
Денисов ауданында атадан балаға жалғасқан механизаторлар әулеті тұрады
Перелески ауылының ежелгі тұрғыны Владимир Зениннің «Кировец-700» тракторын тізгіндегеніне 50 жыл. Ол өмір бойы ауылдағы «Сарыағаш» ЖШС-да тракторшы болып табысты еңбек етуде.
Жастайынан ауыл шаруашылық техникасына қызығып өскен азамат есейіп, ес білген соң трактор тізгініне отырған. Содан бері елу жыл зулап өтті. Әлі күнге алып техниканы жүргізіп келеді.
Владимир Зенин механизатор-тракторшы ретінде 1973 жылдан бері жұмыс істеуде. Бүгінде құрметті зейнеткерлікке шыққан. Алайда, қарияның бос отырғысы жоқ. Сондықтан «Сарыағаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмысын әлі күнге жалғастыруда.
-Қол қусырып бос отырғым келмейді. Ең дұрысы жасыңа қарамай еңбек ету. Зейнеткерлікке шықсам да ауыл өміріне бір пайдамды тигізгім келеді. Сондықтан трактор тізгінін тастамадым,-деді Владимир Зенин.
Кейіпкеріміз 4 жасында Украинадан кетіп, Қазақстанға көшіп келген. Кең байтақ қазақ даласына қоныстанып, тамыр жайды. Үйленіп, ұрпақ сүйді. Қазақ жерінде өсіп-өнді. Үш бала, жеті немере және шөбере сүйді. Балалары мен немерелері де әке жолын жалғап механизатор мамандығын меңгерді. Мәселен, Владимир Зениннің немересі Александр атасының жолын қуып, механизатор-тракторшы атаныпты. Жас механизатор бүгінде «Сарыағаш» ЖШС-да табысты еңбек етуде. Осылайша Зениндер әулетінде үш буын өкілдері механизатор мамандығын меңгеруде.
-Адам өзінің жұмысын шын ниетімен жақсы көріп жасау керек. Сонда ғана ісің алға басады, жақсы нәтижеге жетесің. Өз басым жұмысты тиянақты атқарсам көңілім жайланады,-деген Владимир Зенин «Кировец-700» тракторына жеткенше асықты. Алып техникаға жүйткіп мініп, шаруаға кірісті. Өз ісіне берілген осындай еңбекқор жандар ауыл экономикасын дамытуға шынайы үлес қосуда.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Адиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31