Қамысты ауданының ауруханасы жас мамандармен толығуда

Ауылдық жерде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жүзеге асуда

Қамыстыда медицина саласы қызметкерлерінің қатары жас мамандармен толығуда. Оның сыртында, өңірге педиатр, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, эпидемиолог және жалпы тәжірибедегі дәрігерлер легі келген.

«Қамысты ауданының денсаулық сақтау жүйесінде 19 дәрігер, 65 орта медициналық маман жұмыс істейді. Әрине, маман жетіспеушілігі бар. Атап айтқанда, терапевт, жалпы тәжірибедегі дәрігер әлі де тапшы», – дейді Қамысты ауданының бас дәрігері Айман Исекова.

Аудандық ауруханада соңғы уақытта акушер-гинеколог болмаған. Оңтүстік астанадан келген жас маман Феруза Абдумажидова аталған мамандық иесі.

Оның жұбайы Досбол Садуақасов та анестезиолог-реаниматолог. Алматы медицина университетін тәмамдаған Феруза «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келгенін айтады. Қазір жас отбасы аудандық емханада еңбек етіп жүр.

– Жалпы медицинаға түсу себебім, бұл – менің бала кезімдегі арманым. Өткен жылы отбасымызбен көшіп келдік. Аудан басшылығы бізге барлық жағдайды жасап отыр. Келгенде мемлекеттен көтермеақы берілді. Содан кейін он бес жылға 0,01% жеңілдікпен үй алдық. Қазір ұжымға да, шалғай ауданға да үйреніп кеттік, – дейді жас маман.

Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев медицина саласының қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау жалғасатынын айтады. Былтыр аудандық бюджет қаражаты есебінен үш қызметтік пәтер сатып алуға 15 млн теңге бөлді.

Сондай-ақ, аудандық орталық аурухана ғимаратына 35,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Биылдан бастап аурухананың басқа да бөлімшелеріне жөндеу жұмыстары жалғасады. Алдағы уақытта 210 млн теңгеге емхананың шатырына, ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жөнделмек.

Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі медициналық мекемелер де назардан тыс қалмайды. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Алтынсарин, Арқа, Бестөбе ауылдарында үлгілік дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункттерді салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 9