Бір көше – бір тарих. Қамыстыда генерал Ержановтыңкөшесі бар

Тарихтың бір парасы – қала көшелері екені де даусыз. Өйткені әр көшенің атауы сол өңірдің тарихымен тығыз байланысты.

Осы орайда Қамысты ауданының тарихында өзіндік өрнегі бар аудан орталығы көшелеріне берілген тұлғалар жайлы сөз етуді жөн көрдік. Жасыл желекке боялған Ержанов көшесі еліміздің тұңғыш Әділет министрі, осы елдің тумасы Ғалихан Ержановтың құрметіне берілгенін бірі білсе, бірі біле бермес. Бұл көшенің бойында орталық парк, басқа да түрлі мемлекеттік мекемелер орналасқан. Биыл көше жолдарына жөндеу жүргізілді.

Абаттандырылып, көгалдандырылған. Түнемелік жарық шамдар орнатылған. Аудандағы орталық көшелердің біріне жатады.

-Қамысты ауданындағы орталық көше–Қазақстан Республикасының 1993 жылғы алғашқы Конституциясын жасаушылардың бірі, еліміздің бірінші әділет министрі, жерлесіміз Ғалихан Ержановтың есімімен аталады, – деп бастады сөзін Ерболат Баекенұлы.

– Генерал, аудандық прокуратураның тергеушісінен бастап, кейін прокурор болып жұмыс істеді. Қазақстан Бас прокурорының орынбасары, Президенттің кеңесшісі, кейін ҚР тұңғыш Әділет министрі болды, қолданыстағы Конституцияны әзірлеуге қатысты. Ол 1973 жылдары біздің ауданға прокурор болып келді. Мен ол кезде жас маман едім. Сол жылдардан танимын. Сыпайы кісі еді. Оның істеген қызметі елге жақты. Әділ еді. Қамысты ауданы кеш құрылған аудан ғой. Сондықтан кадр көп алдырмайтын. ОБКОМ қадағалап отырды. Одан кейін Ғалихан Ержановты Рудныйға жұмысқа ауысты. 1999 жылы сол кездегі аудан әкімі Бағытұр Дәндібаевтың бастамасымен Ғалихан Ержановқа көше аты берілді. Мемориалдық тақта орнатылды. Оның отбасы, бірге қызмет істеген әріптестері келіп қатысты. Қамысты ауданының Красный Октябрь ауылында дүниеге келген, бүгінде бұл Арқа елді мекені деп аталады.

Бүгінде жерлестерімізСәбит Құдайқұлов, Ғалихан Ержанов, Михаил Журавлев, Артур Мазукаевтың есімдері берілді. Мен жастарға осы көшелермен көбірек жаяу жүріңдер, ғалымдарға, елге еңбегі сіңген тұлғалар ілінген мемориалды тақталарға көз салыңдар дер едім. Олар біздің көркіміз, мақтанышымыз. Жастар кез-келген көшенің кімнің атына қойылғанын білулері тиіс. Олар жайдан-жай берілген жоқ қой, – дейді Ерболат Бекмұхамедов.

Еліміздің заң саласында өлшеусіз үлес қосқан, Қамыстының көше аты берілген Ғалихан Ержанов туралы толығырақ тоқталуды жөн көрдік.
Ғалихан Нұрмағанбетұлы Ержанов – 3-дәрежелі Мемлекеттік кеңесші, әділет генерал-майоры, КСРО Прокуратура органдарының құрметті қызметкері, КСРО-ның еңбек сіңірген заңгері, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әділет министрі.

Ғалихан Ержанов 1938 жылы 15 қаңтарда Қостанай облысы Қамысты ауданының Тұңғиық елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Нұрмағанбет Ержанов Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар мұғалім болған, парасатты, білімді, елінің абыройлы азаматы болыпты. Ал анасы Қатипа оқытушы болып, жас ұрпақты тәрбиелеп, тағдырдың жазуымен Ғалекеңнің 8 жасында өмірден өтіпті.

Оның жұбайы Өрік Аймырзақызы анасынан ерте айырылған Ғалекең анасы жайлы осы бір естелігін айтқанда, ерекше тебіренуші едім дейді:

– Әлі есімде, қыстың бір күні болатын. Апам кезекті рет тауар алуға кеткелі тұрғанда, мен де барамын деп мазасын ала бастап едім, апам келісті. Ат шанаға мініп, орталыққа кеттік. Маған сол шанаға отырып, келесі ауылға бару – үлкен сапарға барғанмен бірдей ғой, қуанып отырмын. Барған жерде апам шаруаларын тез бітіріп, кешке қарай үйге қайттық. Мені тұлыпқа орап қойған. Жолда үскірік басталды. Аязда денең қимылдамай жата берсе, тоңа бастамайсың ба? Менің аяқтарым жаурай бастады. Енді апамды аяғым тоңды деп мазалай бердім. Сол кезде апам мені өзіне қарсы отырғызды да, кеудесінің түймелерін ағытып, екі аяғымды ыстық денесіне басты. Аяқ шіркін жылығасын, менің көзім ілініп кетіпті. Қай мезгіл екенін білмеймін, апам мені оятады. Көзімді ашсам, үйге келіп қойыппыз. Қазір сол бір оқиғаны ойласам, ананың балаға деген махаббатынан артық ештеңе жоқ екен-ау. Баласы үшін отқа да күйіп, суыққа да тоңатын мына әлемде анадан асқан жан бар ма? Кім қыстың қақаған аязында омырауын ашып, аяғыңды құрсағына басып жылытады.

Ғалихан Нұрмағанбетұлы жұмысқа ерте араласып, еңбек жолын Қоржынкөлде тракторшының көмекшісі, кейін көлік жүргізушісі болғаннан бастайды.
1957 жылы Кеңестік армия қатарына шақырылады, Украинада әскери борышын өтеп келеді. Үйіне соқпастан, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Оның ел астанасын алғашқы көруі еді. Бұл жағдайды кейін ол туралы жазылған «Генерал Ержанов» кітабында былай келтіріледі:

– Мен Алматыға кешкілік ұшып келдім. Мекемелердің бәрі жабылып қалыпты. Тиісті қағазым болмаған соң университет жатақханасына жібермеді. Солдат киімімен және чемоданыммен қала көшелерін біраз кездім. Түн ортасына таман бір сәулетті ғимараттың қасына келдім, ішінде милиционер кезекшілік етіп отыр екен. Мен қонып шығуға рұқсат сұрадым, ол жібермеді. Сол ғимараттың қасындағы скамейкаға жатып, ұйықтап кетіппін. Ертеңіне сол милиционер оятты. «Жұмыс уақыты басталады, мұнда жатуға болмайды» – деді. Сонда ғана барып білдім, бұл республика Жоғарғы Кеңесінің ғимараты екен.

Ғалихан кейін сол сәулетті ғимаратта үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Оқуға түскен жылы өмірлік жұбайы Өрікпен қосылып, отау құрады.
1964 жылы оқуын аяқтаған соң, Қостанай облысының прокуратура органдарына қызметке тағайындалады. 1968 жылы Қамысты ауданының прокуроры лауазымын иеленеді. Қамыстыда сегіз жыл істеген қажырлы еңбегінің арқасында заң қызметін егжей-тегжейіне дейін меңгереді. Әрі қарайқызметтік өсу жолы басталады. 1976-1985 жылдары Рудный қаласының прокуроры, Қостанай облыстық соты төрағасының орынбасары, облыстық атқару комитетінің әділет бөлімінің бастығы лауазымдарын абыроймен атқарады. 1985 жылы Торғай облысының прокуроры болып тағайындалып, еңбегі жемісті болып көп ұзамай 1986 жылдың наурызында Қазақ Республикасы прокурорының орынбасары болып тағайындалады.

Осы қызметтежүріпжоғары генерал-майор атағыналады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 6