Мешіт табаны – киелі орындар қатарында

Аймағымыздың тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына Орқаш ауылындағы Жәудір ана мешітінің орны енгізілгені белгілі. Бұл науқанға бір кісідей атсалысқан – осы ауылда ұзақ жылдар ұстаздық еткен өлкетанушы Назым Төребаева. Бұған дейін де дәл осы Қарасу жеріндегі Байсары батыр Самыратұлының жерленген жері Қостанай облысының тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне кірген болатын.

Енді Жәудір ана мен ол кісінің жасаған еңбегі, шарапаты туралы аз-кем ақпарат берсек. Жәудір Оразқызы– саналы ғұмырын дінді насихаттауға арнаған емші, шипагер, әулие.1810 жылы Әжі-Ахмет әулетінен тарайтын Қара Қағай батырдың ұлы Ораздың шаңырағында аяқ-қолы кеміс қыз туады. Кемтар туған Жәудір 10 жасқа толғанда аяқ-қолы түзеледі, 15 жасында атақты сұлу атанады, 18 жасында, яғни 1828 жылы Жаппас деген үңгіт жігітімен тұрмыс құрып, қызды болады. Жаугершілік соғыста ері, кейін қызы қайтыс болып, осындай қайғыдан кейін Жәудір апамыз Түркістанға келіпті. Рухани ортада сауатын ашып, емші атанады. ХІV ғасырда Әжі-Ахмет салдырған мешіт-медресені оның ұрпағы Жәудір ана ХІХ ғасырдың 50-ші жылдары қайта жөндетіп, бұл ғибадат үйі Жәудір мешіт-медресесі деп атала бастапты. Ал өзі екі рет Меккеге барып келген деседі. Әз ананың көп ғұмыры Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткенмен, ол кісі Орқаш-Қарасу елінде жерленген.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдарына дейін Түркістан қаласында жұмыс істеп, ел жадында қалған көптеген мешіттердің болғаны белгілі. Сондай Алла үйінің бірі әрі ең атақтысы – Жәудір (Әжі-Ахмет) мешіт-медресесі қарапайым махалләлік мешіттен қарилар даярлайтын оқу орны дәрежесіне дейін көтерілген бірден-бір діни орталық. 62 мешітке қажетті қарилар оқытатын ғибадат ордасы болғандықтан, мұнда Құран мен хадистерді, шариғатты терең түсініп, талдап, аударып, мағынасын жеткізіп бере алатын аса ірі ілімгерлер ғана сабақ беретін болған. Жәудір мешіті-медресесі туралы деректер елдің аузында қалып, атадан балаға берген деректер негізінде айтылып келді. Белгілісі, діни сауатты, емші, шипагер, әулие ана медреседе дәріс бергенімен қоса, сол арада бақ өсірген. Жергілікті елдің есінде «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы» болғаны туралы деректер бар. Археологтар бұл жерде өткен ғасырдың бірінші жартысында қиратылған Жәудір мешіт-медресесінің сорабын тауып, зерттеу жұмыстары нәтижесінде көптеген тың дерекке қанығып отыр.

Әз ана өзінің 70 жылдан астам ғұмырын Әзірет Сұлтан ғимаратының жанында өткізген жан. Мешітті ұстап, дәріс беріп, емшілік жасаған. Әулие ана кезінде «құшнаш» деген атқа ие болыпты. Елде шипагерлерді: теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, әулие, әмбие деп 24 түрге бөліп, оларға жеке-жеке анықтама беріп талдай отырып, әр емшінің өзінің жеке қасиетіне баға беріп, оның шипалық ерекшеліктерін тұжырымдамалы ой талғамымен түйіндейді. Осы шипагерлердің бірі – құшнаш Жәудір ана болғаны анық.

Әзірет Сұлтан алдында күншығысқа таман орналасқан, Хан көшенің бір жақ шетіндегі «Жәудір Әжі-Ахмет» мешіті биік, зәулім, шошақ етіп салынған. Үш-төрт бөлмелі, керемет нақышты, өте биік мұнаралы, биіктігі екі үйдей, едені күйдірілген кірпіштен жалтыратылған, төбесі ағашпен өрнектелген мешіт болған екен. Жанында алыстан келіп, оқыған шәкірттер үшін жатақханасы болған. Мемлекетік «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайы археологтарының зерттеулері, тапқан археологиялық материалдары анықтағандай, осы маңда 50-60 гектар жүзімі бар Жәудір бағы болған.
Қазіргі күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бір шақырымға жуық қашықтықта орналасқан Жәудір ана мешіт-медресесін қайта қалпына келтіріп, жаңғырту мәселесі қолға алынуда.

Ал 1914 жылы Орқаш-Қарасудың телеу Сәтбай мен жағалбайлы Самұрат болыстары Түркістанға келіп, Жәудір ананы «мешіт ашып, үлгі көрсетіңіз» деп еліне алып келеді. Жәудір ананың шарты бала оқытып, мешіт салу болатын. Сөйтіп, Қамысты ауданында Қарасу, Кіндікті өзендері аралығындағы қамысты жердегі Әзім әулиенің жанына мешіт салдырады. Әулие әжей 1918 жылы 108 жасқа келген шағында дүниеден өтіп, Орқаш-Қарасу елінің Балықшы зиратында Әзім әулиенің жанына жерленеді.

2020 жылы Орқаш ауылында Қазақстанның түкпір-түкпірінен телеу руының азаматтары жиналып, әженің 210 жылдығына арнап ас беріп, құран бағыштады. Одан кейінгі жылы зиратқа белгі, басына қара мәрмәрдан құлпытас қойды.

Шұға Қоңқабай.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 8