Дәрігерлер тобы Қамыстының 11 ауыл-аймағын аралап шықты

Жылжымалы диагностикалық медициналық кешен жай ғана автобус емес, құдды көшпелі емхана секілді.

Көліктің іші толықтай медициналық және компьютерлік құралдармен жабдықталған. Азаматтарға бірнеше түрлі медициналық көмек көрсетуге болады. Қарабатыр, Жайылма, Арқа, Ливан, Алтынсарин, Бестөбе, Адаев, Орқаш, Бестөбе және тағы да бірнеше елді мекендегі ағайынға медициналық көмек беру үшін жылжымалы бригада аралады. Тамаша мүмкіндікті пайдаланған ауыл тұрғындары ешқайда сабылмай-ақ, кезегімен дәрігерлердің қабылдауында болып, өздеріне қажетті мәліметтерді алды. Бірі акушерге, енді бірі терапевтке көрініп, қан сынамаларын тапсырды.

– Мұндай кешеннің тиімділігі өте көп. Біріншіден, шалғай ауылдардағы тұрғындар жол қаражатын шығарып әрі-бері жүрмейді, екіншіден, кейбір ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік туып отыр. Өйткені қазіргі таңда ауылдық жерлерде барлық медициналық қызмет бойынша бір ғана маман жұмыс істейді. Әрі ауыл халқының көпшілігі өз денсаулығына мән бере бермейді. Үйдегі шаруаларға қарайлап, аудан орталығындағы ауруханаға баруды да үлкен шаруа санайды. Сырқаты меңдеген кезде барып дәрігер жағалайды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, бұндай кешен келгенде ауыл жұртшылығы екі сағат уақытын қиып, дені сау болса да дәрігерге қаралғандары жөн. Себебі білікті мамандар тексеру жүргізсе, несеп, қан талдау сараптамасының қорытындысы сол мезетте дайын болады. Тіс дәрігері мектепке баратын балалардың және үлкендердің тісін емдеп, ем-домын жасайды, – дейді тіс дәрігері Ұлболған Нарбайқызы.

Бұл күні жылжымалы медициналық кешен келетінін естіген Жайылма ауылының тұрғыны Дамира Басырова арнайы келген. Жылжымалы кешенде медициналық көмек алған ауыл тұрғыны ақ халаттыларға риза.

-Ауыл тұрғындарының көбі – қариялар, аналар мен балалар. Олардың қалаға немесе аудан орталығына шығуы қиындық туғызады, аудан орталығына барып дәрігерлерге қаралуға мұршасы келмейтіндер де бар. Сондықтан бұл – үлкен мүмкіндік. Ауылға келген осындай жылжымалы медициналық кешеннің қызметіне жүгініп, әртүрлі мамандардың жәрдемін алып жатырмыз. Дәрігерлерге қаралдық, жылы қарсы алды, кеңестерін айтты. Өзім біраз ағзамды тексертіп алдым. Рентгенге және УДЗ-ға түстім. Аяғымды бәрін қараттым. Қызметтің бұл түрі тиімді екен, тағы да келіп тұрсын деген тілегіміз бар», – деп ризашылығын білдірді.

Ұлболған Нарбайқызының айтуынша, жылжымалы медициналық кешен алдағы аптада Клочково ауылына жол тартпақ. Сосын тағы бір мәрте Қамысты ауданына қарасты 12 ауылдық округті түгел аралап шықпақ.

– Кешен жұмысы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында басталды. Биыл мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетуде жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге дейін ауыл азаматтарының дерлігі дәрігерлердің қарауында болды. Олардың арасында балалар да бар. Олар тіс дәрігерінің қызметіне жүгінген. Сонымен бірге, ауылдықтардың бірқатарына диагностикалық және зертханалық зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, салалық мамандар дәрігерлік кеңес берді, – дейді мамандар.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті ұсынған Ұлболған Нарбайқызы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31