
Қамыстылықтар Амал мерекесін бастап кетті
Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Амал мерекесі қазір өңіріміздің жер-жерінде кеңінен атиап өтіледі. Әсіресе, тәрбиенің ошағы мектептерде кеңінен насихатталуда.– Бала кезімізден 14 наурыз – Көрісу күні біз үшін ерекше есте қалатын мерекелердің бірі болатын. Сол күні ауыл балалары үй-үйді аралап, олардың «Жасың құтты болсын!» деп берген тәттілерін қалтамызға сыйғыза алмай бір жасап қалушы едік. Қай жерде болсын, бір-бірімен кездескен ауыл тұрғындары қол алысып, «Бір жасың құтты болсын!» деп құттықтасып жататын. Әрбір үй 14 наурызда сандығының түбіндегі қыс бойы сақтаған бар тәттісін шығарып, «Қазан толы болсын!» деп дастарқан жаятын. Сол кезде біз көрісу күнін бүкіл Қазақстан тойлайтын шығар деп ойлайтынбыз. Кейін білгеніміздей, оны тек батысқазақстандықтар мен Ресейдің Саратов, Орынбор облыстарындағы қазақтар ғана атап өтеді екен. Қазір біздің өңірде бұл күн ерекше атап өтіледі. Әр отбасының үлкендері балаларына, ағайын-туысқа батасын беріп, Наурызға аман-есен жеткеніне қуанады. Әсіресе, көненің көзі – қариялар үшін бұл айрықша мейрам, – дейді ақжаулықты ана, білікті ұстаз Айжан Әшім.
Бұл мереке – күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр.
-14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарқанын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады. Көрісе келген адамдар (көбіне кішкентай балақайлар) көрісіп шыққан үйінің дастарқанынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарқанға шақырады, – дейді Айжан анамыз.
Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар.
Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады.
Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31