Қарабатырға Моңғолиядан үш отбасы көшіп келді

Былтыр Қамыстының Қарабатыр ауылына бүтіндей бес отбасы көшіп келді. Биыл Моңғолия елінің Бай-Өлке аймағының Сақсай елді мекенінен тағы үш отбасы атажұртқа оралды. Бүгінде олар Қарабатыр ауылында мекендеп, баспаналы болды. Жұмысқа орналасып, орнығып жатыр. Ауылдарға көш келсе, орта толады.

Көшті бастап келген отағасы Қызметхан Стуанидың отбасы. Қазір ол да, жұбайы Күлжазира да Қарабатырда май құю бекетінде күзетші.

– Былтыр осында отбасымен көшіп келдім. Қазір үйреніп қалдық. Бұған дейін Бейбітхан деген бауырым қоныс аударған болатын. Одан кейін жиендеріміз келді. Балаларымыз атажұртын білсін деген ниетпен жеттік. Сақсай елдімекенінде көп жыл мал бақтым. Жылқы бақтым, түйеші болдым. Енді осы жаққа қазақ еліміз деп көшіп келдік. Соңғы уақытта денсаулығым сыр беріп жатыр. Содан емделу үшін Моңғолия жеріне қайта-қайта баруға тура келді. Бізбен бірге үлкен ұлымның отбасы да бірге келген. Отбасымен бірге көшіп келді. Жұмысқа орналасты. Ұлым жүк көлігінде жүргізуші, бидай тасиды. Келінім мектепте инженер. Компьютерлерді жөндейді. Қызым мектеп жасында. Қазір Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінде оқиды, екі немерем бар – дейді Қызметхан Стуани.

– Келгенде ауылдықтар бізді жылы қабылдады. Келгенде жергілікті әкімдік, шаруашылық басшысы мықты көмектесті. Бүкіл материалдық жағынан. Ештеңеден тапшылық, таршылық көріп жатқан жоқпыз. Әлі күнге дейін қолдарынан келгенше көмектесіп, керегімізді әкеп беріп жатыр, – дейді жұбайы Күлжазира.

Қызметхан ағамыз малсақ, Сақсайда жүрген атбегі болған. Небір жүйріктерді баптаған екен. Сәйгүлік көрсе, әлі күнге дейін делебесі қозып тұрады.

– Бәйге атының терін алу өз алдына бір өнер. Бәйге атын баптаудың маңызды сатысы мынадай. Ат баптауда оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтіру керек. Терін алуда артықша қинап, етін ауыртып алудан, орынсыз жабулап үздіктіруден сақтану қажет. Тер алуда ат көп терлемейтін күйге келгенде тоқтатылады. Тәжірибелі атбегілер аттың терін алғанда әр реткі ат терін жалап, дәмін татады. Тердің түсі мөлдір су сияқты, бөтен дәмі болмағанда ащы тері шығарылды деп бағалайды. Бұл оның бабына келіп, бәйгеге қосуға жарайтынын білдіреді. Айта берсең, ат баптаудың өз бір бөлек өнер. Бұл жақта келісті жүйріктердің бағасы өте қымбат екен. Мүмкіндігім келсе, ат баптау өнерін жаңғыртқым келеді, – дейді Қызметхан Стуани.

Бар ойлары – алғашқы лекпен көшіп кеткен атамекендегі туыстарына қосылу, ұрпақтарын ата-баба жерінде өсіріп жеткізу.

– Атамекен деп аңсап келіп отырмыз. Қалған бала-шағамыз осы Қазақстаннын қандай жер екенін көрсін-білсін деген ниетпен. Кезінде ата-бабаларымыз Шығыс Қазақстаннан Зайсан деген жерінен Моңғолия асып кеткенін айтып отыратын. Сол Моңғолияның Мекен деген жерде жүз мың қазақ өсіп өнген. Менің ата-бабаларым сол жерді мекендепті. Кезінде біздің еліміз – Қазақстан. Атамекенге жетіп алыңдар деп айтып отырушы еді. Сол бабамыздың өсиетінің орындалғаны деп білемін. Төрт ағайыннан тараған ұрпақпыз. Қазір бауырларым Қоянды, Алматы, Талдықорғанда тұрып жатыр. Олар 1992 жылы көшіп келген. Өзіміз жұмысқа да орналастық. Мемлекеттен бөлінетін тиісті көмекті алып жатырмыз. Жергілікті тұрғындар да жақсы қарсы алды. Ерулігін беріп шақырып жатыр. Енді Моңғолиядан таршылық көрген жоқпыз. Бұнда бар тіршілік ол жақта да бар. Мал ұстадық. Тіршілігі ұқсас, – дейді кейіпкеріміз.

Қарабатырға қоныс тепкен келесі отбасы – Жұмабек Байтуған мен Еркегүл Ұйымдас. Олар да Моңғолияның Сақсай елдімекенінен үш баласымен көшіп келген. Қазір баспаналы, жұмысқа да орналасып үлгеріпті. Екеуі де «Қарабатыр» Агрофирмасында жұмыс істейді.

– Ол жақта еш жамандық көр¬медік. Бірақ өз еліміздің ортасында болайық, бала-шаға атамекенде өссін деп келдік. Ана жақта анам және екі бауырым қалды. Алдағы уақытта олар да көшіріп әкелмек ойымда бар, – дейді Жұмабек Байтуған.
Ол Моңғолияда құрылыста жұмыс істепті. Көшіп келіп, құжаттарын өткізіп қойған. Келген отбасылардың кейбір алғашқы көмекті алып үлгеріпті. Серіктестік тарапынан малдануға 1 ірі қара, бес қой беріліпті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 6