Шөп тасу науқаны аяқталуға таяу

 Ауыл шаруашылығы құрылымдары, шөп шабатын бригадалар шабындықтағы жұмысқа кірісіп жатыр.

Жеке тракторымен шабындыққа шыққан бірлі-жарым тұрғындар да мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Қазіргі таңда күннің ашық-жарығында қыстақтарға, аулаларға шөп тасымалдау жұмыстары жүріп жатыр. Ауа-райы қолайлы болып, техникалар да ақаусыз жұмыс істеп тұр. Шаруа баққан орақшылар жоспардың үдесінен шығуды ойлап, күннің суытпауына дейін қарқынды жұмыс істеуге ынталануда.

-Қазіргі таңда Қамысты аудан бойынша мал басы: ірі қара саны – 18 мың бас, ұсақ мал – 16 мың бас, жылқы – 5,2 мың бас, шошқа – 2,5 мың бас, құс – 23,8 мыңды құрайды. Ауданға көрсетілген көлемдегі мал басын қысқы шөппен қамтамасыз ету үшін 55,8 мың тонна шөп әзірленген. Бұл бір жарым жылдың азығы, – дейді Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Нұржанов.
Жеке тұлғаларға мал азығын дайындауға ауылдық әкімшілік жерлері мен босалқы жерлерден жер ұсынылып, шөп шабуға мүмкіндік берілуде және шаруашылықтар өздерінің шабындық жерлерінен және әр округте шөп дайындайтын бригадалар құрылып, шөп шабуда. Аудан және барлық ауылдық округтерге мал санына қарай мал азығын дайындау көлемі белгіленді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша екпінді екі айлық мал азығын дайындау науқаны, дайындалған шөпті қыстақтарға және орталық басына ұйымшылдықпен тасу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан экономикасының негізгі басты саласы – ауыл шаруашылығы. Шаруашылықтың бұл түрімен 110 ауыл шаруашылығы құрылымдары айналысады, оның ішінде 87 шаруа қожалдығы және 23 жауапкершілігі шектеуі серіктестік.

Ауылшаруашылық машина паркін жаңартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 14 трактор, 16 комбайн, 8 ауыл шаурашылық техникасы сатып алдынды. Ал, мал шаруашылығы саласында 85 шаруашылық жұмыс істеуде (12 ЖШС, 73 шаруа және жеке кәсіпкер).
Қарабатыр ауылдық округінде «Қарабатыр» Агрофирмасында мал азығын дайындау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Оның сыртында осы елдімекенге қарасты «Тамерлан», «Муслим» шаруа қожалықтарында шөп тасу науқаны қауырт жүріп жатыр.

Қарабатыр ауылдық округінің әкімі Аманжол Хабылханның айтуынша, қысқа әзірлік жұмыстары ерте бастан басталған.

-Биыл мал азығының тоннасы 20-21 мың теңге аралығында бағаланған. Ауылдағы «Қарабатыр» Агрофирмасы жергілікті тұрғындарға арзан бағамен сатады. Жалпы шөптің тоннасы былтырғыға қарағанда арзан, – дейді ауыл әкімі.

Орақ науқаны басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны – қауіпсіздік. Соған орай, биыл дала өртінің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, техникалардың жай-күйін білу мақсатында ауданда арнайы топ құрылды. Аталмыш топ мүшелері ауылдық округтердегі шабындыққа шығатын техникаларды байқау өткізу үшін ауылдарды аралап қайтты.

Тракторшыларға өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүру жөнінде қатаң ескертіліп, болмаған жағдайда шара қолданылатыны жөнінде қатаң ескертілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0