Қамыстылық ардагер алғашқы төсбелгінің иегері!

Ұлттық валютамыз – Теңге күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде биыл банк саласы ардагерлері ішінен Қамысты ауданынан Бәтима Фазылханова «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Құрметті ардагері» төсбелгісімен наградталып отыр.

Ұлттық банктің облыстық филиалы басшысы Ғалия Жұмабаева ардагерді арнайы келіп құттықтап, кеудесіне төсбелгісіні тақты. Бір қуантарлығы, мұндай марапатты ҚР Ұлттық банкі алғаш рет белгілеп отыр әрі оның облысымыздағы тұңғыш иегері – Бәтима Өтеғұлқызы!

Қазақстан Президентінің биылғы халыққа Жолдауында: «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет», – деген болатын. Батима Фазылхановаға мұндай жоғары марапат Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі қызметінің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін беріліп отыр.

Жоғары марапат алған мерейтой иесі биыл 80 жаста. Мерейтой иесі Жітіқарада туып-өсіп, сондағы онжылдық мектепті бітірген екен. Оқудан кейін Қамыстыдағы туыстарына келіп, жұмысқа орналасады. Бір жыл мұғалім, кейін балабақшада жұмыс істеп, содан кейін түпкілікті банкке ауысыпты. Осылайша қаржы саласындағы еңбек жолын 1965 жылы Мемлекеттік банктің Қамышин аудандық бөлімшесінде бастаған ол, кассир қызметін атқарады.

«Бір орында 30 жыл еңбек еттім. Алдымен Қамыстыда кешкі кассаға орналастым. Ол кезде Мемлекеттік банк аталатын. Біздің жұмысымыз ақша қабылдау мен оны тарату. Ол кездерде совхоздар болды. Ақшаны кешкі кассадан (ақша қабылдау) есеп айырысу кассасына жібереміз. 1991 жылы Агропромбанкке кассир болып ауыстым. Сол жылдан бастап Қамыстыдағы Мемлекеттік банктің облыстық басқару есеп айырысу – кассалық орталығында (РКЦ) касса меңгерушісі болып жұмыс істедім. Осы уақытта Мемлекеттік банк – Ұлттық банк болып өзгеріп жатты. Міне, осы салада 1995 жылға дейін еңбек етіп, зейнетке шықтым», – дейді марапат иесі.

Бәтима Өтеғұлқызының өмірлік серігі Рыскелді Меңдіқұлұлы – Қарабалық ауданының тумасы. Ол кісі де осы елге еңбек етуге келген екен, екі жас танысып, отбасын құрады. Бес бала сүйіпті, барлығы тұрмыс құрған, алды алпысқа келіп жатыр, аяғы елуде.

Өкініштісі, бүгінде Рыскелді Фазылханов өмірден өткен. Ол кісі экономика саласының маманы. Ауданда экономист, ревизор болып еңбек еткен, ревизия басқармасының бастығы қызметін атқарған. Бір қуантарлығы, қазір немерелері де Рыскелді атаның жолын қуып, экономист, бухгалтер, сот саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Бәтима Өтеғұлқызы биыл өзінің 80 жасқа толған мерейтойын балаларымен, немерелерімен, шөберелерімен және туыстарымен бірге атап өтті. Қаржы саласының ардагері әлі тың, белсенді, өз саласына қатысты жаңалықтарды құр жібермейді.

«Еңбегімді елеп-ескеріп, облыс банкінің басшысы құттықтап келгеніне қуанып қалдым. Бұған дейін теңгенің 20 жылдығында медаль таққан еді. Он бір жылдан кейін тағы марапат әкеп отыр. Әрине, мұндай құрмет жасағандарына алғысым шексіз», – дейді Бәтима Фазылханова.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 13