Науырзымдық қорықшыларға құрмет көрсетілді

Жыл сайын Қазақстанда қазан айының үшінші жексенбісі орман шаруашылығы күні атап өтіледі. Бұл күн еліміздің табиғи байлықтарын сақтап қалуда үлкен үлес қосып жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу мақсатында белгіленген.

Орманшылардың негізгі міндеті – орманды қорғау, ағаштарды күтіп-баптау, өрттің алдын алу және заңсыз ағаш кесуге жол бермеу. Олар сондай-ақ орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады.
30 қазан күні Докучаев жалпы білім беретін мектебінде орман шаруашылығы күні мерекесіне салтанатты шара өтті. Шараға осы салада ұзақ уақыт еңбек еткен ардагерлер мен бүгінгі кезде жұмыс істеп жүрген қорық қызметкерлері қатысты.

Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Елдар Искаков құттықтау сөз сөйлеп ашып, ізгі лебізін жеткізді.

–Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елдің басты байлығының бірі саналатын орман шаруашылығының экологиялық және экономикалық маңызы зор. Орманшы болу оңай емес. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдас беріп, әрбір түп талдың бой алып кетуіне, аң құстың амандығына тікелей жауап береді. Сіздердің ел байлығын еселеуде атқарып отырған еңбектеріңіз, еліміздің дамуына қосып отырған үлестеріңіз –жас ұрпаққа үлгі. Науырзым жерінің табиғатын, орманды сақтап, қорғау үшін әрі қарай да аянбай еңбек ете беретіндеріңізге сенім білдіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңізге толайым табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін. Ауданымыздың қорық қызметкерлерi өздерiңізге тапсырылған мiндеттердi зор жауапкершiлiкпен орындап, табиғи байлықты сақтау жолында жетiстiктерге жете беріңіздер! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қоршаған ортамыз таза болсын!, деді аудан әкімінің орынбасары.

Мұнан соң марапаттау рәсімі болып бір қатар азаматтарға төс белгімен алғыс хаттар табыс етілді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту саласындағы биологиялық әртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін 3 -ші дәрежелі төс белгісі қорық директоры Дулат Қойлыбаев пен Нұрлан Искендировқа тағылды. Сондай-ақ, аудан әкімінің алғыс хатыменде бір қатар азаматтар марапатталып, Науырзым мемлекеттік табаиғи қорығы директорының Құрмет грамотасы берілді. Осы мереке аясында төтенше жағдайдың алдын алу және жоюда белсенділік танытқан бірнеше мекемеге алғыс хаттар табыс етілді.

Орман шаруашылығы күні – еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін бағалайтын маңызды мереке. Олардың табиғатты сақтау жолындағы жұмысы қоғамның назарында болуы тиіс, себебі орман – Қазақстанның ұлттық байлығы.

Орманшылардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Фотоны ұсынған Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0