
Денисов ауданындағы ауыл кітапханасының ахуалы қандай?
Перелески ауылының кітапханашысы Наталья Димбаева мамандығын ерекше құрметтейтін жан.
Ол бала кезінен кітапханашы болуды армандаған. Қалаған мамандығы бойынша жоғары біліп алып, бүгінде Перелески ауылындағы кітапханада және мектеп кітапханасында қосымша жұмыс істеуде.
Кейіпкеріміздің кітапхана саласындағы жалпы еңбек өтілі 17 жылдан асады. Перелески ауылындағы кітапханада жұмыс істеп жатқанына он жылдан асыпты. Ол өзінің мамандығын ерекше құрметтейді. Ай сайын әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, балаларды оқуға шақырумен келеді.
-Мен кітапханашы мамандығын кездейсоқ таңдаған жоқпын. Кішкентай кезімде ауылдық кітапханаға жиі баратынмын. Ол жер ұядай жылы, жайлы еді. Балалар кітапшалары төменгі сөреде тізіліп тұратын. Көздің жауын алатын түрлі-түсті кітаптар әлі күнге көз алдымда. Сол жерде отыра қалып кітаптарды парақтап қызықтайтынмын. Ауыл кітапханасында сағаттап отыратынмын. Осылайша кітапқа деген қызығушылығым арта берді. 8-сыныпта оқып жүргенімде кітапханашы боламын деп шешім қабылдадым. Себебі мен кітап оқығанды ұнаттым. Маған кітап оқыған ұнайтын. Осылайша Ижевск мәдени-ағарту училищесіне кітапханашы мамандығына оқуға түстім. Менімен бірге сыныптастарым да барды. Олар басқа факультетке, басқа мамандыққа тапсырды. Алайда қатарластарым оқуды аяқтамастан жарты жолда тастап кетті. Мен оқуымды бітіріп, диплом алдым. Сол уақытта ата-анам Қазақстанға қоныс аударды. Мен де оқуымды аяқтап, ата-анамның артынан осында келді,-дейді Наталья Димбаева.
Ел арасында тоқырау кезеңі деп аталған 1990 жылдар шынымен қиын уақыт еді. Наталья Димбаева сол жылдары тұрмысқа шығып, бала тәрбиесімен үйде отырып қалады. Ол кезде жұмыс табу қиын еді. Содан бері арада қаншама жылдар өтті. Бертінде Перелески жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы зейнеткерлікке шығып, кітапханашының орны босайды. Сөйтіп, кейіпкеріміз дипломы бойынша жұмысқа шығып, мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндік алады.
Наталья Димбаева кітапханашы мамандығы бойынша Челябі мәдениет және өнер академиясын бітіріп, жоғары білім алған. Кейіпкеріміз «әр адамның үйінде жеке кітапханасы болғаны дұрыс» деп есептейді. Өйткені, кітап оқымайтын отбасы рухани кедей.
-Біз төрт ағайындымыз. Үлкен әпкем филология мамандығын бітірген. Үйде оның үлкен кітап сөресі болатын. Сөренің биіктігі еденнен басталып үйдің төбесіне дейін жететін. Тұрмысқа шыққанда сол кітаптарды алып кетті. Үйде жеке кітапхана жасақтау біздің отбасымыздың дәстүріне айналған. Өздігімнен түсініп оқыған алғашқы кітап –Даниэль Дэфоның «Робинзон Крузо» романы. Сол кітапты жата-жастана оқығаным әлі есте. Кітаптың мұқабасы керемет безендірілген, әр беті ашық, жарқын бояумен қанық боялған, тамаша кітап еді. Жақсы көретін кітабым – америкалық жазушы Маргарет Митчеллдің «Унесённые ветром» романы. Аталған романында жазушының «Мен бұл туралы кейін ойланамын» деген әдемі сөз тіркесі бар. Жеке басымда қиын сәттер болғанда мен де іштей «Бұл жайлы ертең ойланамын» деп өзімді қолға аламын. Кез-келген мәселені бір күнде шешу міндет емес. Ертеңгі күнге қалдыруға болады,-дейді Наталья Димбаева.
Кейіпкеріміз былтыр облыстық #ОқыЖәнеЖең байқауына қатысып, сертификат алды. Қазір байқаудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Наталья ханым биыл да бағын сынауда. Екі кітапты оқып, тестілеуден өтіпті. Енді үшінші кітапты күтіп жүр.
Перелески ауылында ересектерге қарағанда балалар кітап оқуға жақын екен. Кітапхананың белсенді оқырмандары да сол – балалар. Ауыл кітапханасының қоры өте бай екен. кітап сөрелері жаңа кітаптармен жиі толығады. Балаларға арналған түрлі журналдар бар. Әртүрлі балалар әдебиетін табасыз. Ал мектеп кітапханасының қоры жұтаңдау. Ол жерде жылына жаңадан сегіз кітап қана келіп тұрады екен.
-Қазір балалар сағаттап телефонға телміреді, кітап оқуға құлықсыз. Бұл олқылықты мектеп табалдырығын енді аттаған 1-сынып оқушыларын бастау керек. Мен бастауыш сынып оқушыларына экскурсия өткіземін. Балалар сондай қызығушылықпен тамашалайды. Бірақ уақыт өте олардың ынтасы сейіле түседі. Неге екені белгісіз. Балалардың кітапқа деген құмарлығын оятып, қызықтыра білу үшін мектеп кітапханасына түрлі кітаптарды көбірек жіберсе деген ізгі тілегіміз бар,-дейді Наталья Димбаева.
Қай уақытта болмасын кітап оқудың маңызы зор еді және солай болып қала бермек. Бұл сөзімізді біздің кейіпкеріміз де қолдап-қуаттайды. Перелески ауылында балалардың кітап оқуға деген ниеттері одан әрі арта түсеріне шүбә жоқ. Қазірдің өзінде бұл ауылда Анастасия Мурзак есімді жас оқырман бар. Настя – Перелески жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы. Белсенді оқырман. Ол британдық балалар жазушысы Холли Веббтің кітаптарын сүйіп оқиды. Анастасия #ОқыЖәнеЖең байқауының үшінші кезеңіне қатысуда. Қаршадай қыз елу сұрақтың 44-46-на дұрыс жауап беріп жүр. Кітап оқығанды жақсы көретін оқушының болашағы жарқын боларына сенімдіміз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31