Категории: Без рубрики

Білікті мамандар ордасы

Атанған Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті жөнінде

Білімді жастардың қара шаңырағы

Өңірде өзгелерге өнеге етер жоғары оқу орындарының бірегейі өткен жылы қазақтың ұлы перзенті, әлемге танымал ғалым Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілген Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті екені белгілі.

Осынау талай сұранысқа ие кадрларды дайындаған университетке биыл 80 жыл толғалы отыр. Бұл аз мерзім емес. Осы кезең ішінде қаншама мамандар даярланып, түлеп ұшты десеңізші.

Олардың барлығы дерлік туған жеріміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етіп жатқандығы белгілі. Мақаланы жариялау барысында солардың бірқатарының аты-жөндеріне тоқталамыз.

Жақында осы жоғары оқу орнында болып, білім ордасының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы Әбілмен сұхбаттастық.

Баршаға мәлім, қайсы ұжымның болсын алға басуы, оның дәрежесінің артуы ректорға да байланысты екендігі белгілі. Ерекең жастайынан терең білім алған, ғылым саласында өзіндік орны бар азамат.

Қашан барсаң да жылы жүзбен қарсы алып, өзінің жандүниесінің байлығын, биік парасатын көрсетіп жатады. Осы жолы да маған университеттің өткен тарихы, алдағы жұмыс жоспарлары және ұжымдағы мақтан тұтар ғалымдар жайлы да жан-жақты айтып берді.

Сонымен қатар өткен жыл өздері үшін жемісті болғандығын да тілге тиек етті. Осы доңыз жылы жүзеге асырылар міндеттер де аз емес екен.

Соларға да әңгіме кезінде тоқталып өтті. Жоғары оқу орнына ұлтымыздың көрнекті перзенті, ғалымдардың ғалымы атанған Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілуі үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін де жасырмады.
Онымен сөйлесу барысында үстіміздегі жыл олар үшін мерейлі жыл болып табылатындығын да білдік. Өйткені, бай тарихы баршаға өнеге боларлық білім ордасы 80 жылдығын атап өтпек.

Әрине, сол кезеңде тындырылған жұмыстар жеткілікті. Қаншама көрнекті ғалымдар, ұстаздар аянбай қызмет етті. Олардың бәрін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жақсы біледі.

Дегенмен де әңгіменің орайы келгенде, жоғары оқу орнының алғашқы басшысы Дәулет Ибраев болғандығын ерекше бір ілтипатпен баяндағанымыз абзал.

Содан кейін Иван Найденов, Тәліп Мұсақұлов, Ольга Белинская, Степан Терентьев, Леонид Середкин және басқа да көптеген білікті азаматтар жетекшілік етіп, оқу орнының дамуы мен материалдық базасының жақсаруына елеулі үлес қосты.

Түлектер – ел мақтанышы

Еркін Аманжолұлымен әңгімелесу кезінде өздері өткен жылдардағы түлектерін де мақтаныш тұтатындығын білдірді. Бәрін атамағанның өзінде, солардың арасында тек өңір ғана емес, күллі республикамыздың белгілі тұлғаларына айналған азаматтарды халық құрмет тұтады.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, кезінде талай жауапты қызметтерді атқарып, Қазақстанның көрнекті тұлғасына айналған Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев, қоғам қайраткері Бағила Баймағанбетова, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжанов, белгілі ғалымдар Сапар Қалдыбаев, Римма Бектұрғанова, спорт саласында әлемге танылған Сергей Матвиенко, өз саласының айтулы маманы Бәтима Даумова және басқаларды тілге тиек еткеніміз жөн болар.

Міне, осы есімдері аталған түлектердің бәрі де Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде сонау бір жылдары студент атанғандықтарын ешқашан ұмытпайтындығы айдан анық.

Осы кезекті мақаламызда аталмыш жоғары оқу орнының өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосып, білім алып жатқан жастардың тәлімгері әрі ардақты ұстаздары атанған кісілердің де аты-жөндерін көпшілікке үлгі-өнеге етпекпіз.

Мысалы, олардың қатарына тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Аманжол Күзембайұлын, Еркін Әбілді, биология ғылымдарының докторы Татьяна Брагинаны, педагогика ғылымдарының докторы Иван Сивохинді, сонымен қатар ғылым кандидаттары Евгений Брагинді, көрнекті ақын Серікбай Оспановты, Берік Демесіновты, Юрий Пережогинді қосар едік.

Бұл азаматтардың қай қайсысы да өз салаларын жетік білетін, жоғары оқу орнындағы барша әріптестері мен студенттердің арасында үлкен құрметке бөленген.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында топ жарып, білім ордасының нағыз ұлағатты ұстаздарына айналған замандастарымыз да жеткілікті.

Сөздің реті келгенде, солар жайлы да баяндағанымыз артық болмас. Мәселен, өздерінің бойындағы бүкіл қажыр-қайраттарын, білімі мен білігін сұранысқа ие кадрларды әзірлеуге арнап келе жатқан кісілердің де аты-жөндерін көпшілікке жеткізуді ұйғардық.

Мәселен, елімізге тарихшы ғалым ретінде жете таныс Аманжол Күзембайұлы, Еркін Әбіл, биолог Татьяна Брагина, ғылым кандидаттары Тілеген Ахметов, Эльмира Наурызбаева, Кенжегүл Есіркепова, Бибігүл Өтегенова, Майсара Бекмағамбетова, Евгений Брагин, Өтеген Исенов және кезінде осында жауапты қызмет атқарған Мұхтар Төлегендерді атап өткеніміз жөн.

Білім сапасы – басты назарда

Қазіргі таңда өзіміз тілге тиек етіп отырған жоғары оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар да орасан. Бұл күндері университетте 5 факультет, 13 кафедра бар.

Жалпы, білім ордасында 23 мамандық даярланады. Кейбір деректер мен дәйектерге сүйенетін болсақ, мұнда 243 профессорлар-оқытушылар қызмет атқарады.

Ал білім алып жатқан студенттер саны 3316 жастарды құрайды. Оның ішінде 2184 бозбала мен бойжеткендер күндізгі бөлімде, 1132 жастар дистанциондық бағытта білім алып жатыр.

Әрине, жастар демекші, біз жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысу барысында осында 4 курста білім алып жатқан Темірлан Адырбаевты сөзге тарттық.

Сонда биыл осы жоғары оқу орнын тәмәмдайтын ол бізге үлкен жүрек жарды лебізін білдіре келіп, былай деді:

– Мен қазіргі таңда университеттің әлеуметтік – гуманитарлық факультетінде оқимын. Диплом алатын күн де алыс емес. Сондықтан алдағы мемлекеттік емтиханға жан-жақты әзірлік үстіндемін. Өзімді ерекше бақытты сезінемін. Өйткені, білім ордасының 80 жылдығы аталып өтетін жылда түлектер қатарын толықтырғалы отырмын.

Жастар өте қуанышты. Себебі, жоғары оқу орнына академик Өмірзақ Махмұтұлының есімі берілді. Осынау тұлғаны қазақ елінде білмейтіндер жоқ шығар.

Мұнда студенттердің алаңсыз білім алуына толық жағдай жасалған. Университет ректоры Еркін Аманжолұлы бастаған ғалымдар мен декандар, ардақты ұстаздарымыз біздің тәуелсіз еліміздің нағыз патриоттары және білімді азаматтары болып қалыптасуымызға көп тер төкті.

Біздің ендігі мақсатымыз – 4 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыздың сенімін ақтап, Қазақстанның әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосылуына өзіміздің лайықты үлесімізді қосу.
Жоғары оқу орнында болғанымызда білім ордасының басшылығы өңірден шыққан ұлы ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, белгілі тұлғалардың есімдерін ұлықтау мен кейінгі жас ұрпаққа тағылым етуге ерекше назар аударатындығын да байқадық.

Мәселен, бұл сөзімізге ұлтымыздың бетке тұтар азаматтарының аты-жөндерін бірқатар дәрісханаларға берілуі нақты айғақ бола алады. Мысалы, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың, жоғары оқу орнының тұңғыш басшысы Дәулет Ибраевтың, қазақтың ұлы тарихшысы Манаш Қозыбаевтың, белгілі ғалым Василий Макотченконың, айтулы биолог ғалым Темірбай Дарханбаевтың, академик Фазылхан Бәйімбетовтың және басқалардың есімдері мен аталуы оларға деген ерекше құрметтің нақты көрінісі іспетті.

«Серпіндіктер» – тұрақты қамқорлықта

Жалпы, әңгімеге өзек болған жоғары оқу орнында «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша білім алып жатқандарға және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша түлектердің жұмысқа орналасуына да айрықша назар аударылатындығына куә болдық.

Оқырмандардың назарына салар кетерлік бір жай, әлгі аталған „Серпін-2050„ әлеуметтік жобасы 2014 жылы қолға алынған еді. Бұл күндері университетте 300 студент тиянақты білім алуда.

Мысалы, өткен жылы білім ордасын 120 түлек тәмәмдады. Үстіміздегі жылы 117 жігіттер мен қыздар аталмыш жоба бойынша оқу орнын аяқтағалы отыр.

Былтырғы жылы диплом алған жастардың 20-сы біздің өңірімізде қалды. Қазіргі таңда олар облысымыздың бірқатар аудандары мен қалаларында таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істеуде.

Осы университетте болған бір конференцияда жоғарыда аталған жоба бойынша түлек атанған бірқатар жастардың сөзін естіп, олардың өздерінің ұстаздары мен тәлімгерлеріне деген ерекше алғысын тыңдаған едік.
Мәселен, Таңат Ертай қазіргі таңда облыс орталығындағы №20 орта мектепте жұмыс істейді. Ал Сапарбек Бекболатов болса, қазақ тілі және әдебиет мамандығының иесі.

Ол бұл күндері Қамысты ауданында мұғалім. Басқа да жоғары оқу орнының мәртебесін асқақтатып жүрген намысты да білімді түлектер аз емес.

Жоғарыда атап өткендей, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы хақында да тындырылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Университеттегі жауапты мамандар олардың қызмет атқаратын орындарымен үнемі хабарласып отыруды дәстүрге айналдырған.

Өздеріңіз білесіздер, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын құнды мақаласы күллі елімізде қолдау тапты. Айтулы ғалым Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде де рухани жаңғыру орталығы құрылып, осындағылардың жиі басқосатын орнына айналды.
Оған өз саласының білгірі, белгілі ғалым, Гауһар Зікіриянқызы Балғабаева жетекшілік етеді. Тәжірибелі ұстаз жұртшылыққа үлкен серпіліс туғызған мемлекет басшысының мақаласын жан-жақты түсіндіріп, оқытушылар мен жастарды жігерлендіріп отырады.

Міне, құрметті оқырман, қаламыздың қақ ортасында орналасқан Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы беделді оқу орнының қазіргі тыныс-тіршілігі осындай. Олар білім ордасының мерейтойына жан-жақты әзірліктер жасауда.

Оразалы Жақсанов

admin

Недавние новости

Наурзумцы получили долгожданный автомобиль скорой помощи

Новым санитарным автотранспортом с 2019 года оснащены уже 5 медицинских участков района. (далее…)

5 часов назад

Класс памяти о погибшем герое, который спас ребенка, открыли в Аулиекольском районе

Этот кабинет станет символом памяти и уважения к героическому поступку выпускника школы Салимбека Альденова, который…

5 часов назад

По какой причине перенесли зажжение главной елки в Костанае?

Изначально оно должно было пройти 21 декабря, затем его перенесли на 20 декабря, а вчера…

6 часов назад

Қамыстылықтар жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық үстінде

Жаңа жыл қарсаңында жұрт туыстары мен достарына ерекше сыйлықтар жасауға тырысады. (далее…)

6 часов назад

Узункольцы мечтают превратить пустырь в жизненно важный объект

И власти, и население хотят, чтобы  вблизи  райцентра в ближайшее время появился объект с комфортабельными…

6 часов назад

This website uses cookies.