Ауласы гүлге оранған

Ауылдықтарды ынталандыру үшін «Үздік аула» бастамасы қолға алынды

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» ұраны аясында тұрғын үйлері аясындағы аулалар тазалануда. «Үздік аула» акциясы барлық ауылдарда да өтуде. Бұл бастамаға ауыл тұрғындары аула аумақтарын тазалауға шығады. Бұзылған үйлер сүріліп, орны тазаланады.

Науырзым ауданының Қожа ауылында да ауылішілік көшелер мен өз аулаларын тартымды етуге ұмтылғандар аз емес. Бәрі де қолдан келгенше сенбілікке үлес қосып, өз аулаларын да тазалап жатыр. Ауыл әкімі пысық әрі таза тұрғындарды көпке үлгі ету үшін ауылдықтардың арасында «Таза аула» бастамасын қолға алыпты. Оған ауылдықтар да қуанышты. Осындай жұмыстардың арқасында көше бойы тазарып, көркейіп, үгіт-насихаттық жұмыстар жүргізіліп, елдің ажары айшықтала түскен. Елді мекендердің көркейіп, гүлденуі үшін көше бойын, сондай-ақ есік алдын таза ұстауға бейімделеді. Тұрғылықты жердің көрікті болуына әркімнің жауапкершілігі артқан.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылда тазалау және санитарлық тазалау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ауылдықтар сенбіліктерге, таза бейсенбіге қатысады. Өйткені, тазалық пен тәртіп әрқайсымызға байланысты. Тазалық әр ауладан, әр адамның өзінен басталады. Әр көшенің тұрғындары абаттандыруға өз үлесін қосуда. Ауылымызда үлгілі аулалар көп. Тұрғындарды, әсіресе жастарды сенбіліктерге қатысуға және «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырамын. Ауылдың тазалығы біздің қолымызда. Таза аула өзімізден басталады деп ауласы гүлге оранған бірнеше үйлерді бақылап жүріп, оларды марапаттап, қошеметтеймін, ынталандырамын, – дейді
ауыл әкімі Айгүл Әлімғазықызы.

Үлгілі аула иесі атанған жанның бірі көпбалалы ана, алтын алқа иегері Әлия Байдалина. Ол өз ауласын таза ұстап, гүл өсірумен айналысады. Үйде отырып, бала тәрбиесіне қарап, айналасын тап-тұйнақтай етіп қояды. Осындай еңбекқор жандардың арқасында жылдан-жылға ауыл іші жаңа сипатқа ие болуда. Өз ауласының санитарлық тазалығына өте ұқыпты. Ол ауланың жасыл желекке айналуына ерекше көңіл бөледі. Жаздың жайма шуақ кезеңінде есік алдын гүлдендіріп, гүлдің түр-түрін өсіргенді жақсы көреді. Ауланы таза ұстап, қора жайын да күнделікті тазартып отырады. Жалпы тазалыққа тиянақты екенін кірген бойда сезесің. Келген адамның көңілі марқайып қалады.

– Өміріміздің көбі үйде, үй маңында өтеді. Балалар да аулада ойнайды. Келген кісі де бірден үйдің қандай екенін осы жерден бағамдайды ғой. Әркім тазалық сақтауды өзінен, өзінің ауласынан бастаса, қоғамға пайдасын тигізеді. Көше мәдениеті де дұрыс қалыптасып, өлкеміздің өркениеті дами түседі. Негізі «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, есік алдына қарап адамның қандай екенін білуге болады. Қолымнан келгенше гүлдің небір түрін өсіре беремін. Тұқымын алып, баптаймын, – дейді Әлия.

Биыл Президенттің бастамасынан соң ауылдарда абаттандырылған аулалардың қатары көбейген. Олар бұрыннан болды. Бірақ оларға қарап бойтүзейтіндер көбейді. Бұл, әрине, жыл сайын өткізіліп келе жатқан осындай игі шаралардың нәтижесі. Мұндай байқаулар ауылдың тыныс-тіршілігін нығайтуға, санитарлық тазалығын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені әрбір тұрғын тұрғылықты жерін, көшесін таза ұстаса, айналасы да гүлденіп, көркейе түспек.

Ай ӘБДІЛДА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31