Өнегесі мен берекесі жарасқан Айсағалиевтар отбасы

 Ерлан мен Жұмакүл Айсағалиевтар «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезенінің үшінші қатысушылары.

Отбасы дегеніміз – ол адамның жылылық пен мейірімге толы киелі бесігі, қасиетті қара шаңырағы. Біздің Меңдіқара жерінде ғасырлар бойы ұрпақ сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып келеді. Ел ішінде құрметке бөленген, ардақты, өнегелі отбасылар баршылық.

Сондай үлгілі, өнегелі отбасылардың бірі, бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз Айсағалиевтар отбасы.

Шаңырақ иесі Ерлан Айсағалиев пен Жұмакүл Айсағалиева 1991 жылы шаңырақ көтеріп, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатқандарына 33 жыл.

-Біз  Қостанай облысына қарасты, Жангелдин ауданы, Торғай селосында дүниеге келіп, сол өңірде өсіп өнгенбіз. Жеңгелеріңмен студенттік шағымызда танысып, 3-4 жыл қыз-жігіт болып достасып, көп ұзамай шаңырақ көтердік. Бүгінгі таңда 5 баламыз, 4 немереміз бар. «Ерін құрметтеген ел озады» демекші, ер азаматты көкке көтеріп, мойынсұну біздің отбасының басты қағидасы. Азаматын құрметтеу арқылы әйел өзіне  деген құрмет сезімін оятады. Айрандай ұйып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беру жолында ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы мен татулығы үлкен рөл атқарады, – дейді шаңырақ иесі Ерлан Жүрсінұлы

Айсағалиевтар отбасы ауданымызға қарасты Жангелді ауылының тұрғындары. Отағасы мен отанасы ұлттық салт-дәстүрлерімізді барша жұртқа дәріптеп жүрген үлгілі отбасылардың бірі. Біраз жылдан бері мал шаруашылығы, соның ішінде жылқы айдап, бие баптап, тазы жүгіртіп, қымыз сапырудың хас шеберлеріне айналған десек артық айтпаған болармыз. Жұмакүл апайымыз мал сүтінен кез келген ақ тағамдарын дайындап, әр мерекеде дастарханды молынан жайып, жақындарын қуантатын көрінеді.

-Жолдасым екеуміз шаңырақ көтерген жылдары арамызда өзара түсініспеушіліктердің болғаны рас. Сондай уақыттарда барлығын ақыл мен ой елегіне салып, сабырлық танытқанымыздың арқасында бүгінгі таңда берекелі әрі үлгілі отбасылардың біріне айналдық. Әйел адамының мойнына жүктелетін міндеті өте ауыр ғой. Сол себепті, жас келіншектерге айтар ақылым, еріңді көкке көтеріп, сыйлап, құрметтесең өзің де сый-сыяпатқа бөленіп, шаңырағыңды қуаныш пен бақытқа айналдырасың. Біз балаларымыздың кішкентай кездерінен демалыс пен атаулы күндерді отбасымызбен атап өтуді бойларына дарыттық. Мерекелік дастархан жайып, бір-бірімізбен әңгіме дүкен құру, жыл сайын құрбан айт, соғым, алғашқы қымызмұрындық кезінде үлкен кісілерге дастархан жайып, отбасымызбен бас қосу біздің әулетіміздің басты дәстүріне айналған, – дейді отанасы Жұмакүл Айсағалиева.

Отбасының тұңғыш ұлы Таңатқан өз шаңырағының иесі. Қазіргі таңда Бейімбет Майлин ауданында мәдениет үйінде қызмет етсе, екінші ұлы Абылайхан Қостанай облысы көкпар командасының белді мүшесі, қорғаушысы. Биылғы жылы спорт шебері атанған үздік көкпаршы. Үлкен қызы Ақжүніс Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті болса, кенже қыздары Айғаным 6-шы сынып оқушысы.

Айсағалиевтар отбасы ауданымызда ұйымдастырылатын түрлі іс-шаралардың белсенді қатысушылары. Аудан намысын облыстық, республикалық отбасылық байқауларда бақ сынап жүрген үлгілі отбасыларымыздың бірі.

Айсағалиевтар отбасы қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрі сақталған отбасы. Бие баптап, қымыз сапырып, үй алаңына киіз үй тігіп, ақ кимешек киіп, немерелерін бесікке бөлеп, әлдиі шырқалған шаңырақ.

-Біз ата-бабамыздан мұра болып қалған салт-дәстүрлерімізді қатаң ұстанатын отбасымыз. Ата-әжелерімізден көрген тәлім-тәрбиені қазіргі таңда өзіміздің ұл-қыздарымыздың бойына дарытудамыз. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық салт-дәстүрлерімізді, киіз үй тігу, қымыз сапыру, ұршық иіру сынды құнды да қасиетті дәстүрлерімізді барша жұртшылыққа дәріптеу. «Қызым саған айтамын,келінім сен тыңда» деп ұл-қыздарыма халқымыздың асыл мұрасы, салт-дәстүрлерімізді ұстану жайлы ылғи да айтып отырамын, әрі өз шаңырағымызда қатаң ұстанамыз, – дейді Жұмакүл Өтегенқызы.

Өнегесі мен берекесі, татуылығы мен сыйластығы жарасқан Айсағалиевтар отбасы барша отбасыларға үлгі болары анық.  Кейіпкерлеріміздің отбасына амандық, дендеріне саулық тілей отыра, алдағы жоба барысына сәттілік тілейміз.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы «Отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасы шеңберінде «Меңдіқара ауданының ішкі саясат бөлімінің» ММ тапсырысы бойынша іске асты.

 

Ақжан БАЙТҰРСЫНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31