Науырзым аданында «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады. Елімізде маусым айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады.

Бұл бастама Науырзым ауданында да қолға алынды. Аудан бойынша биылғы еңбек маусымына барлығы 40 адам жұмысқа тартылып, олар екі ай бойы еңбек етпек. Оған 4 млн 800 мың теңге қаражат бөлінген.

«Жасыл ел» жобасымен жастарды уақытша маусымдық жұмысқа орналастыру қызметіне 15-35 жас аралығындағы оқушылар, жоғары оқу орындарының және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қамтылады. Қазіргі таңда жасақшылар ауданды көркейту, көгалдандыру мақсатында еңбек етуде. Жасылелдіктер жүктелген жұмысты жауапты орындап, қазіргі таңда егілген ағаштарды суару, абаттандыру, аудан көшелерін тазалау секілді жұмыстармен айналысуда.

Жасыл елдің басты мақсаты – оқушылар мен студент жастардың оқу үрдісіндегі бос уақыты мен демалыс уақытында еңбекпен шұғылдануын ұйымдастыру. Бұл тапсырыс берушінің келісім шарты бойынша жүргізіледі. Жасыл елдің ауданды жасылдандыру бағдарламасының негізгі жұмыстары айтарлықтай қиын емес. Жастар арамшөптерді жұлып, гүлдерді және ағаштарды күтеді. Акциялық жұмыстарға қатысып, патриотизм мен азаматтық сезімді қалыптастырып, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануды да алға қойған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырды. Қазіргі уақытта елімізде тазалық мәдениетін арттыру үшін “Таза Қазақстан” ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Жастар бұл бастаманың жалғастырушысы десе де болады.
Жастар қазіргі кезде Қарамеңді ауылы арасында абаттандыру жұмыстарын атқарып жатыр. Бұл ауданның көркін арттыра түсетіні белгілі. Жұмыс істеуге бел буған еңбек жасағы арнайы киімдермен қамтамасыз етілген, оларға маусым аяқталған соң арнайы жалақы төленеді. Осы жастардың ішінде үш жыл қатарынан еңбектеніп жүргендер де бар. Олар үшін бұл жақсы бастама. Жаз бойы текке жатпай қаражат тауып, өзінің керегіне жаратады.

-Жұмыс айтарлықтай қиын емес. Өткен жылдардағыдай да жастар адал еңбек етуге ынталы. Бәріміз бірге өз аумағымызды таза әрі әдемі ете аламыз. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған мемлекеттік жоба жастар үшін жақсы қолдау. Жұмыс істеп қана қоймай, уақытты қызықты өткіземіз. Күніне 6 сағат жұмыс істеп жалақы төленетін болады, – дейді жасақ мүшесі Күнсұлу Қоржынбаева.

Е ң б е к ж а с а ғ ы н ы ң еңбекақысы алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір көтерілді. Оның көлемі 85 мың теңгені құрайды. «Жасыл ел» жастардың алғашқы жұмысы болып есептеледі. Бұл жерде қаражат табудан өзге негізгі мақсат – кейінгі буын өкілдерін табиғатты құрметтеуге үндеу, еңбекке баулу, жақсы орта табуға септесу екені анық.

Тапсырысты «Науырзым ауданының ішкі саясат бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Инновационное образование» қоғамдық бірлестігі жүргізіп жатыр. «Жасыл ел» жұмыспен ғана шектелмей, жастарды қоғамдық өмірге тарту үшін іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ай ӘБДІЛДА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 6