Қарамеңді ауылында жөндеу жұмыстары қарқынды атқарылып келеді

 Қарамеңді ауылының жаяу жүргіншілерге арналған жолдарында қазір қызу жұмыс жүріп жатыр.

Көпшілік асыға күткен жаяу жүргіншілер жолының жөндеу жұмыстары басталып, ауылдың тынысы айтарлықтай өзгеруде. Қарапайым көрінгенмен, бұл өзгеріс ауыл тұрғындары үшін үлкен маңызға ие.

Жол – қала тіршілігінің күретамыры. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан шаһар тұрғындарының жайлылығы үшін жол үнемі қалыпты және жақсы жағдайда болуы керек. Осыған орай, ауылдағы көшелердің жағдайы зерделеніп, кеңейтілген жөндеу жұмыстары тізгін алды.

Жаяу жүргіншілер жолының салынуы ауылдағы қауіпсіздіктің айтарлықтай артуына ықпал етеді. Бұрын көшеде жүргенде көлікпен қатарласа жүруге мәжбүр болған тұрғындар, әсіресе балалар мен қарттар енді арнайы жолмен жүріп, алаңсыз серуендеуге мүмкіндік алады. Жолдың сапасына да ерекше көңіл бөлінген.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоба ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған үлкен бастамалардың бірі. Жаяу жүргіншілер жолының құрылысы – тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізіп, қауіпсіздік деңгейін арттырады. Басты мақсат– ауылдың әрбір тұрғынына қолайлы жағдай жасау.

Ауылдың әкімі Нұржан Жапбасбаевтың айтуынша, бұл жоба көптен жоспарланып келген. “Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Жол – солардың бірі ғана. Жаяу жүргіншілер үшін арнайы жолдар салып, қауіпсіздік деңгейін арттыруды көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан қарқынды жұмыстың нәтижесі ауыл тұрғындарын қуантады деген ойдамын”, – дейді ол.

Жұмысшылар таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етіп, жолды уақытында аяқтауды мақсат тұтқан. Қолданылып жатқан құрал-жабдықтар сапалы, әрі ұзақ уақытқа шыдайтын жол жасауға мүмкіндік береді. Тұрғындар да бұл бастаманы қуана қолдап, құрылыс барысын бақылап жүр.

– “Строй-Пласт Монтаж” ЖШС мердігер ретінде қыркүйек айынан бастап, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға жөндеу жұмыстары қарқын алды. Жобаның жалпы құны 60 млн теңгені құрайды. Келісімшарт бойынша белгіленген қаражатқа сәйкес, ауылымызда ұзындығы 1.9 км құрайтын басты көшелерге жөндеу жұмыстары жасалынады деп шешім қабылдаған едік. Жаяу жүргіншілер жолы асфальттан жасалынып, поребриктер орнатылады. Жолдардың ені 1.5 метрді құрайды. Ұзындығы 1.9 км жолдың 900 метрі Байтұрсынов көшесі бойынша өтетін болады. Қазіргі уақытта оның жарты бөлігі, яғни 500 метрі жасалынды. Осы жөндеу жұмыстарын ауа райына қарай, қыркүйектің аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз,-дейді ауыл әкімі Нұржан Жапбасбаев.

Қолданыстағы жолдарды күрделі жөндеу – жол жамылғысын жаңарту және жолдардың сапасын арттыру қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға ықпал етеді. Нұржан Тойманұлы бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын ерекше атап өтіп, болашақта ауылдағы басқа да инфрақұрылымдық жобаларды қолға алуды көздеп отырғанын айтты.

Дильназ Изделюева


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31