Қамыстыда әке жолын қуған Воробьевтардың екі ұлы жер ананың қойнында еңбек етуде

 Дала төсінде қызу еңбекпен жүретін тракторшылардың еңбегі қай мезгілде болсын ерекше саналады. Солардың бірі – жастайынан тракторды тізгіндеп, өмірінің саналы жылдарын еңбекпен шынығып өткізген Алтынсарин ауылында тұратын Николай Воробьев. 1964 жылы Бестөбе ауылында туған Николай Николевич – қазіргі таңда сол маңда өсіп-өніп, ұрпағын жайған бәйтерек. Бүгінде әке жолын қуған қос ұлы және күйеу баласы трактордың түрін меңгеріп, жер ананың қойнында еңбектенуде.

Ерте жастан тракторды тізгіндеген Николай Николевич техника тілін жетік меңгеріп, бүгінде белді механизатор атанды. Онымен қоймай оның кәсібін ұлдары және күйеу баласы жалғастыруда. Николай Воробьев Бестөбеде еңбек жолын шопырлықтан бастаған. Адаев, Орқашта біраз жыл жүк көліктерін жүргізді. 1991 жылы Иринамен танысып, үйленді. Жас отбасы осыдан отыз жыл бұрын Алтынсарин ауылына көшіп келеді. Қызметіне адал, жауапкершілікпен жұмыс істейді. Өз ісіне тиянақты. Қандай жағдай болсын жұмысын бірінші орынға қояды. Жұмысты ауыр жеңіл деп қарамайды.
Николай Николевич Воробьев №1 бригадада отыз жылға жуық механизатор болып еңбек етіп келеді. Шамиль Райсұлының қарамағында 27 жыл жұмыс істеді. Қазір Шамиль Райсұлы зейнетте, оның орнын ұлы Рустам басты. Сол бригадада тұңғыш ұлы Генадий де алты жылдан бері механизатор болып жұмыс істейді. 2023 жылдан бері кенже ұлы Николай да олармен бірге қосылып, бір бригада да еңбек етуде. Қазір олар Фрунзеде егіс басында. Үлкен қызы Галина биыл спорттық-сауықтыру кешеніне еден жуушы болып жұмысқа орналасқан. Ортаншы қызы 2009 жылдан ауылдағы дәмханада әкімші болып жұмыс істеді. Қазір Рудный қаласында тұрады. Барлық ұл-қыздары отбасылы, 12 немере сүйіп отыр. Он үшінші немерені тағатсыздана күтіп жүр.

-Еңбектене ішкен дәмнің тәттілігін, тер төге істеген істің сәттілігін жастайымнан сезіндім. Техника рөліне отырғаннан қыстай ауылға азық-түлік тасып, егістікке қар тоқтатып, көктем шығысымен қайнаған тірлікке ден қоямыз. Таңсәріден егістік алқаптарына аттанып, күн қарая ғана үйге оралатынбыз. Жер жыртып, дән сеуіп дегендей, егін-терін жиылғанға дейін шаруа бастан асатын. Содан отыз жылға жуық уақыт трактор, комбаинның руліндемін. Алғаш «Беларусь» тракторына отырдым, қазір жаңасымен жұмысымды жалғастырудамын. Кейін комбаинды меңгердім. 1991 жылы шаңырақ көтеріп, Аллаға шүкір, 2 қыз, 2 ұлды тәрбиеледік. Кішкентайынан ұлдарым Генадий, Николай да, май-май боп трактордың асты-үстіне түсіп жүрген маған жәрдем бере жүріп, техниканы тез меңгеріп алды. Кенже ұлымыз әскерден оралған соң, механизаторлыққа оқыды. Ауылда мал ұстап, егін еккеннің ризығы мол болғандықтан, балаларым осы шаруашылықта жұмыс істеуді құп көрді, – дейді кейіпкеріміз.

Техниканы ұқыпты ұстайтын жігіт ағасы, темір тұлпары сынып далада қалғанда да техниканы қараусыз тастамай жақын елді мекендерге жеткізіп, өзі іске қосып, тапсырылған шаруаны тындырып жүретін. Осы еңбегі де барынша бағаланып, сол барлық мадаққа ие болды. Өмірлерін бірге өрген жұбайы Ирина Геннадьевна отағасының және өзінің жетістіктерін растайтын мақтау грамоталарын мақтанышпен тізбектеп көрсетті.
Әрбір темір-терсегіне дейін жетік білетін әкесінің өнегесін алған балалары «Алтынсарин» ЖШС жемісті еңбек етіп жүр. Бүгінде олардың барлығы да – озат мамандар.

– Мен алғаш рет тракторға 20 жасымда отырдым. Содан бері несібемді осы техникадан айырып келемін. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, бірлескен еңбегіміздің арқасында жағдайымыз да жақсы. Ең бастысы, еліміз аман, тыныштық болғай, – дейді отбасының тұңғышы Геннадий.
Әке жолын балалары абыройлы ақтауда. Әке жолын қуғандарын ұлдарын әкесі мен анасы мақтан тұтады.

Атадан балаға кәсіп болған диқаншылық еңбек шынында да одан әрі де жалғасып тауып, ұрпақтар сабақтастығы одан әрі жалғана түсіпті. Оған себеп бүгінде Николайдың тұңғышы Геннадий дәл осы «Алтынсарино» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2018 жылдан бері механизатор болып еңбек етеді екен. Қос бірдей ұлдың ата кәсіп болған істің берекесі де осы әке мен атадан қалған тәлімнің дұрыстығында болса керек.

– Бала күнімдегі өзімнің басымнан өткергенім енді баламмен дәл солай қайталанғанына шын мәнінде қатты таң қалдым. Екі ұлым да дәл мен сияқты жанымнан қалмай жүріп техниканы меңгеріп алды. Әр тетігі мен бөлшегін сұрап жүріп үйреніп, тіпті өзімнен де артық білетін болды. Сынып қалған тракторды өзі жөндеп жүретін жағдайға бала күнінде-ақ жеткен. Сөйтіп, көңіліне жатталып қалған техникаға құмарлық, көзін ашқалы бері көрген-түйгені баламның да әке жолын жалғауына себепкер болды ма деп ойлаймын, – дейді Николай Николевич.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0