Өнер саңлағының Қостанайдағы кеші
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенованың концерті жайлы сөз.
Халық арасында өнер жұлдызы атанып кеткен Ғазиза Жұмекенованың есімі бұл күндері күллі елімізге жақсы танымал. Өйткені, күміс көмей, жез таңдай әнші өзінің орындауындағы әндерімен жүректерге жол тапқан.
Бұл жолғы кеші Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өтті. Жерлесіміздің концертінің ұйымшылдықпен өтуіне облыстық мәдениет басқармасы тікелей мұрындық болды.
Қостанайлықтар көңілі көктем, жаны жаз аяулы қыздарын сағынып қалыпты. Сондықтан оның шырқауындағы халық әндерін, Қазақстан композиторларының туындыларын және жергілікті азаматтардың шығармаларын ерекше ықыласпен тыңдады.
Өңірдегі Амангелді ауданының Байғабыл елді мекенде туып өскен даңқты әртіс көпшіліктің алдында көптеген құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерді әуелетті.
Оның репертуарындағы әндердің бәрі де өте мағыналы да мәнді. Сондықтан да концерт залында ине шаншар орын болған жоқ. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісінің Қостанайдағы жерлестерімен жүздесуі жоғары деңгейде өткендігін айтып өткеніміз абзал.
Кештің соңында руханият жанашыры, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов және Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниев сөз сөйлеп, Ғазиза Жұмекеноваға алдағы уақытта да мықты денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.
Әйгілі әнші өз кезегінде Ерлан Болатұлы бастаған барлық зиялы азаматтарға және өнердегі досы композитор-әнші Қалибек Деріпсалдинге шынайы алғысын білдірді.
Оразалы Жақсанов
Суреттерді түсірген Бағыдат Ахметбеков
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31