
Қамыстылық ақын бас жүлдені қанжығалады
Қамыстының Бестөбе ауылында дүниеге келген жас ақын соңғы жылдары айтыс өнерінде ерекше танылып, ақындық шеберлігімен көпшіліктің көңілінен шықты.
2020 жылы Бестөбе орта мектебін тәмамдап, Арқалық педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 2024 жылы аяқтады. Білім алу барысында Әсет қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп, қазіргі уақытта Бестөбе жалпы білім беретін мектебінде ұстаздық қызмет атқаруда.
Әсет Ақылжановтың айтуынша, өз туған жеріне келіп, өзі оқыған мектепке жұмысқа орналасу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл оған балалық шағын өткізген жеріне өз үлесін қосуға, білім алған мектебінің дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді. Өз ұстаздарымен әріптес болу – ерекше сезім, ал жас ұрпаққа білім беру – үлкен абырой, дейді ақын.
Жас ақын студенттік шағынан бастап өнер жолына түсті. 17 жасында Арқалық қаласындағы сахнада алғаш рет өнер көрсетті. Бұл жолда оған айтыстың ақтаңгері, ақын Айбек Қалиевтің тәлімін алу бақыты бұйырды. Айбек Қалиевтің шәкірті ретінде Әсет айтыс өнерінің қыр-сырын терең түсініп, оны өз шығармашылығында шебер пайдалана бастады.
«-Әркім ақындық жолға әрқилы жолмен келеді. Менің тағдыр-талайыма бұл бақыт әулетімнен дарыған секілді. Себебі ақындық қанымда бар. Өз ағам Нағашыбай Ақылжан да өнерден кенде болмады. Нағашы жақтан да ақындар бар екен. Солардан дарыса керек Сондықтан, ақындық өнерді таңдауыма көрген өнеге түрткі болды. Жастайымнан айтысқа құмарттым. Айтыс тамашалауға ынтам ауып, ойлы азаматтарға жақын өстім. Ұстазды да алыстан іздегенім жоқ. Айбек ағамның өлең-жыр жаттатып, өнеге беруі өрісімді кеңейтті. Әрқашан жауапкершілікпен жұмыс істеуді, ізденімпаз болуды, ең бастысы, өз ісіңді шынайы сүйе білуді үйретті, – дейді ақын.
Ақынның жақында Арқалықта өткен «Алаштың бір ардағы» атты аймақтық ақындар айтысындағы бас жүлде алған жеңісі оның өнер жолындағы биік шыңға жеткенін дәлелдейді. Қазылар алқасы Әсет Ақылжановтың терең ойлы сөздері мен шебер жазылған өлеңдерін жоғары бағалап, оны ұлы тұлға Міржақып Дулатовтың мұрасын жырлау жолындағы елеулі еңбегін атап өтті. Бұл жеңіс оның айтыс өнеріндегі шеберлігін ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетіне қосқан үлесін көрсетеді.
Сонымен қатар, Әсет Ақылжановтың соңғы жетістігі – Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған ақындар аламанында бас жүлде алуымен байланысты. Бұл шарада жас ақын өзінің өнерін жоғары деңгейде көрсетті, жұртшылықты таңқалдырды. Әсет ақын жеңісін туған өлкесі мен ұстазы Айбек Қалиевке арнады.
«Басты мақсатымыз – Міржақып Дулатовтың өмірі мен еңбегін жырлап, халықтың жүрегінен орын алу болды. Құдайға шүкір, осы жолы бас жүлде бұйырды. Өзім білім алған жерге барып, осындай үлкен жетістікке жеткенім мен үшін зор абырой», – деп жеңісін мақтанышпен жеткізді.
Қазылар алқасының шешімімен Әсет Ақылжановтың шығармашылығы жоғары бағаланып, оның айтыс өнеріндегі шеберлігі мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесі ескерілді. Бұл жеңіс жас ақынның өнер жолындағы жетістіктерін айқындап қана қоймай, ұлттық өнеріміздің дамуына қосқан зор үлесі екенін тағы да дәлелдеді. Әсет Ақылжановтың есімі тек айтыс сахнасында ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде де өзіндік орнын алып келеді. Оның келешектегі шығармашылық жолы әлі де жоғары жетістіктерге толы боларына күмән жоқ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31