Қожалықтар «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосып, ауылды тазартты

 Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыстың барлық аудандарында көшелерді тазалау, қоқыс шығару, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, акцияға қатысушылар ескерткіштерді, гүлзарларды және басқа да орындарды абаттандырды. Ауқымды жобаның мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.

Акция аудан, қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де өтуде. Науырзым ауданының Қожа ауылы бұл бастаманы қолдай кетті. Себебі ауыл ішінде қыстан шыққан қоқыстар көп. Онымен қоса бұзылған үйлер де аз емес. Оның бәрі де ауыл көркін ашпайтыны белгілі.

–Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Ауылдың көркін ашып, таза ұстаймыз десек, әрине, үнемі тазалап отыруымыз қажет. Тазалық ауылымыздың басты мақтанышына айналса екен деймін. Сол себепті акцияға үлес қосайық деп қана емес, ауылды таза ұстайық деп, ауылдықтар әр сенбі сайын сенбілікке шығуды бастадық. Бұл ең бірінші өзіміз үшін қажет. Еңбек адамдарды жақындастырады ғой. Өзім тұратын, еңбек ететін ауылдың жақсаруына үлес қосу, бәрімізге де маңызды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акцияға жауапкершілігі жоғары барлық ауылдықтар атсалысты. Десе де әрбір ауыл тұрғыны өз үй-жайларының айналасын жинап, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы тазартып отырса, тазалықтың басы осындайдан басталары белгілі, – дейді ауыл әкімі Айгүл Әлімғазықызы.

Жалпы ауыл шағын әрі шалғай болғанына қарамастан өз тірліктерін өздері жасап

жатыр. Оның бәріне ұйытқы болып, шапқылайтын ауыл әкімі. Туған жері жанына ыстық. Ауылдың қазынасы ортаймай, жайқала түскенін қалайды. Сол себептен де республикалық эстафетаны қожалықтар да бір деммен жалғап кетті. Мекемелердің аумағы, бұзылған үйлердің орны тазаланып, көшеттер де егілді. Қыстан шыққан күл қоқыстар толығымен шығарылған. Мұның бәріне жергілікті «Әлімғазиев А» шаруа қожалығы көмектесіп, техника бөлген.

–Осы ауылда туып өстім. Ауылыма қызмет еткім келді деп аянбай еңбек етіп келе

жатқаныма қаншама жыл. Әу баста жұмысқа кіріскенде ауылдың тазалығына көңіл бөліп, бұзылған үйлерді сүруге кіріскен едім. Сол кездері әкімшілік деген аты болмаса қолымызда ештеңе болмады. Ауыл ыдыраған шақта бәрі бұзылды, жастар баратын бас қосатын жер болмады. Демеушілер іздеп, көмегіне жүгінеміз. Ананы істеп бер, мына істеп бер деп соның бәрін ұйымдастырамыз. Ауылда клуб аштық. Бұзылған үйді дұрыстап, демеушілерге салмақ салып, жөнге келтірдік. Одан кейін бұзылған үйдің ішін жөндеп мед пункт еттік. Ауылда кітапхана жоқ еді. Ол да ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұрынғы мектептің ғимараты апатты жағдайда еді. Кейін интернат болған ғимаратты дұрыстап, жаңартып мектепке айналдырдық. Бұрын әкімшілік те, мед пункт те, кітапханада да бәрі бір ғимаратта орналасқан еді. Қазір өз алдына бөлек-бөлек болып шықты. Ендігі жоспарымз ауылға кіреберіс жерден стадион ашу. Әзірге қоршауын жасап қойдық. Қазір демеуші іздеп жүрмін. Спорт дамысын, жастар бас қоссын деген мақсатым жүзеге асса екен деймін. Ал жалпылама алатын болсақ, барлық мерекелік шаралар, спорттық жарыстардан қалыс қалған емеспіз, – деп ауыл әкімі Қожаның жайы-күйімен таныстырды.

Ауылда тұрғындарға арналған жаттығу алаңы да жабдықталмақшы. Онымен қоса балалар ойнайтын алаңның қоршауларын дұрыстап, ойынайтын кешендер қойылмақ. Міне, сол кезде ауыл іші тептен ажарлана түседі.

Ай ӘБДІЛДА.

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 0