Меңдіқаралық тұрғын Бахыткүл Абдуллина қыс қамына қазірден кіріскен

 Нағыз еңбектің тілін түсінген, шаңырағының берекесі мен бірлігін келтіріп отырған, бүгінгі біздің кейіпкеріміз нағыз еңбексүйгіш және көп жанға үлгі бола білген жан – Бахыткүл Абдуллина.

«Еңбек етсен ерінбей, тояды қарының тіленбей» деген ұранды ұстанған бүгінгі біздің кейіпкеріміз Бахыткүл Тұрсынғалиқызы 1975 жылы Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 2002 жылы Боровской ауылына қоныс аударып, қазіргі таңда Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясы жанындағы интернатта тәрбиеші болып жұмыс жасайды.

Өз үйлерінен жырақта жүрген балалардың тілін тауын, өз тәрбиеленушілерінің анасындай болған Бахыткүл апай өз жұмысының қыр-сырын жақсы меңгерген.

-Мен өз жұмысымды, өз тәрбиеленушілерімді қатты жақсы көремін. Интернат біздің үйіміздей болып кетті. Әр ауылдан білім іздеп келген балалардың мінездері әр түрлі. Әр баланың тілін тауып, жақсы тәрбие беруге тырысамыз. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, балалардың көңілін тауып, бала жүрегіне аналық мейірім сыйлап келеміз. Әйел баласына еңбек пен қатар отбасының ұйытқысы болу оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан, жұмыста да үйде де өз міндетімді мінсіз атқарып, жанұямның берекесі үшін қолымнан келгенді жасаудамын. Жолдасым Ғабит ағайларың да ұстаздық жолды таңдаған жан. Бала жанын жақсы түсініп, еңбегін абыроймен атқаруға тырысады. Екеуміз өмірдің қуанышы мен қызығын қатар көріп келеміз, – дейді Бахыткүл апай.

Асхананың ханшайымына айналған бүгінгі кейіпкеріміз бау-бақша егудің, жаз шықса түрлі жидектер терудің хас шеберлеріне айналған десек артық айтпаған болармыз. Жаз бойы таңның атысымен бақшадағы түрлі жемістермен көкеністерді күтіп – баптап, еңбектің тәтті дәмін қыста татады екен.  Бахыткүл апайымыз түрлі жеміс-жидектерден тосап пен шырын қайнатса, көкеністерден түрлі салат түрлерін жасап, жақындарын қуантатын көрінеді.

Бахыткүл апайымыз отбасының ұйытқысы, он саусағынан өнері тамған жан. Ол кісі бау-бақшадан бөлек, ас үйде түрлі тағамдар дайындаудың қас шебері. Кейіпкеріміздің қолынан шыққан тәтті торттары тіліңді үйіріп, көздің жауын алады. Күнделікті түрлі торттар, бәліш, пирогтар дайындап дастарханың сәнін келтіреді.

-Күн жылынып, жаз келген шақта бізде күннің батысына дейін қызу тіршілікпен қыс қамына дайындаламыз. Таң сәріден бау-бақшамызға білек сыбана кіріссек, кешке таман үй шаруасымен айналысамыз. «Еңбектің наны тәтті» ғой, сол себепті әрдайым еңбек еткенді жөн санаймын. Бақшамдағы түрлі көкеніс пен жеміс түрлерінен тосап пен салаттар дайындасам, сүт тағамдарынан ірімшік, құрт-майымды, түрлі рецепттер арқылы әр түрлі тағамдарды дайындағанды жаным сүйеді. Қолдан келіп жатса, барлығын өз қолымнан жасағанды қалаймын, себебі, отбасымызбен тек табиғи азық-түлікті тұтынғанды жөн санаймыз, – дейді Бахыткүл Абдуллина

Кейіпкеріміз халқымыздың салты мен дәстүрін, ата-бабаларымыздан қалған ұлттық құндылықтарымызды сақтап әрі дәріптеп келе жатқан жандардың бірі. Өз қолынан той-томалақтарға ұлттық оюларымыз суреттелген, көздің жауын алар дорба, қоржын жасап өз тұтынушыларын қуантады.

Әр жасаған ісінен рахат алып, ертеңгі күні пайдаға асыра алатын еңбек адамының жастарға үлгі болары сөзсіз. Жолдасы Ғабит ағайымызбен бірге екі баланы тәрбиелеп, өсіруде. Бүгінде асыл жар, аяулы ана, ардақты әже.

Өз балаларымен, кейінгі жас келіндерге үлгі бола білген бүгінгі кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Еңбегіңіз жаңа беріп, қанатыңыз бен қайратыңыз талмасын дейміз.

Ақжан Байтұрсынова


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 5