Бестаулық Нұрсұлтан Қаныбеков өзі сияқты жастарды ауылға еңбек етуге шақырады

 «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында Арқа ауылына келіп, еңбек жолын бастаған жас мамандардың бірі – бестаулық Нұрсұлтан Қаныбеков. Ол қазіргі таңда «Алтынсарин» ЖШС-не қарасты екінші бөлімшеде зоотехник болып жұмыс істейді.Нұрсұлтан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ветеринария факультетін бітірген соң, бағдарлама арқылы ауылға жолдама алған. Бұған дейін 2018 жылы дәл осы ауылда тәжірибеден өткен жас маман көп ойланбастан осында жұмыс істеуге шешім қабылдаған.
-2018 жылы осында практикадан өтуге келгенмін, содан бері зоотехник болып еңбек етіп жатырмын. Оқуды аяқтаған соң, ауылға жұмысқа орналасу туралы ұсынысты бірден қабылдадым. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көңілімнен шықты. Маған баспана берілді, барлық қажетті көмекті алдым. Тіпті, ата-анамды да осында көшіріп әкелдім. Қазір ауылда еңбек етемін деген жас маманға мемлекеттен берілетін көмек жеткілікті. Жалақым да жоғары.

Жас зоотехниктің негізгі міндеті – малды азықтандыруды бақылау, олардың салмақ қосу динамикасын есептеу және шаруашылықтың өндірістік көрсеткіштерін талдау.

– Жұмысым таңғы 8-ден кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Негізінен малдың азықтану мөлшерін есептеп, шаруашылық меңгерушісіне беремін. Ол өз кезегінде малшыларға қажетті жем-шөпті бөліп береді. Сондай-ақ, айына бір рет бұзаулардың салмағын өлшейміз. Мысалы, жаңа туған бұзаудың салмағы қандай, бір айда қанша салмақ қосты – соның бәрін есептейміз. Орташа есеппен, бір бұзау айына 25 келіге дейін салмақ қосады. Қазір кешенде жүз бас бұзау бар, – дейді Нұрсұлтан.

Бағдарламаның ең басты артықшылығы – мемлекеттің жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуі.

– Мемлекет тарапынан ең басында қайтарымсыз көтерме жәрдемақы берілді, оны алдым. Ауылға келген кезде оның мөлшері 291 мың теңге болды. Одан кейін пайызсыз несие арқылы баспана алдым, – дейді ол.
Ауылға келуіне бірнеше фактор әсер еткен. Біріншіден, баспана мәселесінің шешілуі, екіншіден, мамандық бойынша тәжірибе жинау мүмкіндігі, үшіншіден, қаржылық тұрақтылық.

– Қазір ауыл мен қаладағы жағдайды салыстырар болсақ, онша айырмашылық жоқ. Инфрақұрылым дамыған, интернет бар, қажетті жағдай жасалған. Оның үстіне, ауылда еңбек ететін мамандарға қосымша 10-20 пайыз көлемінде жалақы үстемақысы қосылады. Бұдан бөлек, жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жалақыны тағы көтеруге болады, – дейді Нұрсұлтан.

Бүгінде қалаға көшуді жоспарламайтынын айтқан жас маман, керісінше, жастарды ауылға келіп еңбек етуге шақырды.

– Университетте оқып жүргенде агроном мамандығын таңдағым келген. Бірақ ауылдың шаруашылық басшысы агроном мамандары жеткілікті екенін, зоотехник маманы қажет екенін айтты. Осылайша, досым екеуміз ветеринария факультетіне түстік. Алғашында бұл мамандық маған қиын болады деп ойладым. Бірақ оқуымды аяқтап, жұмысқа деген ынтам артқан соң, өз ісіме қызыға бастадым. Қазір бұл жұмыс өзіме ұнайды. Шаруашылықтағы жұмысшылармен де тез тіл табысып кеттім. Мал шаруашылығына деген қызығушылығым артты. Бос уақытымда атқа мінгенді жақсы көремін, – дейді ол.

Нұрсұлтан сияқты жастардың ауылға келуі елді мекендердің дамуына серпін беретіні анық. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын өркендету – бүгінгі жастардың қолында.

– Жастарды ауылдық жерде жұмыс істеуге шақырамын. Ауылды біз көркейтпесек, кім көркейтеді? Жаңадан өсіп келе жатқан ұрпақ ауылдың әлеуетін арттыруы керек, – деп ойын түйіндеді ол.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 9