Қамыстыда «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы өтті
Жаңа оқу жыл басталысымен жаөспірімдер мен оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін шаралар қолға алынды.
Қамысты аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің өкілдері тұрғын үйлердің аулалары мен саябақтарда, жастар көп жиналатын орындарында рейдік жұмыстар жүргізіп, мезгілсіз уақытта ата-ана қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтады.
Аудан аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы үш күн бойы өтті.
-Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту және оның алдын алу, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу болып табылады, – дейді Қамысты аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Индира Жарбулова.
Жүргізілген рейдтік іс-шара барысында төрт жасөспірім жауапкершілікке тартылды. Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта жүрген үш жасөспірім анықталды. Екі отбасы тәрбиелеу міндеттерін орындамау себепті профилактикалық есепке алынды. Сондай-ақ, үш кәмелетке толмаған жасөспірім бақылауға алынды.
-Қазіргі таңда мектептерде инспекторлар бар. Олардың қасында оқушылардан құралған жас полиция көмекшілері бар. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу үшін бұл отрядтар елеулі жұмыстар атқарып келеді. Мысалы, мектепте темекі шегу, арақ ішу, әлімжеттік сияқты құқықбұзушылықтарды жас полиция көмекшілері мектеп инспекторына жедел баяндап отырады. Қылмыстың алдын алу үшін де түрлі шараларды жүзеге асырудамыз, – дейді Қамысты аудандық №2 жалпы білім беретін мектеп директорының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ақбөбек Жеңісхан.
Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Ата-аналарға заңды өкілінсіз балаларын беймезгіл уақытта үйден тыс жіберулеріне тыйым салынады.
-Бұл шаралар жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің алдын алуда маңызды. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталғанда бұған қатты қарауымыз керек. Бұл кәмелетке толмағандарға ішімдіктер, темекі өнімдерін сату фактілерін анықтауға, түнгі уақыттарда заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында жүруін болдырмауға септігін тигізеді. Жасөспірімдердің ата-аналарымен, ұстаздарымен де бірлесе жұмыс жасауға тырысамыз. Жаңа оқу жылы басталғалы орта мектептер ұжымымен де тығыз байланыс орната бастадық, – дейді Индира Жарбулова.
Полиция қызметкерлері профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мектептерде тақырыптық дәрістер өткізді. Полиция капитаны Индира Жарбулова шара аяқталғанымен, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатынын атап өтті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
Просмотров: 5