Иісі қолқаны қабады: Арқалықта қоқыс неге уақытылы шығарылмайды?

Арқалық халқы қоқыс шығаратын компаниялардың жұмысына шағымданды. Тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды деген тұрғындарды мүңкіген сасық иіс мезі еткен. Көпшіліктің айтуынша, қала орталығындағы көпқабатты үйлердің ауласынан тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды.  Қалада қоқыс шығару тарифі – адам басына 370 теңге көлемінде. 

«Тазарту-Арқалық» ЖШС басшысы Мұхтар Бауыржанұлының айтуынша, бұл облыс бойынша ең төмен тарифтердің бірі. Мысалы, қоқысқа белгіленген баға Тобыл қаласында – 470 теңге көлемінде. Сондықтан, тарифті көтеру мәселесі де қарастырылуда.
Қоқыс шығаратын техника күн сайын таңертеңгі сағат 7.30-дан кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда, сол «баяғы жартас, бір жартас».
– Біз өз қызметіміз үшін төлемді күнделікті тұтынатын тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығарып отырғанымыз үшін аламыз. Тазалық сақталмауының себебі – үйлеріне жөндеу жүргізген тұрғындар құрылыс материалдарын, ескі жиһаздары мен басқа да қажетсіз дүниелерін қоқыс жәшіктерінің айналасына әкеп төгіп кетеді. Сенбілікте жинаған қоқыстарын да осында апарады. Бұл жағдай біздің мекемеге көп уақыт жұмсап, адамдарымызды артық жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Әлгіндей бейберекет шашылып жатқан қоқыстарды жұмыскерлерімізамалсыздан қолмен тиейді. Соның салдарынан көп жағдайда қоқысты алып кету үшін бір жерге екі -үш мәрте қатынауға тура келеді. Негізінен, мұндай ірі қоқыс түрлерін тұрғындар өздерінің күш-көліктерімен немесе техника жалдап, қала сыртындағы қоқыс полигонына апарып төгулері қажет, – дейді осы жұмыспен тікелей айналысатын «Тазарту-Арқалық» ЖШС басшысы Мұхтар Өтеулі.
Әзірше, қаладағы қоқыс мәселесінің жағдайы осылай. Мекемеге артық қоқыстан арылудың бірден бір жолы – қала билігінің бейнекамераларды көптеп орнатуды жоспарлап отырғаны.
«Біз өз тарапымыздан жыл сайын қалаға іргелес елді мекендерді, шағын аудандарды да аралап, тұрғындарға келісім-шартқа отыру жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Алайда, оның нәтижесі аз. Көбісі келісім-шартқа отырудан бас тартады. Мысалы, Новый кентінде тұрғындардың 10 пайызы ғана келісім-шартқа отырған. Бізге бұл тиімсіз. Себебі, шығынды ақтамайды. Алдағы уақытта жеке сектор тұрғындары толық келісім-шартқа отырса ғана, қоқыстарын тұрақты түрде шығарып отыруға дайынбыз», – дейді қала тазалығына жауапты мекеме басшысы.
Айта кету керек, тағы бір мәселе – қоқыс жәшіктерінің көбісінің тозығы жеткендігі. Сол себепті, қала әкімдігіне ұсыныстарын беріп, жуырда 30 контейнер жаңартылды. Қажеттілікке сай мекеме тағы да осынша қоқыс жәшігіне өтініш беріп отыр.
Арқалық қаласында тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын бір-ақ компания.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, суреттерді түсірген Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0