Мұғалімнің мәртебесі туралы

немесе анамызды қалай ардақтасақ, ұстаздарымызға да сондай құрметпен қарайық


Бұл маңызды жай ме­ні жас маман ре­тінде көптен бері толғандырады. Өйткені, бәсекеге қабілетті жас мамандардың тиянақты білім алып, білікті маман атануы білім ордасының табалдырығын аттаған кезінен басталады.

Себебі, мұнда оларға көп жылдық тәжірибесі бар, өз саласының нағыз білгірлері дәріс береді. Олардың бойына заман талабына сай ұлтжандылық, патриоттық сезімдерді қалыптастырады.

Мен мұны өз басымнан өткізгендіктен де жақсы білемін. Кезінде облыс орталығындағы Сырбай Мәуленов атындағы қазақ гимназиясын тәмамдадым. Сондағы Бекежан Көшмырзин бастаған ардақты ұстаздар мәңгілік жадымда қалды.

Солардың тиянақты білімі және талапшылдығы арқасында қазіргідей деңгейге жеттік. Бұл күндері академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің магистрантымын.
Ерекше атап өтер жай, мұнда да кәсіптерін жетік білетін, тәжірибелі де білікті профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары, оқытушылар бізге терең білім беріп жатқандығын айтып өткім келеді.
Ұстаз… Осы сөзде қанша мағына жатыр. Олардан да жоғары жауапкершілік талап етіледі. Өйткені, ұстаздар әрқашан да тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болып табылатын, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуға атсалысып жатқан, көп қырлы мамандық иелерін даярлайды.

Өзім ұлтымыздың абыз ақсақалдарымен де кездескен кездерімде олардың тарапынан қаншама мұғалімдерге деген айрықша құрметті, жылы лебізді естимін.

Олардың айтуына қарағанда, сонау өткен жылдары мұғалімдердің халық арасындағы абыройы мен беделі өте жоғары болған. Мұндай ұстаздар елімізде аз емес еді.

Мысалы, ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннен бастап, көптеген педагогтар еліміздің жарқын келешегі үшін аянбай тер төкті. Біздің республикада Ыбырай атамыздың ізін басып келе жатқан мұғалімдер жетерлік.

Мәселен, Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Нұртазина, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова секілді мақтан тұтатын апаларымыздың өнегелі өмірі барша жастарға ғибрат боларлықтай.

Кезінде олардың халық алдында мерейі үстем болғаны рас. Себебі, өздері сондай құрмет пен сыйға әбден лайықты. Мұғалім деген ардақты аттың нағыз майталмандары емес пе еді?

Мысалы, кешегі Кеңес Одағы кездерінде ауылдағылар мектеп директорына және ұстаздарға айрықша сыйластықпен қарайтын. Олар алыстан келе жатса, жол беріп, өтіп кеткенше сыйластық танытып тұратын.
Өкінішке орай, бұл күндері мұғалімдер оқушыға жол беретін деңгейге жетті. Бұл түбірімен дұрыс емес. Сондықтан ұстаздардың мәртебесін көтеретін «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданбақ. Ол үстіміздегі жылы мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында қабылданады деседі.

Сондай-ақ ұлтымыздың даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың артында көпке үлгі болып қалған ой-пікірлері де бар. Атақты тұлғаның: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген ұлағатты сөздерінде үлкен мән жатқан жоқ па.

Сонымен қатар Алаш ардақтысы, ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың да мына бір тұжырымы да барша қауымға өнеге. Оның сонау бір жылдары: «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп айтқан даналық әрі ұлағатты сөзі де өте орынды деп есептеймін.

Өйткені, олардың алдынан ғалым да, ақын-жазушы да, әртіс те, барлық мамандық иелері дәріс алды. Ғибратты сөздерін естіп, өмірден өз орындарын тапты.

Жасыратын ештеңеміз жоқ, кешегі жеке мемлекет атанған шақта, яғни экономикамыз қиындыққа ұшыраған тоқырау жылдары бірқатар ұстаздар ардақты да құрметті мамандықтарын амалсыз ауыстырып, күйбең тіршілік қамымен кетті.

Қытайдың ала дорбасын арқалап, базар жағалаған ағаларымыз бен апаларымызды көргенде жүрегіміз қан жылайтын. Олардың арасында кезінде жоғары білім алған ұстаздар қауымы аз емес-ті.

Алайда бұл уақытша қиындық еді. Егемендіктің арқасында еліміздің әл-ауқаты жақсарып, халықтың тұрмысы да оңалды. Экономикамыз көтерілген соң оларға мүмкіндігінше қамқорлық туғызылып келеді.

Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы да ұстаздарға деген құрметінің белгісі ретінде қаншама рет олардың қызметіне зиянын тигізетін қағазбастылықтан арылу, олардың міндетіне кірмейтін жұмыстардан босату жайлы айтқан пікірлері, меніңше, барлық мұғалімдерді серпілтіп, тың ізденістерге жетелегендігі ақиқат.
Осы арада бір айта кетер жай, республикалық басылым беттерінде жиі қозғалып жүрген маңызды жайттың бірі – ұстаздар арасында ер азаматтардың азайып кеткендігі.

Мектептерде сабақ беретін педагогтардың басым көпшілігі – жүрегі нәзік әйелдер екендігі белгілі. Сондықтан да ер ұстаздар аз болғандықтан, ұл балалар ұсақталып, қыз мінезді жігіттер көбейіп бара жатқандығы жайлы да пікірлер жоқ емес. Осы маңызды жайлар да баршаны толғандыруға тиіс.

Ер азаматтардың мектепке мұғалімдік қызметке келмейтін себебі – жалақының аздығы, талаптың шектен тыс көптігі деген де сөздерді естіп қаламыз. Алайда қазіргі уақытта елімізде мұғалімдердің мәртебесін көтеру хақында мәселелер көтеріліп жатқандығы баршаға мәлім.

Бұл күндері елімізде «Педагогтар мәртебесі туралы» деп аталатын заң жобасы талқыланып жатыр. Ол бала тәрбиесімен айналысып, оларға саналы тәрбие, сапалы білім беріп жатқан, өз кәсіптеріне адал жандардың халық арасындағы абыройын арттыратындығы даусыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып жатқан ізгі мақсаттағы аса маңызды құжат жүзеге асса, қалың жұртшылықтың да қуанышқа бөленетіндігі айдан анық.

Аталмыш заң жобасы жөнінде еліміздің басты газеті, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болып табылатын «Егемен Қазақстанда» қаншама оқырманға ой салар, біздің әріптестеріміз мұғалімдердің рухын көтеріп, өз кәсібіне деген шексіз қызығушылығын көтеріп отырған мақалалар, ойлы пікірлер жарияланып жатқандығы көпке белгілі болса керек.

Шынында да, педагог – болашақ кез келген мамандық иесіне үлкен өмірге жолдама беретін тұлға әрі ізденімпаз жан екендігі айтпаса да түсінікті. Сол себептен де өз басым жоғарыда аталған заң жобасын өте маңызды деп ойлаймын. Оны біздің әріптестеріміз көптен күткені де жалпақ жұртқа аян.

Жалпы, ұстаздық қызметтің жауапкершілігі мол, алайда кез келген ұл мен қыздың болашағына бағыт-бағдар беретін әрі солар үшін ғұмырының көп жылдарын арнайтын кәсіп иесі екендігі белгілі. Дегенмен, елімізде әлі де олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты шешімін күтіп тұрған өзекті жайлар да жеткілікті.
Мысалы, бірінші кезекте баспана мәселесін айтар едік. Қалалық жерлерде басыбайлы үйлері болмағандықтан, көп жылдардан бері пәтер жалдап жүрген ұстаздар жоқ деп кім айта алады?

Олардың жалақысы да өзінің мұқтажына толық жетпейді. Қазіргі уақытта бәрі де қымбат. Суға шейін сатулы емес пе? Алған айлықтары шайлықтарынан қалмайды. Оның үстіне, олардың өсіп келе жатқан балалары бар. Перзенттерін балабақшаға беру үшін де қаражат жұмсалады.

Жалпы, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын ұстаздар, негізінен, қолдайды.

Ұстаздарды толғандыратын жайлармен қатар балаларды үш ауысыммен оқытатын елді мекендер де бар. Олардан да арылатын шақ келді. Осы мәселелер шешімін тапса, мұғалімдер де ауылдық жерде жұмыс істеп, балалардың білім сапасын бұрынғыдан да жақсарта түсер еді.

Қазір ауыл, қала деп бөлуге болмайды. Өркениетке ұмтылып келеміз. Ұстаздар мен мектеп оқушылары ғаламторды жетік меңгерген. Әлем жаңалықтары олардың көз алдарында.

Әрине, әлі де шешімін күтіп тұрған жайлар жоқ емес. Сөздің орайы келгенде, өзімнің көкейімде жүрген пікірлерімді де ортаға салып кетпекпін. Өздеріңіз білесіздер, әскери қызметкерлердің өз емханалары, госпитальдары бар.

Осы секілді мұғалімдердің де денсаулығын ұдайы тексеріп, оларды емдейтін жеке орындар болса, нұр үстіне нұр емес пе. Өзгелердің бақыты үшін бойындағы барлық қажыр-қайратын, білімі мен білігін, ақыл-парасатын аянбай жұмсап келе жатқан педагогтарға қандай жағдайлар туғызсақ та жарасады.

Осының бәрі, сайып келгенде, мұғалімдердің бұрынғы мәртебесін қайтарып, олардың халық арасындағы беделін көтеруге септігін тигізетіндігі даусыз.

Жалпы, ұстаздар қауымы өз жұмысын барынша тиянақты, жауапкершілікпен атқаруы үшін лайықты жағдай туғызылуы қажет-ақ.

Сонда ғана олардың жұмысы барынша жанданып, терең білім нәрімен сусындаған шәкірттері де егемен еліміздің мақтанышына айналары сөзсіз.

Өзім шәкірті болып табылатын білімнің қара шаңырағы Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің барша профессорлары, оқытушылар құрамы алдағы кездері де педагог кадрларын даярлауда біліктілік, тың ізденіс таныта беретіндігіне нық сенімдімін.
Университет демекші, үстіміздегі жылы аталмыш жоғары оқу орнына 80 жыл толғалы тұр. Сондықтан мерейтой қарсаңында барша ұстаздарымызға мықты денсаулық, қызметтерінде табыс, отбасыларында бақыт тілеймін!

Дарын Отынбай


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 20