Қамыстылық өнертапқыш көлік ойлап тапты

Темірден түйін түйген Қамысты ауданының тұрғыны, өнертапқыш Қайрат Кәрімов 300 келі жүк көтеретін шағын трактор ойлап тапты. Ауыл шаруашылығына арналған темір көлікті шебер бір жылдың ішінде түгелдей өзі құрастырып шығарған

Қайрат Кәрімовтың жасап шығарған техникасы негізінен шөп шабуға арналған.

«Далада дәнекерлеу жұмыстарын жасағанда ыңғайлы. Құралдары әр жерден жиналды. Кезіндегі ескі «Жигулидің» бөлшектерінен және мотоблоктан құрастырдым. Сынса, бөлшектерін кез келген жерден тауып алуға оңай. Көп қаражат кеткен де жоқ. Электрод сатып алдым. Кейбір жоқ бөлшектерді металл қабылдайтын жерден алдым. Бәрі ескі темірлер, арзанға шықты. Ауылда тұрған соң мал ұстау керек. Оған қыстық азық қажет. Ал, шөптің бағасы жылдан-жылға шарықтап барады. Биылдың өзінде шөптің бір тоннасы 35-40 мыңға жетті. Қазір осы техниканың арқасында бір қыстық шөпті өзім шауып аламын. Жер талғамайды», – дейді ол.

Бала кезінен темірге құмар Қайрат ерекше техниканы жасап шығару үшін біраз ойланыпты.

«Мұны көрген жерлестерім, көрші-көлем көп сұрайды. «Сатпайсың ба?» дегендер де болды. Маңдай термен жасаған соң сатуға қимадым. Жүк көліктерін тартатын күші де бар. Мығымдығы сондай. Бірақ, қатты жүрмейді. Сағатына 15 шақырым, 1 жарым литр бензин жейді. Тағы жасауға болады, тек оған көп құрал керек», – дейді ол.

Ауылдық өнертапқыштың құрастырған шағын тракторы аудан орталығындағы ағайынның игілігіне жарап тұр. Жинақы әрі ыңғайлы. Әсіресе, жол бетіне қатқан мұзды теп-тегіс етіп әп-сәтте тазалайды.

«Қаңтардың басында қар еріп, орталық көшелерде мұз қатты. Аудандық әкімдік шақырған соң, көшелерді мұздан тазалауға қол ұшымды бердім. Өзімнің тұрақты жұмысым болған соң, бос уақытым бола бермейді», – дейді Қайрат Жұматұлы.

54 жастағы азаматтың қолында кәрі әке-шешесі, үш баласы бар. Оның ұлы да техникаға жақын. Қолы боста әкесінің көмекшісі. Тағы бір айта кетерлігі, өнертапқыш ағамыздың қолынан құрастырған өзге де құрылғылары да бар болып шықты. Үйрек, қаздың жүнін жұлатын арнайы аппарат, құрылысқа қажетті бетон араластырғыш құрылғы, брусчатка жасайтын шағын машиналар ойлап тауып, кәдесіне жаратыпты.

Бетон араластыратын құрылғымен монша салса, брусчатка жасайтын шағын мәшинемен есік алдына төсемтас төсеп тастапты. Қуаттылығы әлсіз болғанымен, бір қажетіне жарағанын айтады. Оларды да қажетке жарамайды деген темір-терсектен жасаған.
Қайрат Жұматұлының ойлап тапқаны ерекше тракторы ауыл шаруашылығы саласында және күнделікті тұрмыс-тіршілікте қоқыс, қар тазарту сияқты жұмыстарды істеуге таптырмайтын құрал.

«Кеңес дәуірінде мектептерде «Көліктану негіздері» сабағы жүрді. Сол сабақты жақсы көретінмін. Онда техниканы қалай құрастырылатын үйрететін. Сосын әскерде жүріп, ауыл шаруашылық институтының механикалық факультетке түсуге талпындым. Кейін түскенмен, аяқтай алмадым. Ауылға келіп трактор тізгіндедім. Көп жыл Бестауда механизатор болып еңбек еттім. 1999 жылы Қамыстыға көшіп келдік, – дейді кейіпкеріміз.

Келешекте «мемлекеттік бағдарламаға қатысу ойыңыз да бар ма?» деп сұрағымызға ол:

«Жоқ, жасым да келіп қалды. Көлік жөндеу, оны құрастыру да оңай емес. Денсаулықты қоймайды. Оның үстіне Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істеймін», – дейді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 7