміздің жолын қуып келеді, – дейді әулеттің тұңғышы Мейрімхан Бермұхамбетов.

Қарбыз егімен жиырма бес жылдай айналысып келеді. 1998 жылы Орқаш совхоз ыдырады.

-2000 жылдан бері қарбыз егуді қолға алдық. Сол жасыл домалақтарды үлгіртіп, отын-су түсіріп аламыз. Қысқа әзірлік. Өсіру бір бөлек, оны өткізудің өзі бір машақат. Шамалы егін егеміз. Біздің ауыл кезіндегі қой өсірумен айналысқан. 45 мыңға дейін қой өсірген. Жайылымдық жерге бай. Ауылымыздың табиғаты ерекше. Қасымда жерастынан шығып жатқан тұз бар. Егін егетін алқап жер алыстау. Ауылдан 35 шақырымдай. Жолдың алыстығы бізге қиындау тиеді. Ақтөбемен шекаралас ауылмыз. Егін егетін жерлеріміз сол жақта. Бидай онша жақсы шыға қоймайды. Көбіне құрғашылық болды. Былтыр мен биыл жаңбырдың мол жауып, біздің шаруашылыққа жақсы болды. Былтыр егін дұрыс болмады. Ылғал болды. Бидай өсіп кетті. Әрең дегенде тапсырып, тіпті биыл тұқымдыққа та жарата алмадық. Жаңадан тұқым сатып алдық. Биыл егіннің барысы жақсы. Күз айы ауа-райы қолайлы болса, өнімізді шашау шығармай орып алсақ деп тілеп отырмыз. Малға шөп те жақсы шықты, – дейді кейіпкеріміз.
Биыл Қамыстының шалғай ауылдарының өзен-көлдері суға толды. Биыл табиғат малға да, жанға да қолайлылық танытып тұр. Жергілікті тұрғын оны да тілге тиек етті.

– 1994 жылдан бері қаншама көлдеріміз кеуіп қалғанда, биыл бүкіл көлдер суға толды. Біздің ауылдың маңында көлдер, де жайылым жерлер де көп. Ағайынды төрт жігіт – Талғатбек, Жалғасбек, Болатбек үшеуі егін егіп, шөп шабады.

-Бұрын біз ауылда он мың қойға арналған кешен болған. Бір кісілер алып жүргізе алмады. Кейін інім алып, сақтап қалды. Қолында аздап қой, қара мал, жылқы ұстайды. Енді ауылға келсек, қаншама ауыл адамдары мектеп жабылғаннан кейін жұмыс іздеп Қостанай облысының басқа ауылдарына тарап кетті. біздің ауылдастарымыздың дені қазір Қостанайда тұрады. Былтыр Кіші жүз, Жеті ру, Телеу бабамызға жиналып, сауын айттық. Бүкіл Қазақстан бойынша экспедиция құрылып, рулас туыстарымызды Қазақстан бойынша айналып өтіп, осы Орқашта бас қостық. Өйткені ата-баба аруақтары осында жерленген. Осы жерде үлкен ас беретін болып шешілді. Үш-төрт жыл бұрын дайындалып, қаражат жинап, Өзбекстаннан, Қазақстантағы телеулер бас қосып, ауыл қасына мұнара стелла қойдық. Бір биіктікпен. Былтыр ашылу рәсімі өтті. Мың жарымдай адам жиналып, ас берілді. Бәйге, күрес, көкпар ұйымдастырылды. Телеу бабамызға ас беріп құран бағыштадық, – дейді Мейрімхан ағамыз.

Қазір шөп шабу науқаны. Ағайынды төрт жігіт қазір қыстың қамымен жүр. Алдымен өздерін, онан кейін ауылдастарына жинап береді. Әр жылдары әртүрлі егеді. Кейбір жылдары 5 гектар, кейде он гектар жерге дейін жасыл домалақ егеді.

-Біздің Орқаштың қарбызы – табиғи таза өнім. Ешқандай қоспасыз. Ең бастысы, экологиялық жағынан таза. Ең қиыны біздің өнім тамыз айында ғана піседі. Ол кезде қарбыздың бағасы төмендеп кетеді. Білетін адамдар біздің қарбызды тәтті деп күтеді, әдейілеп келіп алады, – дейді ол.
Дәмі тіл үйіретін қарбыз алажаздай тынымсыз еңбек пен тұрақты күтімнің арқасында өсіп-өніп, жетіледі. Аталған кәсіпті дөңгелету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қарбыз – ерінбей еңбек етіп, бабын тапқанға нағыз табыстың қайнар көзі.

-Кезінде Орқаш совхозы дүрілдеп тұрған тұста 50-100 гектар жерге қарбыз егетін. Ол кезде табиғат керемет болатын. Өнім бермей қалған жылдар болған емес. Ала қарбыздарды айырбастап, Қостанайға дейін сатылымға шығатын. Орқаштың қарбызы десе, бәрі білетін. Онан қалды, ауылдықтардың өздеріне де жеуге жетіп артылатын. Біз мектепте оқып жүргенде қарбыз жинауға жібереді. Соңғы кездері өздеріңіз ауа райы өзгерді. Кейбір жылдары тәтті дөңгелектің жеміс бермей қалатын кездері де кездеседі, – деп әңгімесін аяқтады кейіпкеріміз.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0