Қарабатыр ауылының бүгінгі тіршілігі қандай?

Бұл жолы мақаламыздың арқауы – Қарабатыр ауылына арналмақ. Кезінде талай рет жан-жақты жетістіктерімен даңқы шыққан ауылдың бүгінгі көрінісі көңіл қуантады. Көші-қон тұрақты. Қазір бұл ауылда 763 тұрғын бар. Тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау заманында еліміздің ауыл шаруашылық саласының үздігі, білікті басшы Жәзит Құдайқұлов көтеріп кеткен «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС егінін егіп, малын өсіріп отыр. 

Көші-қон тұрақты
– Кезіндегі 16 совхоздың ішіндегі 4-5 ауылдың бірі қалса, соның бірі – Қарабатыр. Тұрғындар да, кейбір әлеуметтік нысандары сол қалпында сақталып, совхоз күйінде қалған. Жергілікті халыққа жайлы тұрмыс кешуге барлық жағдай бар. ФАП, балабақша, мәдениет үйі, мешіт, наубайхана жұмыс істеп тұр. Мектебімізде бала саны жеткілікті. Қазір 175 бала білім алуда, – дейді Қарабатыр ауылының әкімі Берік Оспанов.
Соңғы екі жылдың ішінде басқа облыстан, жақын аудандардан, тіпті Моңғолия елінен көшіп келушілер қатары артқан. Екі жылдың ішінде Моңғолиядан 9 отбасы қоныс теуіпті. Қазір жергілікті серіктестікте жұмысқа кіріп, еңбек етуде. Көбіне зейнет жасқа шыққандар ғана ауылдан қалаға көшкен.
Екі жүзге жуық еңбек ететін серіктестіктің орташа жалақысы 192 мың теңге. Қарабатыр ауылында бұған дейін ауылдық мәдениет үйі, балалар алаңы мен жұмысшыларға арналған баспана берілген еді. Соңғы бес жылда серіктестік 148,5 млн теңге қайырымдылық жасады.
Ауыл тұрғындарының дерлігі Агрофирмада механизатор, көлік жүргізушісі, малшы, ауыл шаруашылығы маманы болып жұмыс істейді.
– Механизатор, көлік жүргізушісі, жұмысшы, дәнекерлеуші, токарь, электрші, ауыл шаруашылық мамандары ауадай қажет. Сонымен қатар, ауылдағы  әкімдікке бас маман, бухгалтер мамандарға қажеттілік бар. Мәселен, мәдениет үйіне мәдениет саласының маманы керек-ақ. Өйткені онда еңбек етіп жүргендердің дені зейнет жасында. Сондықтан ауылға әлі де жас мамандар қажет, – дейді ауыл әкімі.
Меморандум аясында ауылдағы балабақша, мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, үш көшеге 29 жарықдиодты шам орнатылды.
– Егіншілік жүйесінде төрт жолақты тұқым сепкіш қолданылды. Жыл сайын 100 млн теңгеден астам сомаға егістікті улы химикаттармен өңдейміз. Биылғы жылы 102 млн теңгеге сатып алынды. Өткен жылдары жалпы сомасы 143 млн теңгеден астам қаражатқа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Өсімдік шаруашылық саласында GPS құрылғысымен, отын шығыны дачиктерімен жабдықталған трактор сатып алу, тұқым енгізу, егіс көшенің қозғалысын автоматты басқару жүйелері, процестерді басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз ету қатарлы цифрландыру технологиялары енгізілген, – дейді «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов.
Қарабатыр ауылына су құбыры желілері алдағы уақытта ауыстырылмақ. Сол себепті биыл су құбырларын жөндеуге жобалық-құндық құжатнамалар әзірленуде. Бестөбе жер асты суларының кен орнына Адаев, Бестөбе, Қарабатыр ауылдарын тұщы сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілмек.
– Ауылда бәрі жақсы. Бұрындары да жаман болған жоқ. Ауыл шаруашылығы да, мал шаруашылығы да жылдан жылға дамып келеді. Қарабатырға механизатор мамандар қажет. Әсіресе, шаруаның жайын білетін ауыл шаруашылық мамандары керек. Адаев, Бестөбе ауылдарына газ тартылып жатқанын естіп жатырмыз, біздің ауылға да көгілдір отын тартылса екен, – дейді ауылдың қарт тұрғыны Ұзақбай Аманбаев.
Білім ошағы жаңарды
Қарабатыр жалпы білім беретін мектеп ғимараты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуде. Екі жылдық жоба аясында құрылыс жұмысы былтыр басталған, биыл аяқталуға таяу. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Ғимараттың қабырғасының қаланғанына биыл 56 жыл.
Өткен жылы Қарабатыр жалпы білім беретін мектебіне жалпы сомасы 453,6 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Алғашқы жылы білім ұясына 41 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, бұл қаржыға кіреберіс мен қасбетіне жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарымен «Торгстроймонтаж» ЖШС айналысты.
– Былтыр мектептің арт жағын темір қоршаумен қаптады және сырттағы түгел канализация құбырларын жүргізіп, әзірлеп кетті. Биылғы оқу жылы аяқталысымен ғимарат ішіне жөндеу жұмыстарымен қоса қасбетін де қаптады. Сондай-ақ, күрделі жөндеу кезінде ішкі жуынатын, дәретхана бөлмелері салу үшін арнайы кәріз шұңқырларын қазып дайындап кетті. Жөндеу жұмыстары мамыр айының басынан басталды. Бұл жұмыстарды жүргізуге «Ауыл – ел бесігі» жобасы жоспарында – жөндеуді аяқтауға тағы 411 млн теңге бөлінеді. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде, – дейді Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінің директоры Аманжол Хабылхан.
Жастардың қатары артып келеді
Ауыл халқы имандылыққа да тәп-тәуір бет бұрған. Менің бұл сөзімді ауылдық мешіттің имамы Ербол қажы да қуаттап отыр.
– Әрине, ауылымызда осыдан отыз жылдан астам бұрын алғашқылардың бірі болып мешіт салынды, дінге, руханиятқа бетбұрыс сол уақыттан қалыптасып қалған. Дегенмен, Қарабатыр елінде ораза ұстаушылардың саны жылдан-жылға артып келе жатыр. Оның ішінде жастарымыз өте көп. Соған қарағанда, бұл – дініміздің өркендеп, Исламды жастарымыз түсініп жатқанына өте қуаныштымыз. Сондықтан қасиетті Рамазан айында ораза тұтуды Алланың бұйрығы екенін орындайтындар санының еселенуі нұр үстіне нұр. Соны жастарымыздың түсініп жатқанына өз басым қуаныштымын. Мен келген жылы жасыратыны жоқ, Қарабатыр ауылында үш-төрт адам ғана ораза ұстадық, қазір тоғыз жылдың ішінде Аллаға шүкір, жетпістің үстінде ораза ұстап жатқан жан бар.
Жалпы мешітімізде Құдайға шүкір ауызашар, айт, Құрбан айт мейрамы өтеді. Оған тұрғындардың атсалысуы ерекше. Карантин кезінің өзінде мешітімізде ауызашар тоқтаған емес. Бұл Аллаға шүкір дейтін жағдай, сондықтан мың да бір тәубе! Осындай еліміздің, халқымыздың, соның ішінде жастарымыздың дінге деген көзқарасы ерекше болғанына біз шүкіршілік етуіміз керек. Асыл дінімізде: «Адам баласын біз жақсылыққа шақыру үшін тәрбиелейміз» деп айтылған. Ислам адамзатты жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін дін, – дейді Қарабатыр Жәми мешітінің имамы Ербол қажы Оспанов.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31