Қамыстыда желтоқсанның алғашқы күндерінен қылқан жапырақты ағаштарды қорғау шаралары күшейтілді
Әрине, өте баяу өсетін, табиғатта сұлулығымен ерекшеленген қылқан жапырақты жаңа жылдық мереке алдында тірідей отап-шабу көңілге аса қона қаларлық дүние емес.
Адамдар жылда мейрам кезінде үйінде безендіріп қоятын көшеттер бір жарым метрге дейін өсу үшін он бес-жиырма жыл уақыт қажет екен. Олар табиғи ортаға бейімделіп, жаздың аптабына, қыстың қақаған аязына жылдар бойы төзіп, енді ғана ұзара бергенде, адам оларды кесіп алып, бірнеше күнгі қызық үшін төрінде жарқыратып қояды. Ең аяныштысы, жаңа жыл мерекесінен кейін жасыл желектердің тау-төбе болып үйіліп қоқыс алаңдарында жататыны…
Қазіргі таңда шыршаларды қыс маусымында арнайы лицензиясы бар орындардан сатып алуға болады. Былайғы кезде бас-көз жоқ орманнан отап алуға заңмен қатаң тыйым салынған. Қыстың алғашқы айынан-ақ жасыл желектерді қорғауға бақылау күшейеді.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қамысты орман шаруа¬шылығы мекемесінде жиырма екі жылдан астам еңбек етіп келе жатқан қарабатырлық Жанат Балшықбаевтан табиғатты, соның ішінде шыршаларды қорғау шаралары жайында сұрап білген болатынбыз.
Бүгінгі таңда аудан аумағында үш орман массиві бар, олар Қамысты, Арқа, Қарабатыр ауылдарына қарайды. Жалпы аумағы – 3 803 гектар. Аталған орман массивтері бекітілген орманшылардың қадағалауында. Орман алқаптарында өсімдіктер ғана емес, жан-жануарлар әлемі де ерекше бақылауда. Сол себепті, орманшы мамандар өз өмірін туған елінің табиғатын қорғауға арнап келе жатыр. Ерекше мамандық иесі жаздың аптап ыстығында жасыл желекті өрттен қорғаса, қыстың күні шыршаларды заңсыз кесіп кетуден сақтайды.
Ерекше қорғалып келе жатқан Қарабатыр маңында орналасқан аумақты қамтитын орман шаруашылығында қылқан жапырақты ағаштар аз емес. Елді мекен құрылғаннан бері мұндағы орманның көлемі көбеймесе, азаймаған. Олар оттегіні жақсы бөледі, адамның денсаулығына өте пайдалы.
«Таңертең-кешке орманды алқапты күзетуге шығамыз. Қазір қар жоқ, сондықтан көліктердің ізін аңду қиын болады. Себебі, рұқсатсыз ағаш кесушілер, қасақана немесе абайсызда өрт қойып кетушілер болуы мүмкін. 1148 гектар орманды алқапқа жауаптымын. Ол 12 кварталға бөлінген. Осыншама ауқымды аумақты жалғыз өзім көлікпен аралап, броконьерлердің жолын кесу мүмкін емес. Сол себепті, бейұшақ сатып алдым. Бұл таптырмас бақылау болды. Оның үстіне жақында жергілікті учаскелік инспектормен бірге рейд өткіздік. Әзірге заңсыз шырша кесушілер анықталған жоқ. Егер ұсталып жатса, олар жазаланады, әрине. Айыппұл мөлшері 15-20 айлық есептік көрсеткіш шамасында. Қазір адамдардың тұмса табиғатқа деген таным-түсінігі мен құрметі ерекше. Азаматтар заңсыз шырша кесеміз деп абыройдан айырылғанша, саудада тұрғандарын сатып алғанды құп көреді. Мәселен, қазір аудан орталығында сырттан әкелінген шыршалар сатылып жатыр. Бағасы орташа 6 мың теңге», – дейді Ж.Балшықбаев.
Бұл өлке аң-құсқа бай. Орманда сібір еліктері бар. Арасында бұлан да кездесіп қалады екен. Құстардың бірнеше түрі мекен етеді. Егер жараланған жан-жануар кездессе, жауапты маман бірден аудандағы басшылыққа хабар беруге міндетті. Қазіргі уақытта ақсап-тоқсаған аң бола бермейді. Олардың жүдеп-жадайтын кезі – қыстың қақаған аязы мен бораны, қардың қалыңдаған мезгілі. Ондай кезде Жанат Балшықбаев еліктерге үйінен шөп апарған кездер болыпты. Әсіресе, төрт жыл бұрын қар қалың жауған кезде тоғай ішіндегі жан-жануар қатты шалдығып қалған екен. Міне, сол кезде әлсіреген аңдарға адамның көмегі қажет болған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
Просмотров: 5