«Мен ауылдамын» сауықтыру этнолагері ашылды

 №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінің ауласы уақытша этноауылға айналған. Мұнда киіз үйлер тігіліп, «Батырлар», «Қаныш Сәтпаев», «Алаш ауылы» сынды бірнеше ауыл бой көтеріпті. Өңірге белгілі шебер ана-апа, әжелеріміз балаларға киіз басып, құрақ құрауды, ұлттық тағам түрлерін әзірлеуді үйретіп жатыр.

-Бұл – кейінгі буынның ұлтжандылығын арттырып, патриоттық санасын ояту үшін қолға алынған жоба, – дейді ұйымдастырушылар.
Ерекшелігі сол, онда демалатын балалар жүн түту, ұршық иіру, құрақ құрау, қамшы өру секілді халық қолөнерін меңгеріп, ұлттық ойындарды үйренеді. Алдағы уақытта туған өлкенің жер-суын тереңірек тану үшін өлкедегі тарихи жерлерге саяхат жасайды.

– Балалар мына жерде жүн түтіп, жүн сабаудың, асық ойнауды үйренеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін, қазақтың негізгі ұлттық ойындарына көбірек көңіл бөлу – біздің мақсатымыз. Арқан тарту, қазақша күрес, ұлттық бағытта үлкен шаралар өткізілді, – дейді осы мектеп мұғалімі Ақбөбек Жеңісхан.

Этнолагерьде Қамысты ауылының 30-ға тарта баласы ай жарым тынығып, ата дәстүрді тереңірек меңгермек. Бірі асық атып, енді бірі тоғызқұмалақ ойнап, өзгелері боз кілемде иық тірестіруде. Қазақтың әні мен күйін тыңдап, ұлттық киімдердің ерекшелігімен де танысып жатыр.

-Мақсатымыз – халқымыздың салт-дәстүрлерін оқушыларға көрсете отырып, насихаттау, олардың бойына елжандылықты қалыптастыру, патриоттық сезімдерін арттыру. Жас жеткіншектер тілімізді, ділімізді, дінімізді, ұлттық өнеріміздің барлығын бойына сіңіріп өсу керек. Сонда ғана біз нағыз қазақты, нағыз елжанды қазақты, ұлттың болашағын көркейтетін ұл мен қызды тәрбиелейміз деп есептеймін, – дейді №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахиля Тәжібаева.

Мұнда «Тарихи тағылым» бағытында әр киіз үйге экскурсия өткізіліп, халық және қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. Оқушылар ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ойындар түрлерін, ұлттық өнерді тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Жас ұрпаққа туған жердің тау-тасын тереңірек таныту үшін алдағы күндері тарихи орындарға арнайы саяхаттар ұйымдастырылмақ.

Этнолагерьге жазылған балалар да жылдағыдан ерекше деп таңданыстарын жасырмады. Соның бірі – №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінің 2 сынып оқушысы Жарқын Хасенова.

– Мұндағы үйірме қатты ұнап жатыр. Себебі, жазғы мектепке қатысу арқылы жаңа достар таптым. Ұлттық ойындар ойнадық. Киіз үйде әже, апамыздан жүн түтуді, ұршық иіруді үйрендік, – деді кішкентай Жарқын.

Айта кету керек, Лисаков пен Жітіқара қалаларынан мұғалімдер арнайы келіп, бір күн бойы этнолагерьдің қызығын тамашалады. Арнайы ұйымдастырылған семинарға қатысып, қолөнер шеберелерінің көрмесін тамашалады. Жабылуы «Ән шырқайық, бәріміз» атты қазақ әндерінің концертімен аяқталды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0