Қамыстыда Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің үш томдығының тұсаукесері өтті

 Қамысты ауданында Қазақстанның Еңбек Ері, Қамысты ауданының Құрметті азаматы, «Алтынсарино» ЖШС директоры Борис Павлович Князевтің «Жизнь своим аршином мерю» атты үш томдық кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға аудан басшылығы, мәдениет және білім саласының өкілдері, жастар мен ардагерлер қатысты.


Кездесу барысында Борис Павлович өзінің еңбек жолы, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері және өмірлік ұстанымдары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, жастарға өз тәжірибесімен бөлісіп, табысқа жетудің, адал еңбектің және туған жерге қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Борис Князев өзінің өмірлік философиясымен бөлісіп, адалдық пен еңбектің құндылығын ерекше атап өтті:
«Өмірдің ең басты мәні – өзіңнен кейін із қалдыру. Біз табиғаттың бір бөлшегіміз, сондықтан оның заңдылықтарына сай өмір сүруіміз керек. Жақсылық жасасаң, ол міндетті түрде қайтады. Адамдарға адами қарым-қатынаспен қарау керек. Тура жолмен өмір сүру үшін көп ақша қажет емес. Өзің дұрыс өмір сүріп, балаларыңа да соны үйретуің керек», – деді ол.

Борис Павловичтің ауыл шаруашылығындағы еңбек жолы қиын кезеңдерден басталды. Ол Алтынсарин совхозының басшылығына келгенде шаруашылық әлсіз күйде болатын. Алайда ол еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жұмысшылардың сеніміне ие болып, шаруашылықты дамытудың жаңа бағытын ұсынды. Сол жылы шаруашылық өз күшімен егін егіп, мол өнім жинады. Князевтің адалдығы мен еңбексүйгіштігі оның ұжымын да жігерлендірді.

Жиын барысында жастар авторға түрлі сұрақтар қойды. Кәсіп пен мамандық таңдау туралы айтқан Еңбек Ері Князев:

«Келешек ұрпақ өз мамандығын дұрыс таңдауы керек. Өмір бойы айналысатын ісің жүрегіңе жақын болуы тиіс», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, жастар оның бос уақытында немен айналысатынын және үш томдықты жазу идеясы қашан пайда болғанын сұрады.

«Менің хоббиім – жергілікті тарих пен өзімнің шежіремді зерттеу. Ата-бабаң кім болғанын, олардың қандай өмір сүргенін білу маңызды. Әр адам өзіне «Мен бұл өмірде не істедім, не тындырдым?» деген сұрақ қоюы керек», – деп жауап берді автор.

Кездесу соңында Борис Князев жиналғандарға алғысын білдіріп, болашақ ұрпаққа ізгі тілегін жеткізді. Іс-шара естелік суретке түсумен аяқталды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Ермұрат БЕКМҰХАМЕДОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1