Ауыл тұрғыны Қайсар Ержанов грант ұтып алып, 7 бас бұзау сатып алды
Қамысты ауданының Свободный ауылында тұратын Қайсар Ержанов қазіргі таңда мал шаруашылығын дамытып, ауыл экономикасына өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіпкер.
2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында ол 1,4 миллион теңге көлемінде грант ұтып алып, мал басын көбейту мақсатында өз шаруашылығын кеңейтіп отыр. Қайсар Қайдарұлы грантты пайдаланып, сегіз айлық 7 бас бұзау сатып алды. Бұл оның төлді бордақылау ісін одан әрі дамытуына мүмкіндік бермек.
Қайсар Ержановтың кәсіпкерлік жолы елді мекендегі өмірден басталды. Ол Свободный ауылында туып-өскен. Бұдан бұрынғы жылдарда кеңшарда мұғалім болып қызмет етіпті. Тоқсаныншы жылдардағы ауыртпалық кезеңінде талай ірі шаруашылықтардың шаңырағы шайқалып, ыдырап кеткендері қаншама. Бұл дәуір Мамыркөл еліне де оңай тиген жоқ. Совхоз тарағаннан кейін Қайсар Қайдарұлы мал шаруашылығына бет бұрды, бүгінде осы салада жемісті еңбек етіп келеді. Өзінің шаруашылығы үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, мал бордақылау және қысқы мал бағу қораларын салып алған. Дегенмен, қазіргі нарықта малшы ұстау мен шаруашылық жүргізу шағын ғана кәсіп иесі үшін машақат әрі өте қымбатқа түсетіні анық. Сол себепті, кейіпкеріміз барлық шаруамен бір өзі айналысып отыр. «Еңбектің наны тәтті» демекші, әр жетістігің маңдай термен келетіні ақиқат.
«Әрине, әр жұмыстың, шаруаның қиындығы мен ауыртпалығы болады ғой. Аллаға шүкір, шаруамыз оңынан жүріп жатыр. Дегенмен, жағдайыңды түсініп, жәрдемін көрсететін ауылдастарыңның болғаны нұр үстіне нұр. Менің шаруама осындағы серіктестік иесі Әулиехан Үндемесов қолғабыс жасап отыр, жем-шөп жағынан көмектеседі. Ол кісінің шарапаты ауылдағы көп адамдарға тиіп жатыр. Әулиехан ағамызға айтар алғысымыз шексіз», – дейді Қайсар Ержанов.
Қазіргі таңда ауыл азаматы Қайсар Ержановтың шаруашылығы біртіндеп дамып келеді. Ол жергілікті тұрғындардың көмек қолын созып, ісінің алға басуына ықпал етіп отырғанын атап өтті. Қайсар Ержановтың тәжірибесі көрсеткендей, гранттар мен субсидиялар ауыл кәсіпкерлігін дамытуда маңызды рөл атқарады. Мұндай көмек ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға, жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған тиімді құрал болып табылады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31