Қарасу ауданында мешіт күрделі жөндеуден өтуде

Аудан орталығындағы мешіт сонау 95 жылы салынып, ашылған.

Міне, содан бері отыз жылға таяу уақыт өтті. Күмбезін күн, іргесін су мүжіген мешіт ғимаратының әбден тозығы жеткен. Осы күнге дейін бірде бір рет күрделі жөндеу жұргізілмепті.

Ауыл азаматтары ақылдаса келе күрделі жөндеу жүргізуге бекінді. Алдымен жергілікті азаматтар мен кәсіпкерлер жиналып ортақ есеп­шот ашты. Аудан тұрғындары да сауапты істен шет қалмай, өз үлесін қосты. Нәтижесінде қорға жиналған қаражат мешітті күрделі жөндеуге жұмсалды. Құрылыс жаз ортасында басталған. Бүгінде жоспардың жартысынан көбі орындалды. Қабырғасына мәрмәр тас жабыстыратын мамандар Шымкенттен келді. Ішкі жұмыстарға ауылдың жігіттері де қолғабыс етуде. Қостанайдан келген құрылысшылардың да еңбегін атап өткен жөн. Жөндеуді қысқа қалдырмай аяқтауға тырысып жатыр.

Әр жылдары ғимараттың төбесін қалыпқа келтіру, қабырғасын ақтап, сырлау сияқты ірілі­ұсақты шаруалар атқарылғаны мәлім. Мешіт имамы Халық Қабиұлының айтуынша, мұндай күрделі жөндеу бірінші рет жүргізіліп отыр. Көпшіліктен «Қарасу» аудандық мешітінің атауына қатысты ұсыныс та түсіпті.

­ Осы өңірде заманның қиыншылығына қарамай дін жолын ұстанған имам, Көшкінбай деген ақсақал болған. Халықтың діни сауатын арттыру, асыл дінімізді насихаттау бағытында еңбек еткен Көшкінбай ата есімін мешітке беру туралы ұсыныс түсті. Күрделі жөндеу жұмыстарының басы қасында жүрген жігіттермен кеңесе келе осы ойға тоқталдық. Қазір құжаттарды дұрыстап жатырмыз. Мешітті жөндеп болып, ашар кезде сол кісінің атын берсек деген ниет. Құдай қаласа «Көшкінбай ата» мешіті деп аталмақ. Ол кісінің ұрпақтары бар. Қарасуда, Қостанайда, Астанада немерелері тұрады,­деді   Қарасу мешітінің имамы  Халық Әпсаттар.

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Суреттер karasu_region10 парақшасынан алынды.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31