Қамыстыда мерейтой аясында ауқымды шаралар жыл бойы жалғаспақ

 Биыл Қамысты ауданының құрылғанына – 70 жыл толып отыр. Осыған орай, өңірде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, мерейтой аясы кең көлемде тойланбақ.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатыны. Ел жолында ерен еңбектері бар азаматтар назардан тыс қалмайды.

Осы және мерейтойдағы өзге де атқарылатын шаруалар жайында Қамысты ауданы әкімінің орынбасары Айдын Шеденов айтып берді.

– Жыл басынан аудан көлемінде 70 жылдық мерейтой аясында ауқымды шаралар қолға алынбақ. Жоспар айқындалып, бағдарлама бекітілді. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор, рухани-мәдени, спорттық бағыттағы түрлі жиындар, жарыстарды өткізу жоспарда бар, – дейді Айдын Шеденов.
Ауданның жетпіс жылдығына барлық ауылдар жұмылдырылмақ. Алғашқы шара аудан ақсақалдарының босқосуымен басталды. «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында алда Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің «Жизнь своим аршином мерю» кітабының тұсауы кесіліп, мәдениет үйінде кездесу жоспарланып отыр.


Ақпан айында Қамысты селосында ауданның мемлекеттік мекемелері мен ұйымдар арасында спартакиада өтеді. Бұдан бөлек, ұйым басшыларының арасында мәдениет үйінің әртістерімен бірге «Жұлдызбен ән айт» шоуы ұйымдастырылады.

«Ауданның 70 жылдығын мерекелеу Арқа ауылында жалғасады. Аудандық мәдениет үйі әртістерінің жыл бойы еңбек ардагерлерін, зейнеткерлерді құттықтауға арналған «Шын жүректен!» концерті ұйымдастырылмақ. Киіз үй қалашығы тігіліп, ауыл шаруашылығы және азық-түлік жәрмеңкесі өтеді. Мерейлі датаға орай баскетболдан аудандық турнир өтеді. Сонымен қатар, барлық ауыл немесе ауылдық округтер арасында имидждік өнімді даярлаудан сайыс өтеді. Онда ауданның 70 жылдығының логотипін пайдалана отырып, жазғы сахнаға арналған баннер жасау, басқа да шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Алғыс айту күніне орай «Аудан мерейтойына арналған 100 игі іс» шарасын өткізу қолға алынады», – делінген бағдарлама жоспарында.


Жайылма жұрты биыл Ұлыстың ұлын күнін кең көлемде атап өтуді қолға алғалы отыр. Ауқымды шара «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы» атауымен басталып, ауданның мерейлі датасымен қоса, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі қатарлы ұлттық спорт түрлерінен өңірлік жарыс ұйымдастырылады. Аудан жастарына арналған бос орындар жәрмеңкесіне жалғасып, Қамысты ауданының алғашқы тың игерушілеріне арналған «Ұлы дала адамдары» конференциясы өтпекші. Жергілікті кәсіпкерлер мен шекаралас аудандардың қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. «Сүйем сені, туған жерім – Қамысты!» бейнеқұттықтау челленджімен жалғасады.

Мұнан кейін мереке Алтынсарин ауылында жалғасады. Наурыз айында облыстын танымал әртістері шақырылып, салтанатты концерт (хедлайнерлер) ұйымдастырылып, киіз үйлер тігіледі, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді, бұл жерде де имидждік өнім дайындалып көрсетіледі. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында село және барлық ауылдар арасында «Таза мекен – Қамысты» акциясы ұйымдастырылады. Қазақ драма театры әртістерінің қойылым ұсынғалы отыр.

Осы сияқты ауқымды шаралар Аралкөл, Қарабатыр, Адаев, Бестөбе, Клочков ауылдарында да жалғасатын болады.

– «Өскелең ұрпаққа – өнегелі тәрбие» жобасы, ақсақалдар кеңесі өкілдерінің қатысуымен диалог алаңы, ҰОС Жеңісінің 80 жылдығына арналған салтанатты концерт, ат спорты түрлері бойынша өңірлік жарыстар – бағдарламамыздың бір парасы. Одан кейін «Гүлденген Қамысты» фотобайқауы, жерлестердің басын қосқан «Туған жерге тағзым!» форумы бар. «Панкратион» аралас жекпе-жегінен ашық республикалық турнир, «Туған өлкем – Қамыстым» ақындар айтысы, аудандық спартакиада шеңберінде көкпар, аударыспақ спорт түрлері бойынша өңірлік жарыстар да қарастырылған. Биыл аудандағы спорттық шараларды өткізуге 16,5 млн теңге қарастырылып отыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Мерейтой аясында белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу жоспарланған, «Қамысты ауданының құрылғанына 70 жыл» мерекесіне тұспа-тұс келетін ҚР Рәміздер күніне орай еліміздің қастерлі нышаны белгіленген алып торт пісіріледі.

Мұнан кейінгі шара Қамысты ауданының орталығында жалғасады. Бұл ауқымды шарадан оқушылар да қалыс қалмайды. Шәкірттер арасында «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты Абай оқулары жоспарда тұр. Жастар күніне орай да ауқымды шара белгіленген. Мұнан кейін Тілдер күніне орай «Тіл – елімнің тірегі» байқауы өтеді. Ал кәсіпкерлер күніне орай әйелдерге тиесілі кәсіпорындарды қолдауға арналған әлеуметтік бейнероликтің тұсауы кесіледі.

Ауданның мерейтойы Еңбек күніне арналған салтанатты шараға ұласып, жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі жоспарланып отыр. «Өнеріміз саған, Қазақстан!» XXXVIII облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқау-фестивалі кең көлемде атап өтілмек. Мерейлі жыл аудан тарихшылары мен алғашқы тың игерушілер қатысқан конференциямен қорытындыланады.

Ерекше жаңалық – «Қазақ вальсінің падишаһы» Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай әндер фестивалі ұйымдастырылып, Гала-концертпен аяқталады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Дина Нұғманова


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 13