Трактор тізгіндеген көбендік тракторшының еңбегі жастарға үлгі

 Қаймана қазақтың негізгі діңгегін ұстап тұратын еңбектің бір түрі малшы мен механизатор десек қателеспейміз.

Сонау өткен кезеңдерді еске алсақ, көнекөздер «Одақ кезінде малшы мен механизаторға үлкен құрмет көрсетілетін еді. Өйткені, адамға ең бірінші қажетті материалдық игілік азық-түлікті өндіретін, күні-түні уақытпен саанаспай қызмет ететін механизаторлар мен малшылар болатын». Бүгінде заман өзгеріп, технология жаңарған шақта малшы мен механизатордың еңбегі әлі маңызын жойған жоқ. Себебі, иен дала иесіз қалмас үшін осы қызмет басты рөл атқарады.


Біз әңгімелейтін кейіпкеріміз 32 жыл бойы техника рөлінде отырған Рашид Смағұлов туралы болмақ. Рашид ағамыз сегізжылдық мектепті бітіріп, Бестөбедегі ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесінен кейін шулы қаладан кәсіп іздемей, туған ауылында қалды. Еңбек етуге бел буды. Былайша айтқанда небәрі жастайынан Рашид ағамыз техниканың тілін бірден меңгерді. Сол кезде Бестөбедегі СПТУ-28 ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын. 1988 жылы сонда оқуға түсіп, 1991 жылы механизаторлықты бітіріп, алғаш еңбек жолын Ливан совхозында механизатор болып бастады. Кейін ауылдар ыдырай бастағанда «Алтынсарин» ЖШС 4 бөлімшесінде жиырма жылдай механизатор болып еңбек етті. Бүгінде Ливан ауылындағы «Алиев» шаруа қожалығында тракторист-механизатор болып жұмыс жасайды.

-Мен алғаш рет тракторға 16 жасымда отырдым. Содан бері несібемді осы техникадан айырып келемін. Механизатор аз, оларға үйрету керек. Жас отбасыларға қолдау берілсе, жас мамандар ауылға тұрақтап қалар еді. Біз жер ананың берген несібесін жеп жатырмыз. Еткен еңбегімнің арқасында жағдайымыз да жақсы. Ең бастысы, еліміз аман, тыныштық болғай!, – дейді кейіпкеріміз.
Техника болған соң сынбай тұрмайды. Талай қақаған қыста, шіліңгір шілдеде далада сынып, қалып қойған кездер болды. Осындайда қолы шебер ол өзі жөндеп, жұмыстарды мінсіз атқарады.

-Еңбектене ішкен дәмнің тәттілігін, тер төге істеген істің сәттілігін жастайымнан түсіндім. Өйткені әкем де елу жылдай механизатор болды. Інім екеуміз қасында жүріп көп нәрсені үйрендік. Әкемнің жолын қуып, техника тілін жетік меңгердім. Таңсәріден егістік алқаптарына аттанып, күн қарая ғана үйге оралатынбыз. Жер жыртып, дән сеуіп дегендей, егін-терін жиылғанға дейін шаруа бастан асатын. Содан бері отыз жылдан артық тракторда еңбек етіп келемін. МТЗ-80-нен бастадым, «К-700» тракторында жұмысымды жалғастырдым. 2001 жылы шаңырақ көтеріп, Аллаға шүкір, екі қыз, екі ұлды тәрбиеледік. Кішкентайынан ұлдарым Артур пен Серік те, май-май боп трактордың асты-үстіне түсіп жүрген маған жәрдем бере жүріп, техниканы тез меңгеріп алды. Қазір көмекшім. Әкемнің ақылдарын, балаларыма үйретіп жатырмын. Ауылда мал ұстап, егін еккеннің ризығы мол болғандықтан, қолда мал ұсаймыз, – дейді Рашид Смағұлов.

Жаңадан еңбекке араласып жатқан ауылдағы жастар техникадан ақау шығып, білмей қалған жағдайда ағаларының көмегіне жүгінеді. Бұл алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқынға жалғасып келе жатқан еңбек эстафетасы деп айтуға болады. Осындай өмірден көргені бар, түйгені бар алдыңғы толқын ағалар көп болса ауылда техника тілін бес саусақтай білетін жастардың да қалыптасары анық.

Рашид ағамыз тынымсыз еңбегі үшін марапаттарға ие болса, отбасында да бақытты жан. Жұбайы Наталья – әлеуметтік қызметкер. 2003 жылы Қамысты ауданына көшіп келіпті. Бүгінде Наталья екеуі балаларының қызығын көрген бақытты ата-ана. Балаларының үлкендері жоғары оқу орындарын бітіріп, бүгінде бір-бір мамандықты игерген, өмірден өз жолдарын тапты. Бүгінде олардан жиен сүйіп отыр.

Жоғарыда атап өткендей механизатор мен малшы құрметті де, мәртебелі мамандық. Алайда бүгінде трактор жүргізушіге, мал бағуға адамдар құлықсыз. Жоғарғы басылымдарда малшы мен механизатор ең зәру мамандық болып қалу жөнінде пікірлер де жазылуда. Расында да Рашид Смағұлов сияқты механизаторлар жастарға үлгі. Ауылдың экономикасы да осы қызмет арқылы ғана гүлденеді, көркейеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 7