Алтынсариндік Қайрат Бакенов көлік жөндейтін шеберхана ашты

Қамысты ауданы Алтынсарин ауылының тұрғыны Қайрат Бакенов бірнеше жыл бойы Қостанай-Қарабұтақ республикалық тасжолының бойынан көлік жөндейтін шеберхана ашуды ойлап жүрген болатын. Биыл көптен күткен ойы маусым айында іске асты. Жоба толық жүзеге аспаса да, әзірше Алтынсарин ауылынан шағын көлік доңғалағын жөндейтін шағын орын ашты. Айта кету керек, Қамысты ауданы бойынша жүк көліктерін шиномонтаж ісі ауданы бойынша жоқ деп айтуға болады.
Көп балалы әке арнайы грантқа қатысып, жобасы бірден қолдау тапты.

-Басыңда көп ойландым, жүк көліктерін жүргізушілерімен сөйлесіп кеңестім. Тас жолдың бойында қаншама бұзылған жүк көліктерін көрдім. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Зерделедім, көптеген жүк көліктері доңғалақтары жарылып, жолда қалып жатады. Мұндай қызметке сұраныс жоғары екенін бақыладым. Өйткені, Қостанай мен Ақтөбені байланыстыратын республикалық тас жолы бойынан Қарабұтақта ғана бар. Одан кейін тек Лисаков қаласында ғана. Екі аймақтың арасы 400 шақырым. Сөйтіп, Қостанай-Қарабұтақ тас жолында Адаев ауылының тұсынан шиномонтаж ашуды ұйғардым. Бизнес жоспарымды әзірледім. Кейін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Шекаралас Ақтөбе облысына арнайы барып, континер сатып алдық. Барлық қажетті жабдықтарға 9 миллиондай қаражат жұмсалды. Кейін бизнес-жоспар құрып, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 1 млн 446 грант ұтып алдым, – дейді Қайрат Бакенов.


Көп балалы әке жергілікті билік өкілдерінен қолдау тапқанымен, бизнесінің толық іске аспай отырғанын айтады. Себебі, Қостанай-Қарабұтақ республикалық маңызы бар жол бойынан ашу үшін ол Адай ауылынан жер телімін рәсімдеген. Жер телімі бөлінді, алайда, трасса бойына дейін жарық тарту мәселесі үлкен қол байлау болып тұр.

-Қазіргі уақытта жарықпен байланысты проблеманы әлі шеше алмай отырмын. Бұл мәселе бойынша Қамысты ауданының және облыс әкімінде болып, көтергенмін. Бірақ, аудан әкімі алдағы уақытта шешіп беретінін айтты. Басында осы істе қолға алған кезде аудан әкімі менің жобамды қолдап, біраз көмек көрсетті. Биыл маусым айында жұмысты бастадым. Қазір ауылда ашылғандықтан, әзірге жұмысшы алған жоқпын. Бәрін өзім атқарып жүрмін. Жұмыс күшінің аса қажеті де шамалы. Алдағы уақытта жарық мәселесі шешіліп, трасса бойына шығатын болсам, 4-5 адамды жұмысқа қабылдайтын боламын. Ойым жүзеге асса, шиномонтаж күн-түні жұмыс істейтін болады, – дейді ол.

Көп балалы әкенің қолға алған жобасы сәтті жүзеге асып жатса, Қамысты ауданына тиімді болмақ.

-Алыс жол болған соң, жүк көліктерінің доңғалақтары жиі жарылып, жолда қалып жатады. Ал, Қостанай-Қарабұтақ маңызы бар республикалық жол бойында ауылдар да аз. Алыс жолда тұрып қалған жүк көліктеріне көмек ауадай қажет. Бұл идеяны көптен бері ойлап жүргенмін. Бірде жолда тәжік азаматы кездесіп, маған ой салды. «Сіздер ұланғайыр жері бар, пайдалы қазбалары бар бай мемлекетсіңдер. Бірақ осындай алыс жолдың бойында қалған жүк көліктеріне көмектесетін ешқандай мүмкіндіктерің жоқ. Ал, біздің елде жол бойында дәретхана, жуынатын арнайы бөлме, дәмхана, көлік жөндейтін шиномонтаждар салып тастаған» деп маған ой тастады, – дейді грант иегері.

Қазір Алтынсарин ауылында доңғалақ ауыстыру және басқа да жөндеу жұмыстарын Қайраттың бір өзі атқарып жатыр. Негізгі жоспардың іске асуын ол тағатсыздана күтуде. Өйткені, көздеген мақсаты – жол бойында шеберханадан тыс жолаушыларға сервис көрсететін орын да ашпақ.

– Бұрын-соңды ауданда мұндай жоба жүзеге асырылған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы кәсібімді дамытуды көздеп отырмын. Алдағы уақытта ауыр жүк көліктерін жөндеу қызметі, оның сыртында ұсақ бөлшектерді жөндеумен айналыспақпын. Қасына шағын дәмхана ашсам деген ойым да жоқ емес. Толықтай сервис көрсету. Жуық арада жарық мәселесі шешілетін болса, жақсы болар еді. Ойға алған бизнес жоспарым да іске асар еді. Бұл қызмет түрі халыққа, әсіресе жол жүрген жолаушылар үшін өте қажет деп есептеймін, – дейді Қайрат Бакенов.

Менің негізгі мамандығы – теміржолшы. Жиырма жылға жуық көлікті тізгіндеді. Кейіпкеріміз кеден ісі, механик, жүргізуші сияқты мамандықтарды бітірген. Ауылда тұрған соң бәрін білу керек, әмбебап болу керек, деп есептейді ол.

– Грант біз сияқты ауылдықтарға тиімді. Бірақ, бір ауданға бөлінген грант саны аз. Бөлінетін қаражат та аз, алдағы уақытта көбірек бөлінсе, біз сияқты ауылдықтарға үлкен қолдау болар еді. Біздің елімізде өз бизнесін ашу үшін грант алуға болатын мемлекеттік бағдарлама бар екені өте жақсы. Біз өтініш бердік, бизнес-жобаны қорғадым. Нәтижесінде 1 млн 446 мың теңге грант алдық. Грант тек аз қамтылған және ереше жандарға, көп балалы отбасыларға беріледі екен. Менің төрт балам бар. Тұңғышым – студент. Көп балалы отбасы ретінде мемлекеттік грантқа қатысуға мүмкіндік алдым, – дейді Алтынсарин ауылының тұрғыны.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 6