Қамыстыда папиллома вирусына қарсы 13 қыз балаға, 2 ересекке екпе салынды

 Елімізде қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау басталды.Адам папиллома вирусына қарсы екпе әлемнің 135 елінде қолданылады. Нәтижесінде кей мемлекеттерде әйелдерде жиі кездесетін қауіпті кеселдің таралуы 90 пайызға дейін төмендеген. Ал елдегі жағдай керісінше. Бас онкологтың сөзінше, жатыр мойны обыры жасарған. Қатерлі ісіктің бұл түрі жас қыздарда жиі кездесіп жатыр. Сондықтан биылдан бастап елімізде аталған вирусқа вакцина салу жүріп жатыр. Қамысты ауданы бойынша 13 қыз балаға, 2 ересекке салынды. Олардың денсаулығы тұрақты бақылауға алынған. Ешқандай қарсы реакция байқалып отырған жоқ.

-Папиллома вирусына қарсы епке салу елімізде 2013 жылы басталды. Қазір статистика әр 2 күн сайын 3 әйелдің жатыр мойны обырынан қайтыс болатынын көрсетіп отыр. Бізде бұл аурумен күресетін мүмкіндік бар. 150-ден астам елде вакциналау қабылданды. Аустралия мен Италия жатыр мойны обырының алдын алды деп мәлімдеме жасады. Ерте жастан бастан вакциналау, сондай-ақ скрининг жүргізіледі. Қазақстанда скрининг 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін тегін жүргізіледі, – деді Қамысты аудандық ауруханасының емхана бөлімшесінің меңгерушісі Айкүн Құламбаева.
Вакциналау 11 жастағы қыздарға жоспарлы тәртіппен салынады. Ал 12 -13 жастағы бұрымдыларға толықтыра иммундау жүргізіледі. Екпе кезінде ата-ананың келісімі ескеріледі. Олардың рұқсатынан соң алғашқы дозасы егіледі. Кейін 6 ай аралық мерзіммен екі рет егу қарастырылған. Елде 175 мың қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салу жоспарланған.

− Вакцина білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-ана өтінішімен вакцинаны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады. Вакциналау ата-ананың немесе қамқоршының келісімімен, еш қарсы көрсетілім болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін жүргізіледі. АПВ-ге қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшықетіне егіледі. Барлық талап сақталуы керек. Әрине, вакцинаны салдыру әркімнің өз еркінде. Ата-ана өзі шешетін болады. Ешқандай да күштеу, міндеттеу болмайды. Ал дәрігер ретінде айтарым, жаман аурудан қорғаныңыздар. Оның арты қайда апарарын бәріміз де білеміз. Сондықтан әркім өзі ойлана отырып, дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын, – дейді Айкүн Құламбаева.

Айта кетейік, адам папиллома вирусы – бүкіл әлемде кең таралған, шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ негізінен жыныстық қатынас арқылы таралады және жұқтыру жағдайларының басым бөлігі жыныстық қатынас басталғаннан кейін болады. Вирус тез таралады және жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады, сондықтан да қауіпті болып саналады.

Ресми дерекке сүйенсек, елде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жылына қатерлі ауру диагнозы 1800 әйелге қойылады. Дерт орта жастағы әйелдердің арасында кеңінен тараған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 23