Қамыстыда егін орағы аяқталуға таяу

 Қамыстыда егін жинау науқаны бірер күнде аяқталады деп күтілуде.

Қазірде жалпы 300 мың гектар алқап, соның ішінде дәнді және бұршақ дәнді дақылдар 279,8 мың га, майлы дақылдар 10,1 мың га. немесе жоспарланған көлемнің 94,7% жиналды.
Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Нұржановтың айтуынша, дәнді дақылдарға 279,8 мың гектар жер бөлінген.
-Біздің міндетіміз – маңдай термен егілген азықты шашау шығармай жинап-теріп, күзгі далалық науқанды сәтті аяқтау. Майлы дақылдарды жинау басталды. Қазірдің өзінде 2,4 мың гектар алқап жиналды. Әзірге орташа өнімділігі гектарына 3,7 центнер алынды. Сондай-ақ, 2 мың гектар жерден екі мың тонна картоп, 1 мың гектар жерден бір мың тонна көкөніс жиналды. Қолайлы ауа райы жағдайлары мен топырақтағы ылғалдың оңтайлы мөлшері 2023 жылғы деңгейден жоғары өнім алуға мүмкіндік берді, – деп атап өтті Жандос Нұржанов.
Егін жинауға 134 ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылды. Күзгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 5,3 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысының айтуынша, биылғы жылы өсімдік шаруашылығының ең заманауи технологияларын қолдану, егін жинау науқанына уақтылы дайындық және аудан шаруашылықтарында машина – тракторлық паркінің жаңартылуы жақсы нәтижелерге жеткізуге мүмкіндік берген.

Жалпы Қамысты ауданы экономикасының негізгі басты саласы ол – ауыл шаруашылығы. Шаруашылықтың бұл түрімен 110 ауыл шаруашылығы құрылымдары айналысады, оның ішінде: 87 шаруа қожалығы және 20 ЖШС.
Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының 13 түрі дәнді, дәнді-бұршақты, жарма және майлы дақылдардың барлығы 24 түрлі сорты егілді, бұл нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік береді және шаруашылықтарға экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,8 млрд теңгені құрады (2,7 млрд теңге мал шаруашылығы өнімі). Нақты көлем индексі 106,4%, оның ішінде мал шаруашылығы 106,4% құрады.

Ауылшаруашылық машиналардың паркін жаңартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 14 трактор, 16 комбайн, 8 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Егін науқаны енді осы жақында бірнеше күн шамасында аяқталады. Әрі қарай майлы дақылдардың жинау жалғасады

Қамысты ауданының қай түкпірінде болмасын, егіс алқабында қызу тірлік жүруде. Аудандағы жетекші шаруашылық «Қарабатыр» Агрофирмасы атырабындағы егілген дақылдың өсімі қандай, астық орағы қалай жүргізілуде, диқаншының өнімге көңілі тоқ па деген сұрақтарға жауап іздеп хабарластық. «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов аймақтағы егін орағының барысы жайлы әңгімелеп берді. Жалпы биыл 23 мың гектар алқаптан бидай, арпа, сұлу, сафлор, жүгері, эспарацет, жетнек, судан шөбін жинап алған. Орташа 10 центнер өнім беріпті.
-Ертең егін орағы аяқталды. Биыл егін түсімі орташа. Бидай түсімі гектарына 10 центнерден айналды. Мәселен, Сахаровта егін бітік шықты, керісінше Мамыркөлде еккен егін нашар. Биыл көктем, жаз бойы жауған жаңбырдан арамшөп қаулап өсіп, біраз кедергі келтірді,– дейді Марат Құдайқұлов.
Аталған серіктестікте қазір 120 адам еңбек етуде. Егістік басында 120 жұмысшы еңбек етіп жүр. Оның дені – механизаторлар.
-Серіктестік 2022-2023 жылдары жалпы сомасы 143 млн теңгеден астам қаражатқа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Былтыр төрт жаңа комбайн сатып алдық. Өсімдік шаруашылығы саласында GPS құрылғысымен, отын шығыны датчиктерімен жабдықталған трактор сатып алу, тұқым енгізу, егіс кешенінің қозғалысын автоматты басқару жүйелері, процестерді басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз ету қатарлы цифрландыру технологиялары енгізілген», – деді «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ, Суретті түсірген Дина Нұғманова


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 8