Қамыстылық Ғалияның қолынан шыққан дүниелер сұранысқа ие

 Алтынсарин ауылында тұратын Ғалия Саматова – қолөнер шебері, қыз жасауының шебері.

Ауылдағы көптеген қыздардың жасауы мен үй бұйымдары осы апамыздың қолынан шыққан. Ғалия апаның қолөнерге деген қызығушылығы оның өмірінің маңызды бір бөлігіне айналып, көптеген адамдарға эстетикалық және рухани тыныштық сыйлады.


Ғалия Саматова Жанкелдин ауданының Ақшығанақ ауылында туып, сол жерде өскен. Көп ұзамай, оның отбасы Қамыстының Алтынсарин ауылына көшіп келді.

Қолөнермен айналысуды Ғалия он жылдан астам уақыт бұрын бастады. Ол осы кәсіппен айналысып жүргенде өмірінде ауыр жағдай орын алды. Кенеттен бауыр еті қызынан айырылды. қайғы мен уайымға батып, Ғалия өзін жоғалтып алғандай болған. Алайда, осы кезде ол өзіне көңілін аулау үшін қолөнермен айналысуды жөне көреді.

«Ұйқым қашып, көзім ілінбегенде түні бойы тоқыма тоқимын, тігін тігемін. Бұл менің жан дүниемді тыныштандырып, қайғыдан шығуыма көмектесті», – дейді ол.

Ғалия апаның анасы да тігінші болған. Кішкентай кезінен тігін машинасының құлағын бұрап үйреніп, үйдегі шаруаларға қажетті көрпелер мен тыстарды тігіп, әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасаған. Оның анасының тігін машинасы бүгінде 1953 жылы шыққан, әлі де сақталып тұр, бұл Ғалияның балалық шағынан қалған естелік болып табылады.

Ғалия Саматова өзінің қолөнерінің арқасында ауыл тұрғындары арасында үлкен танымалдыққа ие. Ол көбінесе қыз жасауларын жасап, түрлі үй бұйымдарын тігіп, тапсырыс қабылдайды.

«Көбіне тапсырыспен тігемін, көбінесе ауылдағы қыздардың жасауына тапсырыс береді. Кейде ескі көрпелердің сыртын өзгертіп, жаңартып, тыстарын тігіп беремін. Кез келген қыз-келіншек ине ұстай білуі қажет», – дейді қолөнер шебері.

Көптеген адамдар Ғалияның қолынан шыққан бұйымдарды жоғары бағалайды, себебі әрбір жасалған затқа жүрекпен, махаббатпен жасалған ерекше мән беріледі. Оның қолөнер туындылары көбінесе ауыл тұрғындарының үйінде және ұзатылатын қыздардың жасауында маңызды орын алады.

Ғалия апа осы кәсіпке кіріскенде, өзінің ең қиын кезеңдерін өткергенін айтады. Қызының қайтыс болғаны оның өміріндегі ең ауыр сәттердің бірі болған. Дегенмен, осы қайғыны жеңу үшін қолөнер оған үлкен көмек көрсеткен.

«Балаларымның үлкені 39-ға келеді, оның біреуі өмірден өтті. Сол кезде қатты қиналып, уайымға түсіп, кетіп қалғанымда, осы қолөнердің арқасында қайғымды сейілтіп, өз-өзіме келдім», – дейді Ғалия апа.

Ғалияның отбасы қарапайым, бірақ өте еңбекқор. Әкесі Бестаудың тумасы болса, анасы Орқаштың қызы. Әкесі соңғы жылдары қойма меңгерушісі болып жұмыс істепті. Анасы үй шаруасымен айналысып, тігіншілікпен де уақыт өткізген. Ғалиядан кейінгі сіңілісі де тігіншілікке бейім болып, бұл дәстүрді жалғастырып келеді.

«Бала күнімнен қолөнерге әуес болдым. Ол кезде еңбек деген сабақта кішкентай қолғап тоқитынмын, кілем тоқитынмын. Теледидар қарап отырсам да, жай қарамай тоқыма тоқимын.», – дейді Ғалия апа. Осылайша, ол өз өмірінде алғаш рет қолға алған шеберлігін бірте-бірте жетілдіріп, бүгінде үлкен шеберге айналды.

Ғалия Саматова өзінің қолөнер шеберлігімен тек қана ауылдағы қыздардың жасауын жасаумен шектелмей, сол арқылы өзінің ішкі әлемін жақсартты, қайғыны жеңуге көмектесті. Оның қолөнер туындылары тек әдемілігімен ғана емес, сонымен қатар адамға рухани тыныштық сыйлайтын қасиетімен де ерекше.

Ғалияның қолынан шыққан әрбір бұйым – оның жан дүниесінің көрінісі, махаббат пен еңбектің нәтижесі. Осындай шеберлердің еңбегінің арқасында, ауылдық өмірдің дәстүрлері мен қолөнеріміз сақталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2