
Ауданымызда «Науырзым аруы -2025» байқауы өтіп, Аяжан Төлеубек жеңімпаз атанды
Қазақ қыздарының бойында ұлттық тәрбиені, әдемілік пен әсемдікті көрсету үшін аудан орталығы Қарамеңді ауылында бойжеткендер арасында Науырзым ауданының 60 жылдық мерейтойы және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық «Науырзым аруы – 2025» байқауы өтті. Аталған шараны ұйымдастырушы тілдерді оқыту орталығы мен жастар ресурстық орталығы.
Байқаудың басты мақсаты ұлттық құндылығымызды дәріптеу, бұрымды қыздарымыздың өнерін, білімін сынау, сахна мәдениетін жетілдіру және қазақ қызының көркем бейнесін дәріптеу болып табылады.
Бұл сайысқа ауданымыздың 17-24 жас аралығындағы бұрымды 7 ару өз өтініштерімен ниет білдіріп, көрсетіп, өзара сынға түсті.

Атап айтар болсақ, “Науырзым аруы – 2025” байқауына Қарамеңді ауылдық округінен Аяжан Төлеубек, Айжан Ерғали, Динара Әуесханова, Шолақсай ауылынан Гүлназ Сағи мен Марал Арал, Қожа ауылынан Диана Көмекбай сынды бұрымды қыздарымыз қатысты.
Қатысушыларымыз 4 кезең бойынша сынға түсті. Алдымен арулар “Мен қазақтың қызымын” деп аталатын алғашқы бөлімде өздерін көрерменге таныстырса, “Дәстүрі алтын қызынам” кезеңінде қатысушылар өздерінің білімдері мен зеректілігін көрсетіп, экранда көрсетілген салт дәстүр мен мақал -мателге қатысты сұрақтарға жауап берді. “Өнерлі өрге жүзер” кезеңінде көрермен аурулардың өнерін бағалады. Бірі мың бұрала билесе, бірі әсем әнді әуелетті. Ал, монолог оқыған қыздардың өнеріне отырған жұртшылық таңдай қағып, тамсанғанын айтпай кету сын болар. Соңғы “Сұлулық сыры” кезеңінде аруларымыз қазақтың ұлттық киімдерін киіп қана қоймай, олардың маңыздылығы мен сұлулығын сипаттай білді. Сонымен қатар, қазылар алқасы да алдына шыққан әр қатысушының киіміне, әшекей бұйымына қатысты сұрақтар қойып, оларға қатысушылардың мүдірмей ұтымды жауап бергенін де осы тұста айта кету керек. Арудың киім үлгілері өте ерекше, бірінен бірі өткен керемет болды.
– Шараны өткізу арқылы біз ең бірінші қазақ қыздары арқылы қазақ тiлінiң мәртебесiн арттырып, аруларымыздың бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіру және қазақтың әдет-ғұрыптарын насихаттауды көздедік. Байқауға қатысушылар өз өнерлерiн барынша ашып көрсетуге тырысты. Бірі сөзімен баураса, бірі сұлулығымен тәнті етті. Байқау жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Және аталмыш байқау аудан көлемінде бірінші рет өткізіліп тұр ау деймін. Зал лық толы, халыққа қызықты, ықыласты, қолдауды, қошеметті сахна сыртында тұрып сезіндік, демек еңбегіміз ақталды деген сөз. Әр үйден келген ерке, сылқым аруларымыз бірінен – бірі өткен әсем, білімді және бастысы мықты дайындық пен, жауапкершілікпен келген. Әр қатысушыға алғысымыз шексіз, – деді Тілдерді оқыту орталығының директоры Жадыра Тасанова.
Өз ара жарыс болған соң, жеңіске біреу ғана жететіні анық. Байқау қорытындысына келсек, әр қатысушыға өз келбетіне қарай номинациялары берілді. Тарқатып айтсақ, “Қазақи ару” номинациясы Шолақсай ауылынан келген Марал Аралға бұйырса, “Сымбатты ару” номинация сын өз сұлулығымен шолақсайлық Гүлназ Сағи алды. Келесі “Ақылды ару” номинациясына Қожа ауылынан келген 17 жасар Диана Көмекбай лайықты деп табылды.
“Өнерлі ару” номинациясын қазылар алқасы Қарамеңді ауылдық округінен қатысқан Ақниет Ысқақоваға берсе, ал “Көрермен көзайымы” Айжан Ерғали болып табылды. “Креативті ару” номинациясы Динара Әуесхановаға бұйырса, осы байқаудың бас жүлдесі “Науырзым аруы -2025” атағын қарамеңділік 17 жасар аруымыз Төлеубек Аяжан Саматқызы жеңіп алды.
Барлық қатысушыларға аудан әкімі атынан мадақтамалар берілді,ал, ұйымдастырушылар әр қатысушыға ақшалай сертификат табыстады.
Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Фотоны түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
Просмотров: 10